Басты Жаңалықтар Екібастұзда «Ертіс-Баян» театры ашылды

Екібастұзда «Ертіс-Баян» театры ашылды

Елімізде тағы бір театр ашылды. «Ертіс-Баян» деп аталады. Бұған дейін еңбекшілер қаласы деп танылған Екібастұз енді өнер мен мәдениеттің жаршысына айналмақ. 
Мұқағалидың «Қош, махаббат» мелодрамасы. Жарқын туынды жаңа театрдың шымылдырығын түрген алғашқы қойылым ретінде кездейсоқ таңдалмаған.
Бибіажар Дихан, қойылым режиссері:
«Қош, махаббат» жастардың кішкене ғана мейірімділіктен бақыт алуға болатындығын ұқтыру үшін, мейірімділіктің өзі үлкен әлемге бақыт сыйлай алатындығын түсіндіру үшін, мейірімділікпен әлемді мойындатуға, құтқаруға болатындығын түсіндіру үшін алдым.
Жаңа театр «Ертіс-Баян» деп аталады. Себебі, Екібастұз өңірдің атын шығарып тұрған қала. Еліміз бойынша көмірдің 60 пайызын, электр энергиясының 44 пайызын беріп отыр. Бұл дегеніміз Қазақстандағы әр үшінші жарық лампасы Екібастұзда өндірілетін қуат арқылы тұтанады. Ал бірер жылда Қазақстан ферроқорыту көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға табан тіремек. Көмірлі өңірде салынып жатқан кәсіпорындар іске қосылған соң қол жетер игілік бұл ғана емес, болашақта жаңа театрдың өз ғимараты болады, жаңа нысан бой көтереді.
Бағлан Есенбеков, «Ертіс-Баян» театрының актері:
Мәдениет пен өнер керек. Жаңадан театр ашылады дегеннен кейін жастар болып жаңа театрдың ашылуына көмектескен адамдар ретінде қалыптасқымыз келді.
Екібастұз іргелі мәдениет ордасының ашылуын ұзақ күтті. Тек мемлекет басшысының бұл жай моно қалалардың бірі емес, ерекше дамушы қала деп арнайы статус бергеннен кейін сең қозғалды. Алдымен «Самғау» деп аталатын балалардың шығармашылығын дамытуға арналған заманауи орталық ашылды. Бұл игілікті өнерге сусаған елдің рухы көтеріледі деп қабылдап отыр жергілікті тұрғындар.
Сайлау Байбосын, ақын, жазушы:
Екібастұзда 150 мыңдай халық бар. Халық ылғи шеттен гастрольмен келген театрларды тамашалап келген. Енді өздерінің орталарында театрлары бар. Бұл жерде біздің ұлттық өнеріміз кейіндеп қалды деп айтуға болмайды. Енді қазір орнын толтырып жатырмыз міне.
Әділ Ахметов, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері:
Бұл еліміздің дамуы мен мәдениетке деген көзқарастың оң екендігінің белгісі. Еліміз бойынша облыс орталықтары емес, кішігірім қалалаларда театр болуы бұл өте сирек.
Өндірісті қала-өнердің кеніші, руханияттың ордасы. Өнер ұжымы келешекте талғампаз көрермен үшін тың дүниелерді сахна төріне шығармақ.

Бөлісу