Биыл елімізде 17 миллион тонна астық жинау жоспарланып отыр. Оның 7 миллион тоннасын экспортқа шығару жоспарда бар. Мұнайдан бидай озды. Орташа бағасы 160 АҚШ доллары шамасында болмақ.
Бітік шыққан бидайды толық жинап алмасақ та, қазақ астығы сыртқы нарыққа сатыла бастады. Оның бір бөлігі экспортқа авто және теміржол арқылы шығарылса, енді бір бөлігі Ақтаудағы «Ақ бидай» теңіз терминалы арқылы жөнелтіледі.
Бұл бағытта астықты ірі көлемде сатып алушы ел - Иран. Қыркүйек айының өзінде бидай мен арпаның 30 мың тоннасы осы мемлекетке сатылған.
Терминал тарихында алғаш рет былтыр 682 мың тонна астық экспортталды. Болашақта астық терминалының жылдық өткізу мүмкіндігін 1 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Рафаиль Галямов, «Ақ бидай» терминалының басқарма төрағасы:
Қазан айының тапсырысын жеткізуді қолға алдық. Жыл соңына дейін жұмыс қыза түсетін түрі бар. Экспорт әлеуеті артып келеді. Жаңадан піскен астық келе бастады. 3-ші класты жұмсақ сұрыпты бидай сұранысқа ие.
Негізі, қазақ астығын алыс-жақын шетелдердің оннан астамы тұтынады. Бізден бидайды ең көп алатын - Ресей, Иран және Қытай.
Соңғы бес жылда Қазақстан сыртқа 30 миллион тоннадан астам астық сатқан. Осы арқылы әлемдегі ең ірі бидай эскпорттаушы елдердің ондығына кіріп отыр.
Қазақстанның бидай экспорты
2010 жылы – 5 миллион 492 000 тонна
2011 жылы – 3 миллион 494 000 тонна
2012 жылы – 7 миллион 862 000 тонна
2013 жылы – 5 миллион 391 000 тонна
2014 жылы – 9 миллион 300 000 тонна
Айдос ӘШІМҰЛЫ