Басты Жаңалықтар «Тараз - қолөнершілер қаласы»: ІV халықаралық фестиваль басталды

«Тараз - қолөнершілер қаласы»: ІV халықаралық фестиваль басталды

Бүгін Жамбыл облысының орталығында «Тараз - қолөнершілер қаласы» атты ІV халықаралық фестивальдің екінші күні басталды. Күні кеше "Көне Тараз" тарихи этно-мәдени кешенінде шымылдығын түрген шараға Қазақстаннан бөлек, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан 30-дан аса қолөнерші қатысып жатыр. Ұлттар достығы мен дәстүрі дәріптеліп жатқан мәдени шараға Данияр Әлімқұл барып келді.

Осылай облыс орталығындағы шарада дауылпаздың үні делебені қоздырып, қобыздың қылынан саулаған саз көпшілікті елітіп, көне заманға ертіп кеткендей болды. Рухты әндерден әдемі әсер алған ел ары қарай көрмеге кіріп, шеберлер қолынан шыққан түрлі бұйымдармен танысты. Қолөнершілер арасында Тәжікстаннан келген шебер болаттан жасалған бұйымдарын ала келген. 

Исроил Мирзиёев, қолөнер шебері /Тәжікстан/:
Жалпы, қолөнер әу баста тұрмыстық заттар мен ас үйге арналған жабдықтарды жасаудан басталған. Сондықтан мен сабы сиырдың және бұғының мүйізінен жасалған 100-ге жуық пышақ, қанжар мен қылыш ала келдім. Бұларды өз қолыммен жасап келе жатқаныма 35 жыл болды. Қазақстанның қонақжайлық танытып, қолымыздан шыққан дүниелерді сатылымға шығаруға мүмкіндік бергеніне алғыс айтамын.
Қонақтар қатарында Парламент Мәжілісінің депутаттары да болды. Ерлан Саиров басына тақия таңдаса, Абзал Құспан қалпаққа қызықты. Бірақ алған заттарының ақысын қонағын сыйлаған қазақпыз деп жамбылдық депутат Мұқаш Ескендіров төлеп берді.

Ал Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым қолөнерге құқықтық тұрғыда қолдау қажет дейді. Сондықтан бүгінде арнайы заң жобасын әзірлеп, креативті индустрияны дамытуға депутаттар тарапынан ден қойылып жатқанын айтты. 

Гүлдара Нұрым, Мәжіліс депутаты:
Қолөнершілер - кәсіпкер де емес, олар креативті индустрияға да жатпайды деп ойлаймын. Оларға арнайы заң керек. Оларға арнайы мәртебе керек. Оларға мемлекеттен үлкен қолдау қажет. Жеңілдетілген несилер, шеберхана ашатын ғимарат бойынша, шетелге экспортқа барарда да қолдау керек. 
Жалпы, фестивальді көруге мыңға жуық адам жиналды. Оларға отандық және алыс-жақын шетелдерден келген 33 шебердің 5 мыңнан астам бұйымы ұсынылды. 
Данияр Әлімқұл, тілші:
Ерлердің еуропалық үлгідегі бас киімі бар екенін білеміз. Соған ұқсас қалпақты қырғыз ағайын қой жүнінен жасап, ұлттық нақышта безендіріп сатып отыр. Ал өзбек қолөнершілері сазбалшықтан жасалған ыдыс-аяғымен ынтық қылды. Жалпы, көрмедегі бұйымдардан бауырлас елдердің болмысын көріп, түркі текті ұлттардың танымына терең бойладық.
Бүгін шеберлер қала халқы мен қонақтарына қолөнер бұйымдарын қалай жасау керектігін тегін үйретіп, шеберлік сағаттарын өтеді. Айта кетейік, Тараз қаласы 4 жыл бұрын еліміз бойынша ең бірінші болып дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне кірді. Бұл атадан балаға аманат болған ұлттық қолөнеріміздің әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді. 


Бөлісу