Петропавлда қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорын көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорын көп

03.04.2016
Петропавлда қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорын көп
Соның бірі - құрғақ таңғы ас шығаратын зауыт.

Елдің теріскейдегі қақпасы - Солтүстік Қазақстан облысы - тоғыз жолдың торабында орналасқан қуатты өңірдің бірі. Әсіресе, аймақта өндіріс саласы қарқынды.

Петропавлдағы ірілі-ұсақты зауыттар тек ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерінің экспорттық үлесін де арттырып келеді. Былтыр облыста 15 индустриялды жоба жүзеге асты. Алдағы уақытта инвестиция көлемін арттыру үшін тағы бірнеше кәсіпорын салу жоспарланған.

Әсіресе, шетелдік компаниялармен әріптестік орнатып, оларға толық қуатта жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалуда. Тағы бір айта кетерлігі - жобалардың барлығы жан-жақты сараланып, елімізде баламасы жоқ, бірегей өндірістерді құруға басымдық берілген.

Өңірдегі кәсіпорындардың әлеуеті әлбетте қазақстандық брендті дамытуға бағытталған. Әрі Қазақстанда өндірілетін өнімдерге соңғы кездері көрші елдерден де сұраныс артқан.

Елбасы ұсынған индустриялдық бағдарлама ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін басты құжат. Бұл бағытта өндірісті әртараптандыру, экспорттық әлеуетті күшейту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Осы мақсатта ашылған Петропавлдағы «құрғақ таңғы ас» шығаратын зауыт толық қуатта жұмыс істеуге көшті. Кәсіпорын бір ауысымда бір тонна тауар шығарып, еліміздің барлық аймақтарына жөнелтеді. Енді Ресейдің көршілес өңірлеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Әмір Османов, өндірістік цех басшысы:
Біздің өнімдердің басты ерекшелігі - тұтынушыларымыз балалар болғандықтан, консерванттар қоспаймыз. Қазіргі күні құрғақ таңғы ас өндірісі бойынша жалғызбыз. Бастапқыда ресейлік кәсіпорындардың өнімдерін эталон ретінде қабылдайтынбыз. Қазір өнімнің дәмі мен сапасы бойынша көбінен оздық.

Құрғақ таңғы ас зауыты былтыр жалпы ұлттық телекөпір барысында іске қосылды. Жобалық құны 147,7 миллион теңгені құрайтын бірегей зауыт. Өндірістік қуаты жылына 430 тоннаны құрайды.

Ерекшелігі - Қазақстанда баламасы жоқ бірегей өндіріс ошағы. Кәсіпорын жүгері ұнынан балалар тағамының 25 түрін шығарады. Шетелдік қондырғылардың арқасында қол еңбегі жоқ деп айтуға болады.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Кәсіпорынның жұмысы толықтай автоматтандырылған. Мысалға, мына пеш кептіргіш деп аталады. Бұл жерде жартылай дайын өнім болып шығады да, конвеермен ары қарай кетеді. Ал мына қондырғыда дәмдеуіштер қосылады да, мұқият араластырып, дайын өнім болып, тұтынушыға жол тартады.


Қазіргі күні кәсіпорында 32 адам еңбек етеді. Солардың бірі - Жәния Серікова. Тұрақты жұмыс, мардымды жалақы алып отыр. Әрі жұмыс жағдайы да жақсы.

Жәния Серікова, жұмысшы:
Мына жұмысым өзіме ұнайды. Қаптау бағытында жұмыс істеймін. Жалақысы да жақсы, тазалығы да ұнайды. Бескөлден келіп істеймін, автобуспен әкеліп, алып кетеді.

Осыған дейін жүгері ұнынан жасалатын балалар тамағы алыс-жақын шетелдерден тасымалданып келген болатын. Енді бәсекеге қабілетті өнім өз нарығымыздан орын алып отыр. Бұл отандық өндірістің тынысын ашты. Әсіресе, осыған дейін Қазақстанда шығарылмаған тың кәсіпорындарға басымдық беріледі.

Солтүстік Қазақстан – аграрлы аймақ. Өңір экономикасының өзегі ауыл шаруашылығы болғандықтан, осы саланы дамытуға басымдық беріледі. Былтыр теріскейдегі орақ науқанына 9 мыңға тарта техника жұмылдырылды. Соның 6 мыңы қуатты комбайндар.

Шетелдік «Джондир мен Кейс», «Класстармен» бірге ораққа Солтүстік Қазақстанда құрастырылған 22 комбайн да қатысты. Отандық техниканың алғашқы легі сыннан сүрінбей өтті. Ылғалды, ой шұқыры мол Қазақстанның алқаптары үшін жасалған комбайндар да орақ науқанының көрігін қыздырды.

Сәбит Шәкенов, «Қазтехмаш» зауытының директоры:

Техника болғаннан кейін әртүрлі көзқарас бар. Сынбайтын техника болмайды. Біздің мақсат - қосалқы бөлшектерді дер уақытында жеткізу. Осының арқасында уақыт жоғалтпай астықты орып алу. Жалпы алғанда, біздің комбайндар туралы қалыптасқан көзқарас жаман емес.

«Бұл өткен жылдың басты жетістіктерінің бірі», дейді диқандар. Өйткені, өз астығымызды өз комбайнымызбен ордық деген мақтаныш сезім бар. Осының арқасында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жұмысы да біршама алға басты.

Өндіріс саласын дамыту арқылы өңір экономикасына жан бітіру. Бұл индустрияландыру бағдараламасын жүзеге асырудың басты мақсаты. Қазірдің өзінде бағдарламаға 20 шақты жоба енгізіліп, іске қосу тетіктері жіберілді. Ендігі мақсат - бұл кәсіпорындардың жұмысын жандандыру.

Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің орынбасары:
Әрі мына жаһандық дағдарыс бізге өз пайдасын тигізіп отыр. Бұрындары тек инвесторлар мұнай-газ саласына келсе, қазір сервистік қызмет, тамақ, ауыл шаруашылығына тартылуда. Бұл біз үшін тиімді.

Индустрияландарудың екінші бес жылдығында теріскейде құны 100 миллиард теңгеден асатын 60 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл өңірде мыңдаған жұмыс орнын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік маңызы бар жоспар.

Қазірдің өзінде ел экономикасына соны сипат енгізген бірегей кәсіпорындар қазақстандық тауардың бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп үлгерді.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу