Алматыдағы қоғамдық көліктердің қозғалысына қатысты түйткіл қалай шешілмек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы қоғамдық көліктердің қозғалысына қатысты түйткіл қалай шешілмек?

08.11.2015
Алматыдағы қоғамдық көліктердің қозғалысына қатысты түйткіл қалай шешілмек?
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһардағы жолдардың құрылысын бақылады.

«Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді, Доғасын сымға сүйкеп, жол жөнейді». Сымға сүйкенген сол тұлпардың трамвай екенін танып отырсыздар. Осыдан тура 78 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1937 жылдың 7-ші қараша күні Алматыда трамвай вагондары іске қосылған.

Трамвай - әлемнің көптеген елдерінде бар көлік. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары трамвай шаруашылығы тұралап қалды. Сол кезеңде Алматыда бұл көлік түрі жүретін жолдың отыз шақырымы қысқарды.

Биыл да Алматыда трамвайға қатысты оқыс оқиға көбейді. Ақыры оның қозғалысына уақытша тыйым салынды. Трамвай қоғамдық көліктің бір түрі ғана. Жалпы, Алматы секілді алып шаһарда қоғамдық көлік жұмысын жақсарту үшін жолаушыларға оңтайлы жүйелер енгізілуде.

Қоғамдық көлік үшін «Оңай» деп аталатын электронды төлем картасы шықты. Бірақ, сол «оңайды» қолдан қиындатқысы келетіндер бар.
Трамвай салған әлек деп отырғанымыз міне. Бірінші жағдайда оннан астам көліктің астаң-кестеңін шығарған ауыр техника екінші рет 14 жеңіл машинаны соғып барып тоқтаған сәт мынау.

Екі жол-көлік оқиғасына қатысты қазір тексеру әлі жүріп жатыр. Ал, негізгі себеп не болуы мүмкін? Алматының даму бағдарламасы талқыланған жиында шаһар билігі осы сұраққа жауап берді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Басты мәселе – рельстер әбден ескірген. Қандай жаңа вагон қойсақ та, ол жарамайтын еді. Рельстің ені жеті жарым сантиметр болуы тиіс екен. Ал, бізде 5 сантиметр. Соңғы екі жағдай рельстен емес адам факторынан болуы да ғажап емес. Біз адам қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Сол үшін трамвайды уақытша тоқтаттық.

Рельстердің тозғанын аңғару қиын емес. Әкім жол жөнделгенімен қаланың беделі мен сәнін кетірмеу үшін бір-ақ трамвай жүруі мүмкін деді. Ал, депосы жабылып, мұражай экспонаттарының күйіне түскен трамвайдың жүргізушілері қайда бармақ?

Бақытбек Жетпісбаев, тролейбус паркі директорының міндетін атқарушы:

Ол жерде 34 жүргізуші болған. Сондықтан, ол кісілер жұмыссыз қалмайды. Жиналыс өткізіледі. Жүргізушілердің бәрін жұмысқа шақырдық. Ол кісілер келетін болды.

Осылайша, трамвай жүргізушілері троллейбус тізгіндейді. Алматы тұрғындарының қаперіне сала кетейік. Енді бұрынғы трамвай бағытымен нөмірі 112-ші автобус жүре бастайды. Алайда, бұл жаңалық кейбір жолаушылар үшін жайсыз болды.

Зипа Бөжеева, қала тұрғыны:

Тұрғындарға қиын болды трамвайды алып тастағаны. Көптеген адамдардың сүйікті көлігі, ыңғайлы көлігі трамвай. Менің тілейтінім, өзіміздің жаңа трамвайлар жүрсе. Күтеміз. Рельстерді жөндеп трамвайды жүргізетініне сенеміз.

Алматының трамваймен жиі қатынайтын тұрғындары алдағы уақытта Германияда жарамсыз болып қалған темір техника емес, жаңа көліктер әкелінсе деп тілейді. Ал автобустарымыздың жайына келер болсақ, бұл жерде техникалық бақылау күшті.

Автобус паркке кіргеннен шыққанға дейін толық тексеріледі. Отыз жылын көлік механигі саласына арнаған Шыңғысхан Мошханов таңғы төрттен кешкі тоғызға дейін осында. Техниканың жарамдылығына жауапты. Сондықтан, әрбір тетікке мән беруі тиіс.

Шыңғысхан Мошханов, механик:

Тапсырысты тіркейміз де ауысым басшысына береміз. Жөндеу жұмыстары болғанда өзіміз келіп тексеріп тұрамыз. Километраж бойынша пайдалану қызметі деген бар. Санап отырады спидометр барлығын.

Мирас Мұқаш, тілші:

Автобустар таңертең рейске шығар кезде толық тексеруден өтетінін айттық. Тіпті автобустың іші жуылған ба, жуылмаған ба соның өзі жіті қадағаланады. Бала кезімізде көбіміз осындай үлкен автобустардың жүргізушісі болуды армандайтынбыз. Бірақ, қазіргі жүргізушілердің жағдайы қандай оны білмейміз.

Оңай жұмыстың болмайтыны анық әрине. Бірақ, қоғамдық көлік тізгініндегі азаматтардың жүйкесі де темірдей берік болғаны дұрыс. Дулат Өмірбеков жаңағы трамвайдың бағыты бойынша жүре бастаған 112-ші маршруттың жүргізушісі.

Дулат Өмірбеков, №112 автобус жүргізушісі:
Қазіргі маршрут бізге мүлдем жүруге ыңғайсыз. Жол тар. Халық үйренбеген. Айғайласып отырамыз. Тіпті, әрбір аялдамасын білмейміз. Адам болмаған соң, пайда да аз. Соны біздің мойнымыздан ұстап қала ма деген ой біздікі.

Жүргізушілер жалақысы орындалған жоспарға сай беріледі. Сондықтан, жолаушы көп болса, жүргізушінің көңілі тоқ. Ал трамваймен жүріп үйреніп қалған қалалықтар автобусқа икемделе алмай жүр.

Әбдібек Мұхамеджанов, №2 автобус паркінің директоры:

Айлық жағынан ешқайсы ешқандай кемшілік көрмейді. Өйткені, бұл жаңа маршрут болғаннан кейін ең аз дегенде бір ай керек. Біз нақты тұрақты жалақысын төлейміз. Ол жағынан ешқандай қорқыныш болуы мүмкін емес.

Алматыда жол ақысы «Оңай» деп аталатын құрылғы арқылы қабылдана бастады. Тілі орысша құрылғы алдағы уақытта қазақшаланбақ. Өйткені, оған байланысты да қоғамда дау көп. Бәрі деп көпке топырақ шашпайық. Көлденең пайда тапқысы келетін кейбір жүргізуші сол «Оңайдың» бетін жапсырма қағазбен желімдеп оңай қаржыға қарық болғаны да бар.

Ал, тағы бір жүргізушілер аялдамаға да тоқтамай кететін жағдайлар кездескен. Өздерінен сұрасақ, аялдама деген белгі де, қалқиған сұлба да жоқ дейді. Бұл сұрақтың да жауабын әкім берді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

75 аялдама бүгінде халықаралық талапқа сай емес. Олар жанында дүңгіршектер тұрған аялдамалар. Ал 150 аялдаманың орны мүлдем бос тұр. Бұл жөнінде қала әкімшілігі біледі. Тендер өткізіліп жатыр. Мәселе шешілетін болады.

«Алматы-2020» даму бағдарламасының бір ерекшелігі - қаланың әрбір тұрғыны шаһардың өркендеуіне қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын бір ай ішінде білдіре алады. Сіз де қапы қалмаңыз. Қоғамдық көлікке қатысты толғандырып жүрген мәселеңіз болса, қала әкімінің ресми сайтына бір үңіліп қойыңыз.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу