Атыраудағы пилоттық негізде салынған кәсіби-техникалық колледжде барлық сабақ ағылшын тілінде жүреді
Біздің колледждердің деңгейі қалай? Әдетте, арнаулы орта білімі бар колледж түлегін жұмысқа ешкім алмайды, өйткені, жоғары оқу орнын тәмамдады деген қағазы болмайды, әрі тәжірибесі жоқ жас маманға еңбек нарығында сұраныс та жоқ.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Қазір бізде тиімді кәсіби-техникалық білім беруді қалыптастыру мәселесі шешілуде. Жақын арада кемінде 2 әлемдік деңгейлі колледждер құруымыз керек. Біз бұл істі бастадық», - деген болатын.
Пилоттық негізде салынып, шәкірт тәрбиелеп жатқан осындай жоғары кәсіби техникалық колледж алғаш рет Атырауда ашылған болатын.
Айнұр Омар, тілші:
Мұнайлы астана - Атырау үшін кәсіби мамандар мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Әрі жыл сайын мұнай-кен орындары ашылып жатқандықтан, маман тапшылығы бұл өңірде жиі кезедесетін проблемалардың бірі.
Ал, бұл білім мекемесінің басты мақсаты – инновацияны игеруге бейім, ағылшын тіліне жетік, әрі кез келген мұнай компаниясы қойған талаптарға жауап бере алатын студенттерді әзірлеп дайындау.
Колледж 2013 жылы алғашқы шәкірттерін қабылдады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта қазір 600 бала мұнай мен газды өндіру технологиясы, бақылау-өлшеу приборлары мен автоматизацияның технологиясы, кен орнын пайдалану сияқты Атырау өңірі үшін аса қажет мамандықты игеріп жатыр. Жоғары техникалық мектептің өзге білім мекемесінен ерекшелігі – барлық сабақ ағылшын тілінде жүреді.
Физика пәнінен сабақ түсіндіріп тұрған мұғалім – Бақытжан Мұрынов. Ұстаз болуға әлі ерте, бұл мектептің талабы бойынша ол әзірге ассистент. Қазір канадалық мұғалімдер дәріс береді. Келісімшарт мерзімі аяқталғанша, шетелдік мамандар Бақытжан сияқты жас мұғалімдерді өз орнына дайындап кетуі керек.
Бақытжан Мұрынов, физика пәнінің ассистенті:
Бір жақсы жері шетелде тәжірибеден өткен мамандар сабақ беретіндіктен, әр инструктордың өзіндік тәжірибесі бар. Өйткені, Канаданың «Сайт политтехник» институтының инструкциясы бойынша міндетті түрде өндірісте тәжірибесі болу керек. Канадалық инструкторлар сабақ бергендіктен, балалардың қызығушылығы өте жоғары. Әр инструктор тәжірибесімен бөлісе отырып сабақ береді.
Партасына бір-бір пойызды қондырып, әрі-бері зырылдатқан студенттер бір қарағанда ойнап отырғандай көрінеді. Бірақ, сабақ осы. Әрі бүгін танысып отырған құрылғысы ертең өндірістегі негізгі жұмысына айналмақ. Технология тілі баяғыдан ағылшынға көшкен. Сондықтан, оқу бағдарламасы тек ағылшын тілінде.
Катерина Руденко, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
Физика, химия барлығы ағылшын тілінде жүреді. Студенттер алдымен тілді толық меңгеруі керек. Тіл білмесе, негізгі пәндеріне қатыстырылмайды. Ал мектепте оқыған ағылшыншасы жақсы болса, бала бірден негізгі пәндеріне кіріседі. Біздің өзге колледждерден ерекшелігіміз - балалардың бәрін бірге топтастырып оқытпаймыз. Тіл білу деңгейіне қарай оқи береді.
Бұл колледж студенті – Нұрсая. Әдетте, жалпыға ортақ түсінікте жоғары оқу орнын бітірген студент колледжге бармайды. Нұрсая ағылшын тілі мұғалімі бола тұра, биыл колледж студенті атанды.
Нұрсая Әбенова, студент:
Жоғары оқу болғанымен де мен оған қосымша техникалық білім алғым келді. Оны әрине, тәжірибелері мол, канадалық мұғалімдерден дәріс алғым келді. Сондықтан, біздің Атырау мұнайдың астанасы болғандықтан, ары қарай мұнай бағытында оқуымды жалғастыруды жөн көрдім.
Жалпы Еуропа, Америка Құрама Штаттарында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жақсы дамыған. Германияда да осы модульдік жүйе бойынша оқытылады. Ал қазақстандық бұл білім жүйесі сингапурлық модельге негізделген. Колледжде оқу мен тәжірибе қатар жүреді. Өйткені, ірі инвесторлар дипломы болғанымен тәжірибесіз қызметкерді жұмысқа алуға мүдделі емес.
Ермек Күзенбаев, «APEC Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» ЖШС директоры:
Біздегі барлық мұнай және газ саласындағы компаниялар өндірістің өте қауіптілігіне байланысты студенттерді өндіріске жіберуге тәуекелге көбісі бара бермейді. Дегенмен де, бұл бағытта біз жұмыс жасап жатырмыз. Бізде шеберханаларымыз барлық тиісті деңгейдегі жабдықтармен жабдықталған. Бұл студенттердің тәжірибелік білімін дамытуға мүмкіндік береді.
Айнұр Омар, тілші:
Бұл жерде мұнай компаниясына қажет кез келген құрылғыны тексеруге болады. Біз оқу орнында емес, кәдімгі мұнай өндіретін жердің зертханасында отырғандаймыз. Студенттер үшін бұл жер әрі оқу, әрі тәжірибе, әрі болашақ жұмысына төселуге үлкен мүмкіндік беретін жер.
Шарафат Есіркенов, оқыту-өндіру шебері:
Электрлік приборды үлкен панельмен байланыстырып, тоқ өткізгіштігін тексеріп отырмыз. Өндірісте, жалпы электрлік жүйеде сымдарды бір-бірімен тексеру үшін, олардың тоқ күшін тексеруге қажет болады.
Қай бөлмеге бас сұқсаңыз да, шұқшиып жұмыс істеп отырған шәкірттер. Құрал-жабдықтардың бәрі Австрия, Италиядан әкелінген. Ал, мына дәнекерлегіш құрал Атырауды қойып, әлі Қазақстанда жоқ, дейді.
Мұнай-газ саласында дәнекерлеушілер тапшы. Оның да қиындығы көп, есесіне табысы жақсы. Студенттер үшін оқу барысына қарағанда тәжірибе жасау әлдеқайда қызық.
Абылайхан Әбенов, студент:
Ең басында жұмысқа кірген кезде кеңседе немесе басқа жерде отырғаннан гөрі менің таңдауым осы мұнай саласы болды. Мұнай қай жерден шығады, оны қайдан табады, қалай өндіреді, содан бастап. Соңынан, саты бойынша көтеріліп кеңсеге де жетеміз.
Жастардың арманы асқақ, амбициясы зор. Ертеңгі күні мамандығы бойынша жақсы жұмыс табатынына сенеді.
Ермек Күзенбаев, «APEC Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» ЖШС директоры:
Біз бітірген студенттерге халықаралық деңгейдегі сертификат немесе диплом береміз. Ол әлемнің кез келген жерінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ағылшын тілін оқытып жатқанымыз, ағылшын тілі мұнай-газ саласындағы негізгі тіл.
Қазіргі таңда бізде 17 компаниямен келісімшарт жасалынған. Негізгі келісімшарт өндірістік тәжірибеден өтуге. Оның ішінде айта кететін болсақ, Қазақстандағы ірі компания «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», сонымен қатар «Теңізшевройл», НСиОСи» компаниясымен және «Шлюмбер» компаниясымен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Жуырда «НСиОСи» компаниясы келіп біздің студенттерді әңгімелесу жүргізіп біздің студенттердің арасынан бір 20-дан астам студентті таңдап алып, өндірістік тәжірибеден өтуге, одан әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп отыр.
Оқы, оқы және оқы. Тіпті мұндай оқу орнын колледж не мектеп деп айту қиын. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттер тегін тамақ ішеді, спорт залдары бар. Жатақханамен де қамтамасыз етеді. Өзге өңірден оқуға келген студенттер де баршылық.
Виктория Осипова – Өскеменнің қызы. Болашағын мұнай саласы қызметімен байланыстырады.
Виктория Осипова, студент:
Меніңше орта білім, жоғары білім деп бөлетін заман өтті. Болашақта жақсы жұмыс таба алатындай, сол жұмысты абыроймен атқаратындай білімің болса жеткілікті, деп ойлаймын.
Мен Қазақстанда емес, шетелде оқып жүргендей сезінемін өзімді. Өйткені, сапалы білім береді, әрі оқудағы басты критерий баға емес екенін түсінесің.
Қазір еңбек нарығын мигранттар толтырып жатқаны бәріне аян. Өз мамандарыз да бар, бірақ білімі мен біліктілігі шетелдік инвесторлар қоятын талапқа сай болмай қалады.
Айнұр Мұқанова, «Кәсіпқор» холдингінің департамент директоры:
Біздің колледжде оқып шыққан түлектер өндіріске келген кезде оларды тағы да оқытудың керегі жоқ. Олар сол өндірісте жұмыс істей береді.
Себебі, кейбір жас мамандар қазіргі заманауи құралдармен жұмыс жасауды білмейді, деп. Сол проблеманы шешу үшін, осы экономиканы дамыту үшін техникалық деңгейді көтеру үшін біз осы колледждерді құрып, осындай бағдарламаларды енгізіп жатырмыз.
Атыраудағы бұл колледж пилоттық жоба ретінде ашылған. Алдағы уақытта әр өңірдің өнеркәсіптік ерекшелігін ескере отырып тағы да бірнеше оқу орны жұмысын бастамақ.
Айнұр ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы