Жангелдин ауданында мал қырыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жангелдин ауданында мал қырыла бастады

07.06.2015
Жангелдин ауданында мал қырыла бастады

Қостанай облысының Жангелдин ауданында мал қырыла бастады. Бейресми дерек бойынша, соңғы жарты айда 100-ге жуық ірі қара өлген. Ауданның Албарбөгет, Аралбай, Көкалат, Қарақоға, Милісай ауылдарындағы шаруа қожалықтарының басшылары мал өлімі болғанын растайды.

Бірақ,  жергілікті билік бұл ақпаратты білгенімен, ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бүгін телефон арқылы хабарласқан «Apta.kz» тілшісіне ауданның  ветеринары облыста комиссия құрылып, тексеріс болғанын, небәрі 24 малдың өлгенін анықтадық, деп кесіп айтты.

Жангелдин ауданында бірнеше ірі шаруа қожалығы бар. Мынау сол ферманың малы жайылатын жерлер. Белгісіз дерттен қырылған киіктердің өлексесі де осыдан 10-15 шақырым жерге көмілген. Шаруа қожалығының иелері киікке келген кесел малға да жетті ме, деп қауіптеніп отыр.

Көңіліне осындай күмән кіргендердің бірі – Көлқамыс ауылындағы қожалықтың жетекшісі Манат Кәрбозов. Оның шаруашылығында 600-ден астам сиыр, 400 жылқы, 1000 қой-ешкі бар. Қытымыр қыстан аман шыққан малы төтеннен келген кеселден едәуір шығынға ұшыратты.

Манат Кәрбозов, шаруа қожалығының жетекшісі:

41 ірі қара өлді. Оның дені бұзау, қашар, тайынша. Ішінде ірі сиырлар да бар. Одан кейін жылқы өле бастады.

Шаруалардың айтуынша, ірі қараның да, жылқының да алдымен басы, аяғы ісінеді. Сосын көп ұзамай өледі. Өрісте жүріп құлаған малдардың өлекселері жайылымдарда көмілмей шашылып жатыр.

Оразалы Бөлебаев, шаруа:

10 күннің ішінде 12 ірі қарам өлді. Кешке қамағанда сау мал, таңертең ауырып тұрады. Кешке өледі. Ветеринарларға хабарладық. Кешігіңкіреп келді, әзірге нақты белгісін айта алмай тұр.

Аудан басшылары әзірге «мал жаппай қырылып жатыр деп дабыра қылуға негіз жоқ», дейді.  Соңғы екі күн  облыстан құрылған комиссия ауылға барып, малға вакцинация жасауда.  Әзірге, малға да «пастереллез» дерті деген диагноз қойылып, екпе жасалып жатыр. Малдан алынған сынама қорытындысы екі аптадан кейін дайын болады.

Шота Оспанов, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары:

28-не жіберген сынамалардың қорытындысын екі аптадан соң облыстық  зертхана бізге жібереді. Соны алған соң тиісті шаралар қолданамыз. 

Белгісіз дерттің ошағына айналған Көлқамыс ауылы облыс орталығынан 700 шақырым қашықта. Шалғайда орналасқан, егін өспейтін өлкедегі жұрттың  негізгі күнкөріс көзі төрт түлік қана. Соңғы күндері мал өлімі тоқтаған.

Бірақ, шаруа қожалығының басшысы Манат Кәрбозовтың айтуынша, ауырып тұрған малдар әлі де бар. Ал, аудан ветеринары телефон арқылы  небәрі 24 бас мал шығын болғанын айтты.  Басқа өлексе көрмедік, сондықтан, 100 малдың шығыны деген ақпаратты растамайтынын және айтты.

Бұл ауылдардың маңында өлексе көметін арнайы орындар жоқ. Сондықтан, өлген малды арнайы  шыққан комиссия тексергенше, тоңазытқышта сақтаймыз ба, деп кейиді тұрғындар. «Малым – жанымның садағасы», дейтін ауыл жұрты белгісіз дерт енді адамға жұқпасын, деп қауіптеніп отыр.

Айнұр ОМАР

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу