Ақтөбе облысында мал ұрлығы тыйылар емес
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында мал ұрлығы өршіп тұр. Тек Көктау мен Көктөбе елді мекендерінің өзінен соңғы екі жылда 200 бас мал жоғалған. Осыдан үш апта бұрын шаруа қожалығының 40 сиыры бір күнде қолды болған. Тұрғындар полицияға арыз жазғанымен, нәтиже болмай тұр. Ұры ұстатпайды, мал табылмайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл жерге Ресей шекарасы тиіп тұр. Тұрғындардың айтуынша, мал арғы бетке өтіп кетсе, оны кері қайтару өз алдына үлкен мәселе. Алайда ең үлкен қауіп – ұры-қарыдан. Қазір біз тұрған шаруа қожалығының өзінен былтырдан бері 49 бас мал жоғалған.
Нұркелді Құлмұханбетов шаруа қожалығын үш жыл бұрын ашқан. Үй-мүлкін кепілге қойып, 200 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды. Жылына 28 миллион теңге несие төлейді. Алайда ол қарыз төлеуге емес, малды ұрыдан қалай сақтаймын деп бас қатырып жүргенін айтады. Өйткені екі жыл қатарынан ондаған малы қолды болған.
Нұркелді Құлмұханбетов, шаруа қожалығының жетекшісі:
40 бас сиыр жоғалтып отырмыз. Үшті күйлі жоқ. Іздемеген жеріміз қалған жоқ. 17-сі күні полицияға хабарластым, қасымызда жүрді, іздесті, ешқандай нәтиже болған жоқ. Ешқандай ілік жоқ іліп алатын. Жер жұтып кеткен сияқты.
Ауылдық округке қарасты шаруашылықтардың көбінен шығын бар. Олардың бірі 64 сиырынан айрылған. Ұрылар қарапайым ауыл тұрғындарын да зар қақсатып отырған көрінеді. Тіпті жайылып жүрген жылқыларын атып алып кеткен.
Сәндібек Ахметкереев, ауыл тұрғыны:
29 бас, бүкіл малым жоқ болып кетті бір түнде. Ауылдың қасынан жоғалып тұр ғой. Ешқандай хабар жоқ.
Айтуған Молдашин, ауыл тұрғыны:
Ауыл бойынша 200 бастай мал жоғалды. Ішінде жылқы да бар. Кейбіреуінікін атып кетті. Олар таба алмады. Ізсіз кетеді. Кім ұрлап жатқанын білмейміз енді. Жанымыз ашиды.
Ең қызығы осы уақытқа дейін жоғалған малдың біреуі де табылмаған. Полиция арызды қабылдап, жұрттың жоғын іздегенімен, еш нәтиже болар емес. Құқық қорғаушылар шекараның арғы бетіндегі ресейлік әріптестерімен де тізе қосып жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Мадияр Әкентай, аудандық Полиция бөлімі бастығының орынбасары:
Қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері әрі қарай жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар Хромтаумен шекаралар РФ әріптестерімізге бағыт-бағдар берілді. Олар да сол шекаралас аумақта іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шаруалар малымызды күндіз-түні қарап, көзден таса етпеуге тырысамыз дейді. Ұрылар соның өзінде ебін табатын көрінеді. Ақадал мал өсіріп отырған тұрғындар енді кімнен көмек күтерін білмей отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы