Басты Жаңалықтар «Интер» - «Қайрат» матчын «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді

«Интер» - «Қайрат» матчын «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді

Бүгін түнде Миланда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің төртінші матчы өтеді. Онда италиялық «Интер» клубы біздің «Қайратты» қабылдайды. Қос команданың дайындығы қалай? Сарапшылар не дейді? 

Бүгін түнде «Джузеппе Меацца» стадионында сенсация болуы мүмкін. Бірақ ол үшін «Интер» өте нашар ойын көрсетуі керек. Сарапшылар осылай деп, матчтың тағдырын тек миландықтардың ойынымен байланыстырып отыр. «Қайрат» та қарап қалмауға тырысар, бірақ қарсылас тізімінің төрінде, біз табалдырықтан сығалап тұрмыз. Ал Уразбахтин алдағы ойынды мүмкіндікке балап отыр.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:

Қазақстанда чемпиондықты дәлелдедік, енді емін-еркін дайындалып жатырмыз. Қарсыласымыздың қаншалықты мықты екенін түсінеміз, бірақ бұл өзімізді көрсетуге және деңгейімізді сынауға тамаша мүмкіндік.

Матч қарсаңында интерлік жанкүйерлер қазақша ән тыңдап жатыр. Кеше клубтың инстаграмдағы ресми парақшасында бейнеқордан үзінді салынып, мына әнмен әрленіпті.

Шетелдік клубтар әлеуметтік желідегі қазақ аудиториясының белсенді екенін біліп отыр. Сол тетікті тиімді пайдаланды. Хош, «Интердің» әндететін реті бар. Негізгі раундта бірде-бір гол жібермей, үш ойында жеңіске жетті. Соның өзінде тоқмейілсіп жатқан жоқ.

Кристиан Киву, «Интер» ФК бас бапкері:

Бұл - чемпиондар лигасы, сондықтан бұл матчқа да басқа ойындар сияқты барынша байыппен және бар күшімізді салып дайындалу керек. Біз өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсетуіміз керек.

«Интер» былтыр чемпионар лигасының финалында ойнаған клуб. Биыл да фавориттердің бірі. Сондықтан «Қайрат» үшін бұл да тарихи матч. 

Олжас Байбосын, спорт комментаторы:

«Интер» - «Қайрат» ойынының алдында қазір қалада қазақтардың өте көп екені байқалады, бұл негізі қуантады. Атмосфера жайлы айтатын болсақ, жаңа бір жанкүйерді көріп қалдық, билет таппай жүрген жайы бар екен. Соған қарағанда солд-аут болайын деп тұр. «Джузеппе Меацца» чемпиондар лигасында солд-ауттың болары анық.

Матч бүгін «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде сағат 00:50-де басталады. Оны жүргізетін комментаторлар - Марғұлан Жақып пен Фархат Қаналы.

Фархат Қаналы, спорт комментаторы:

Бүгін осы матчты жүргіземіз. Осы матч «Qazaqstan» Ұлттық арнасында көрермен назарына ұсынылады. Дайындық жұмыстарымыз жақсы. Соңғы ақпараттарды зерделеп, халыққа қызықты ақпарат беруге тырысамыз.

«Қайраттың» турнирлік кестедегі көрсеткіші тым төмен екені рас. Бірақ осындай матчтар әр спортшымыздың өзін көрсетуге болатын сирек мүмкіндік. Өйткені Еуропа қарап тұр.


Бөлісу