Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша 4 құжат бекіді (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша 4 құжат бекіді (ВИДЕО)

18.10.2015
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша 4 құжат бекіді (ВИДЕО)

Қазақстанмен стратегиялық серіктес, экономикалық одақтас - Ресейдің Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, екі елдің ынтымақ мәселелері тағы бір мәрте пысықталды.

«Біз Еуразиялық экономикалық одақта өзара ықпалдасып отырмыз. Экономика, ғылым және гуманитарлық салалардағы жобалар табысты жүзеге асырылуда», деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, екіжақты қатынасқа бұл сапар қосымша серпін береріне сенім білдірді.

Қазақстан экономикасында Ресейдің 9 миллиард АҚШ долларынан аса инвестициялары бар. Қазақ мұнайының сыртқы нарыққа бағытталған негізгі көлемі Ресей арқылы өтеді.

Қазір жоғары технологиялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында бірлескен ірі жобалар бар. Таза пиғыл мен экономикалық пайдаға құрылған байланыстарды дамытуға екі жақ та мүдделі.

Бірақ әлем экономикасындағы дағдарыс, негізгі экспорттық тауарлар құнының арзандауы - Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттыққа да әсер еткені көрініп тұр. Көрсеткіштер көп төмендеп кеткен.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин мәртебелі алаңдарда, халықаралық жиындарда жиі жолығып тұрады. Бұл - екі ел басшысының биылдыққа 13-ші мәрте кездесуі.

Осы  жолғы сапардың сәні де, мәні де, жөні де бөлек. Мемлекеттік сапардың мәртебесіне сай Владимир Путинді Ақорда барлық жөн-жоралғымен қарсы алды. Салтанатты қарауыл сап түзеп, екі мемлекеттің Әнұраны кезек-кезек ойнады. Содан кейін келіссөздер.

Қазақстан мен Ресей  - әуелден әлеуетті әріптес, стратегиялық серіктес. Күрмеуі бар көп салада екі ел тізе қоса қимылдайды.

Мемлекет басшылары алдымен екіжақты қарым-қатынастың аяқ-алысын екеуара пысықтап алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путиннің мемлекеттік сапарына ілтипатын білдірсе, Ресей Президенті  қошеметке ризашылығын жеткізді. Ал, екеуара әңгіменің өзегі – жаһандық дағдарыс, валюталар тұрақсыздығы, халықаралық түйткілдер.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз уақыттың тығыздығына қарамастан, жиі кездесіп тұрамыз. Осы уақыт аралығында ортақ мәселелерге көзқарасымызды үнемі өзара үйлестіріп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін бірге шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және кеңейте түсуге септігін тигізетініне сенімдімін. Күрделі кезеңге қарамастан, былтыр құрылған Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде халықаралық аренада құрмет пен беделге ие бола отырып, өз аясын кеңейтіп келеді. Бізбен серіктестіке мүдделі тараптардың саны көбейіп отыр. Сондықтан біз дұрыс жолда келеміз деп есептеймін.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Маған Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама берудің керегі жоқ. Бұл - өзара сенімді серіктестік қана емес, барлық мағынасында одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан - біздің ірі сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі. Сіздің төл бастамаңыз - Еуразиялық экономикалық одақ қарыштап дамып, экономикаларымыздың тиімді дамуына жағдай жасап отыр. 

Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа 1 жылдан асты. Басында үш ел, кейін Армениямен 4-еу болды, таяуда Қырғыз мемлекетімен 5-ке толды.

«Экономикасын түзетуге ниетті көп ел экономикалық одаққа мүше болуға мүдделі», - деді Елбасы.

Әрине, бұл тұста Еуразиялық экономикалық одаққа  мүше елдер тең құқықтық жағдайда жұмыс істегені жөн. Және ұйым құрамындағы елдердің шенеуніктері мүше елдердің мүддесін ойлауы шарт.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін келіссөздер екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кең құрамда жалғасты. Тараптар екі елдің экономикалық қатынасын талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өзара сауда тауар айнылымы сәл төмендеді. Оған қандай факторлар әсер етіп отырғаны түсінікті. Бұл - уақытша құбылыс. Дүниежүзінде  экономика тұрақсыз кезде, саяси ауа райы сан құбылғанда  қалыпты дүние. Түйткілді шешу үшін бізге  ұлттық деңгейде және Еуразиялық экономикалық одақ аясында тез әрі тиімді шешімдер қабылдау қажет.

Қазақстан мен Ресей - қашаннан стратегиялық әріптес. Саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық байланыстар үзілген емес. Кедергі жоқ. 

2011 жылы екеуара тауарайналым 22 миллиард АҚШ долларынан асса, 2012 жылы 23 миллиард АҚШ доллары, ал 2013 жылы сауда-саттық көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Былтыр бәсеңдеген. 19 миллиард АҚШ долларындай.

Тауарайналымның 3-4 миллиард АҚШ долларына неліктен түскені түсінікті. Қазір әлемде жағдай күбірткедей ушығып тұр. Әрбір ел тығырықтан шығудың жолын өзінше іздеп әлек.

Қазақстан мұнай қоры бойынша жаһанда 12-ші орында, ал Ресей 6-шы. Яғни, екі елдің де негізгі арқа сүйері – энергоресурстар. Ал, олардың бағасы нарықта құбылып тұр.

Валюталар тұрақсыз, әлемде у-шу көп, көп елдің тынышы кеткен. Тізілген осы факторлар – Қазақстан мен Ресейдің сауда айналымына айтарлықтай әсерін тигізді. Бірақ, биыл көрсеткіш оңалуы керек.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Қазір әлем үшін күрделі кезең. Бірақ оған қарамастан, биыл  қаңтар-шілдесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауарайналымы рубльмен есептегенде 23 пайызға артты .Сонымен қатар, екіжақты инвестиция көлемі де жақсы.  Қазақстан экономикасына салынған ресейлік инвестицияның жиынтық көлемі 9 миллиард АҚШ долларынан  асып жығылады. Ал, Ресейдегі қазақстандық инвестиция көлемі, шамамен,  3 миллиард  АҚШ долларына кеңейтілген.

Екеуара тауарайналымның өсеріне күдік емес, үміт көп. Өйткені келіссөз нәтижесінде  4 құжат бекіді.

Соның маңыздысы – Каспий теңізінің түбін межелеу туралы келісім. Яғни, енді қос мемлекет мұнай мен газ кеніштерін бірігіп игереді.

Мұнда, шамамен, 100 миллион тонна мұнай қоры бар деген болжам бар. Жоба нақты қашан жүзеге асары әзірге белгісіз. Барлау жұмыстары жалғасып жатыр.

Негізі, терістіктегі көрші біз үшін  таптырмас транзиттік дәліз. Ресей арқылы біздің 20 миллион тонна «қара» алтын тасымалданады. Енді, екі ел, тиісінше, Ресейдің мұнайы мен газын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау мәселесін қарап жатыр.

Бұдан бөлек, келіссөздерде сауда, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сынды сан мәселе тыс қалмады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан арқылы транзит мәселесін қарастырып жатырмыз. Оның ішінде құбыр арқылы тасымалдау мүмкіндіктері қамтылған. Сонымен қатар, Каспий кен орындарын бірлесе игеру. Көмір өнеркәсібінде ынтымақтастық. Каспий теңізін бойлай, Парсы шығанағына бағытталған жаңа жол бойынша транзит мәселелері талқыланды. Мұнымен қоса, Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, инфрақұрылымдағы ынтымақтастық саласындағы өзге де жобалар жайында сөз қозғадық.

«Бір күнгі ұрыс, қырық күнгі ырысты қашырады». Дамимын десең, бейбіт бол.

Қазақстан-Ресей қарым-қатынасынан бөлек келіссөздерде қауіпсіздік мәселесі де қаралды. Президенттер Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа алаңдаулы.

Украинадағы ахуал да жақсы емес. Сирия да сөз болды. Ресейдің ұстанымы белгілі. Асадтың үкіметін қолдап, елдегі лаңкестікпен күресу.

Айтпақшы, қауіп исламнан емес, дінді жамылған теріс ағымдардан. Нұрсұлтан Назарбаев шынайы ислам мен терроризмнің ара-жігін ажырату үшін жаңа бастама көтерді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сирияда болып жатқан жағдай -  баршамыз үшін жалпы қатер, әсіресе Орталық Азия өңірі үшін. Осыған байланысты біз «Ислам лаңкестікке қарсы» атты форумды құру идеясын алға тартудамыз. Егер де бізді қолдаса, бұл істеп жатқан шараларды дұрыс түсіну үшін жұмыстың бағыты дұрыс болмақ.

Ал, Владимир Путин бірлікке бастайтын Елбасы бастамасын бірден қолдады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Парижде өткен «Нормандық төрттік» кездесуінің негізгі қорытындылары, сонымен қатар, Сириядағы ахуалдың өрбуі және біздің бұл елдегі лаңкестік белсенділікті жаншуға байланысты іс-қимылымыз туралы ақпарат бердік. Әрине, біз Қазақстан Президентінің барлық елдердің, ең алдымен, халқы ислам дінін ұстанатын елдердің лаңкестікпен күрестегі күш-жігерін біріктіру ұсынысын қолдаймыз.

Қос тараптың Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар салмақ ниеті бар. Сөйтіп, нарықта өндірістік кооперацияларды қалыптастыруды көздейді.

Қазір, жалпы, Қазақстан-Ресей бірлескен 5600 кәсіпорын бар. Алдағы уақытта вагон құрылысы өндірісі, тікұшақтар шығаратын зауыт пен Өскеменде көлік құрастыру кәсіпорны салынады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, қабылданған 4 құжаттың екіншісі - осы машина саласына қатысты.  «БИПЭК-АВТО» мен «АвтоВАЗ» арасында арнайы келісім қабылданды.

Және авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық да нығаяды. Үшінші келісімнің мәні осыған саяды.

Ал, төртінші құжат Ресейдің Домбаровский ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы. Бұл - қашаннан интеграциялық процестерді жүйелі жүргізіп отырған Қазақстан мен Ресейдің жақын уақытта атқаратын жоспары.

Сөйтіп, екі ел арасында интеграцияның жаңа белесі басталды. Алыс болашақта ынтымақтастыққа ынта арта береді. Ол күмәнсіз.

 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу