Басты Жаңалықтар Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздіктері марапатталды

Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздіктері марапатталды

Қазанның соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні. Ақтөбеде осы салада нәтижелі қызмет етіп жүрген азаматтарға «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Әлеуметтік - еңбек саласының үздігі», «Еңбек ардагері» және «Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі үшін» медальдары табысталды. Өңірде әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындарды қолдау және халықты жұмыспен қамту ісімен екі мыңнан астам маман айналысады.

Жаңыл Аймұхамбетова бұл салада 34 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған жанға қол ұшын созды. Білімі мен білігі толысып, кіші қызметкерден бөлім басшысына дейін көтерілді. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, бүгін мемлекеттік награда алды.

Жаңыл Аймұхамбетова, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Бұл марапат тек менің емес, әріптестерімнің, ұжымдастарымның марапаты деп сенемін. Сонау 1992 жылдары барлығын қағаз жүзінде орындап, қызмет көрсеткен болсақ, бүгінгі таңда 50-ден астам мемлекеттік қызметтер түгелдеу электронды түрде көрсетіледі.

Тек осы жылдың басынан бері 41 515 адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Бүгінгі салтанатты жиында өңір басшысы Асхат Шахаров ерен еңбегімен, жанкешті қызметімен танылған азаматтарға мемлекеттік наградалар және министрлік пен облыс әкімдігінің арнайы төсбелгілерін табыстады.

Қарлығаш Ермеққызы, №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәулік бойы қамтып отырмыз. 3 жастан 18 жасқа дейін. Әр маман өзінің қызметтік инструкция бойынша жұмыс істейді. Оның барлығы Еңбек министрлігімен бекітілген.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері, үздік әлеуметтік жоба» және «Еңбек жолы» республикалық байқауларының жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді. Өңірдегі алты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 3 миллион теңгеден берілді.

Бөлісу