Басты Жаңалықтар Шымкент қаласының тұрғындары Республика күнін тойлады

Шымкент қаласының тұрғындары Республика күнін тойлады


Шымкентте Республика күні ұлт рухын көтерген үлкен мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өткен мәдени бағдарламаларға белсене қатысты. Қолөнершілер мен баспа үйлері өз туындыларын таныстырып, жәрмеңке өткізді.

Таңсәріден-ақ шымкенттіктер Республика күнін атап өту үшін Астана алаңына жиналды. Ән мен күй қоса қалықтап, жиналған жұртқа ерекше көңіл күй сыйлады. 

Бауыржан Орынбасар, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:

Бұл жердегі жалпы мақсат - біздің халыққа, тұрғындарға, сонымен қатар қаламызға келген қонақтарға мәдениетімізді, өнерімізді, спортымызды барлық салт-дәстүрімізді көрсету, дәріптеу.

Мерекелік алаңда асық ату, арқан тарту және қазақ күресі сияқты ұлттық ойындар өткізіліп, жұрттың делебесін қоздырды.

Балаларға арналған арнайы бағдарлама аясында цирк әртістері өнер көрсетіп, кішкентай көрерменді шаттыққа бөледі.

Осылайша шара дәстүрлі ұлттық ойындар мен сахналық өнерді бір арнаға тоғыстырды.

Клара Шәдібекова, Шымкент қалалық өзбек драма театрының әртісі:

Еліміз тыныш, жұртымыз аман, аспанымыз әрқашан ашық болып, көк туымыз жоғарыда желбірей берсін! Барлықтарыңызға мереке құтты болсын!

Сапарбек Жақып, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының солисті:

Өздеріңіз көргендей халық өте көп. Бұл – республикалық деңгейдегі гала концерттердің бірі деп есептейміз. Сондықтан барша тұрғындарды шақырамыз. Осындай концерттерге келіңіздер, көріңіздер.

Республика күні орталық алаңға мыңдаған тұрғынды жинады. Халықты бір арнаға тоғыстырған мереке елдің бірлігін айшықтай түсті.


Бөлісу