Павлодар облысында шыбын-шіркейден үй жануарлары қырыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шыбын-шіркейден үй жануарлары қырыла бастады

02.06.2021

Павлодар облысында шыбын-шіркейден үй жануарлары қырыла бастады. Қаладан қол созым жердегі Павлодарское ауылында мал жайылымға шықпай, қорада қаңтарулы тұр. Жүздеген балапан мен бірнеше қазды оған қоса оншақты итті шіркей талап өлтірген. Қансорғыштардан мезі болған қалалақытардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Тілшіміз тарқатады.

Борисенколар отбасы үшінші күн қатарынан өлген балапандарды санап, жағып жатыр. Шығын бастан асады. Қаздың балапанын 1200 теңгеден, ал, тауықты 600 теңгеден Ресейден алдыртқан едік- дейді. Осы кәсіптің арқасында отбасы 4 баланы асырап келген. Оның екеуі мүгедек. Биыл енді оларға қыстан шығу қиынға түсетін түрі бар.

Александра Борисенко,    Павлодарское ауылының тұрғыны:
Соңғы тәулікте ғана 100-ден аса балапанды маса мен шіркей талап өлтірді. Одан бөлек 5 бірдей қаз өліпті. Күзде сатып көмір, балаларға киім-кешек алатын едік. Жейтін тамағымызда осы ғой. Бәрінен айырылдық.

Соңғы екі күнде ауылдағы мал өріске шықпайтын болған. Уй жануарларының қырыла бастағаны жайлы ақпарат қалалық әкімшілікке хабарланды.

Игорь Рыбас,     қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
4 мәрте дезинфекциялау жұмыстарын жүргіздік. Норма бойынша 1 текше метр суға 10 литр препарат араластыруымыз керек. Бірақ біз қазір 50 пайызға дейін арттырдық. Нәтижесі болуы тиіс.

Биыл шыбын-шіркеймен күреске облыс 600 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Зиянкестерді үш аптадан бері улап жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Ал, Павлодардың өзінде жұрт далаға шығудан қалды. Әсіресе, балалар зардап шегуде.

 Өмірзақ Қайыргелдин,    облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
Мамырдың 17- і мен 31 аралығында масаға таланған 60-тан аса бала дәрігер көмегіне жүгінді. Аяқ-қолы домбығып, ісіп кеткен бір жеткіншекті ауруханаға жатқыздық. Әрине, келгендерге медициналық көмек көрсетіледі. Бірақ балалардын далаға шықпағаны, әсіресе кешкі уақытта үйде отырғандары дұрыс. Маса мен шіркейдің шаққаны аллергия тудырады.

Биыл күн күрт ысығандықтан шыбын шіркей әдеттегіден көбейіп кетті дейді мамандар. Маусымның 10-нан кейін инелік шығып, қансорғыштар сәл азаюы тиіс. Сол кезде шыбынның талауына түскен мал да жанда байыз таппақ.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу