Мәскеуде ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті

10.05.2015
Мәскеуде ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті

Парадтың алдында Мәскеуде ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті. Оған Қазақстан Президенті де арнайы барды. ТМД-ға биыл Қазақстан төрағалық етеді. Төраға Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 70 жылдығымен Мәскеуге жиылған әріптестерін құттықтады.

Кездесу бейресми болғандықтан  түйткілді мәселелер көп  талқыланған жоқ. Сондай-ақ, Мәскеуге сапар кезінде Елбасы бірқатар мемлекет басшыларымен жеке-жеке кездесті.

Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа 1 жыл толды, ал жұмысын бастағалы 4 ай. Басында үшеу еді, кейін Армениямен 4 болды, енді Қырғыз мемлекетімен 5-ке толды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мүдделер теңдігі, прагматизм және кезеңділік қағидаттарына негізделген интеграциялық бірлестік біздің мемлекеттерімізді және экономикаларымызды әлемдік дағдарыстың күрделі жағдайында нығайтуға қабілетті екеніне сенімдімін. Ынтымақ - болашақта елдеріміздің байланысын нығайтып, Еуразиялық одақтың дамуына тың серпін берері анық.

Экономикалық одақпен экономикалық қатынас орнатқысы келетін ел аз емес қазір. Қытай, Түркия секілді озық елдер еркін сауда орнатуға мүдделі. Келіссөздер біртіндеп ілгерілеп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ЕАЭО пен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы бірінші келісімге қол қою жоспарланып отыр. Келісім жобасы қарастырылуда. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасымен серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасау жөніндегі келіссөздерді бастау мәселесі тұр. Түркия, Иран, Үндістан, Моңғолия, Әзірбайжан осы кезеңде әлеуетті серіктестер бола алар еді.

Экономикалық одақтың өз ішінде күрделі мәселелер әлі де аз емес. Ресей Президенті Владимир Путин валюта саясатындағы ынтымақты тағы бір мәрте көтерді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Бұл болашақтың ісі екенін біз жақсы түсінеміз және бұл істе ешкім алға озып кетпейді. Монетарлық саясаттың үйлесімді қызметі,  ең алдымен өзара іс-қимылдың белгілі бір деңгейге көтерілгенінен кейін барып экономикалық саладағы интеграциялық процестерге негізделуі керек. Бірақ, бұл мәселелерді қазірден бастап талқылай беруге болады.

Монетарлық саясаттағы бірлік әрине, дәл қазір қаржылық қысымда қалған Ресей үшін өте маңызды. Дегенмен, одақтың барлық мүшесі бұл мәселеде бірдей ойламайды. Экономикалық одақтың төрағалығы қазір Беларусь мемлекетінде.

Жиын қорытындысында Қырғыз елінің одаққа  мүше болуы туралы негізгі құжат бекіді. Енді оны бес мемлекеттің парламенттері ратификациялауы тиіс.   Екі күндік ресми сапармен Мәскеуге барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш салалары мен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді де қарастырды. Бұл сапар Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін шетелге алғашқы ресми сапары. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 15 жылдан астам уақыт бойы бірге жұмыс істеп келеміз, осы жылдары Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы нығайды. Біз Сізбен Одақтастық туралы шартқа қол қойдық, оның аясында көптеген мәселелер жүзеге асырылуда.

Біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Дағдарыс жағдайында елдеріміздің арасындағы тауар айналымы төмендегеніне қарамастан, ЕАЭО-ның болашағы зор деп есептеймін.

Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастары жасалған уағдаластықтарға сай дамып келеді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Бүгінде біздердің жасап жатқанымыздың, экономикалық одағымызды тереңдете түсу бағытындағы қосымша қадамдардың дені Сіздің еңбегіңіз. Сіздің Кеден одағын, ал сосын ЕАЭО-на құру туралы бастама көтеріп, сөйлеген кезіңіз менің жақсы есімде. Ең бастысы, Қазақстанның өз дамуымен де, интеграциялық үдерістердің өрістеуімен де байланыстының барлығы жүзеге асуда.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу