Отандық авиацияның жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық авиацияның жағдайы қалай?

17.05.2015
Отандық авиацияның жағдайы қалай?

Соңғы екі-үш жылдағы елдегі жайсыз жағдайлардан кейін ұшаққа мінуге жүрексініп жүрген жұрт кешегі аптада тағы қаймығып қалды. Алматыдан Өскеменге ұшып барған «SCAT» әуекомпаниясының ұшағы қону алаңында жолдың шетіне шығып кеткен.  

Әрине, апаттың бәрі аспанда болмас. Жерге қонып та барып, қайғылы жағдайға соқтырған оқиғалар көп. Бірақ, бұл жолы жолаушыларымыз дін аман. Оқиға себептері тексеріліп жатыр.

Үрейіміз қайдан сейілсін, соңғы екі-үш жылда 60 адамның ажалы аспан көлігінен келген. Қараңыз, азаттық алып, төл авиациямызды құрғалы бері біздің ұшақтар 12 рет құлапты. Көп күрмеуді алға тартуға болар.

Авиацияның жоқ-жітігін түгендеп жүрген сарапшылар әуе компанияларымыздың сыртқы түгілі, ішкі талапқа да жауап бере алмайтынын айтып жақтары талған. Тозған ұшақтар, тәжірибесі аз ұшқыштар, сапасыздық. Себепсіз кешігулер мен қызмет сапасының төмендігі де жолаушылар жүйкесін жұқартқан.

Оның үстіне көкте қалтасы қалыңдар ғана қалықтайтыны рас. Қалғаны темір жолды торуылдайды. Себебі, ұшу қымбат. Тізсек, мәселе жетеді.

Қала тұрғыны:

Бәріміз адамбыз ғой, ойламауға тырысамыз. Ұшақтың табаны жерге тигеннен барып, шүкір дейміз.

Билет бағасы қымбат.

Қала тұрғыны:

Арзан болса, қанеки. Үлкен кісілерге, балаларға осы қызмет түрі ыңғайлы.

Қауіпсіздікке алаңдайды.

Қала тұрғыны:

«SCAT»-тан көңіліміз қалды. Бір емес, бірнеше рет құлағаннан кейін. Біздің әуекомпаниямызға ең бастысы жолаушыларға қауіпсіздікті ұлғайтса, сол жетіспейді.

«Air Astana», «SCAT», «Bek Air», «Жетісу» және «Жезқазған эйр». Жолаушыларды ары-бері таситын осы 5 әуекомпания бар бізде. Біреуіне ғана Еуропаға жол ашық, қалғаны қара тізімге ілінгелі қашан?!

Бекен Сейдахметов, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

2019 жылы біздің ұшу қауіпсіздік дәрежеміз бүкіл  ICAO-ның стандарттарына 47 пайыз ғана келіп тұрған, сол ICAO-ның өткен жылғы тексеруі бойынша, біздің жетістігіміз 65 пайызды құрап тұр. Ол орташа 60 пайыз көлемін алады. Бірақ, ЕО мемлекеттерінде 78 пайызды құрайды. Біз жоспар құрып отырмыз. Ол бір күнде  істелетін шаруа емес, оған уақыт керек.

Қара тізімге қалай кірдік? Әуелі бізде кәсіби кадр аз. 17 мың азамат авиация саласында қызмет етеді. Бірақ, олардың бәрі ұшқыш емес. Тек 2000-дайы ғана аспанда қалықтай алады. Біз діттеген жерімізге жету үшін, әуеде өткізген аз ғана уақытта, аяғымыз ісіп, құлағымыз бітіп қалады.

Ал, ұшақтың біз кірмейтін кабинасындағы жағдай тіпті қиын. Ұшқыштар бір нүктеге жолаушыларды жеткізіп, сәлден соң тағы ұшады, тағы қонады, қайта ұшады, қайта қонады. Бір күнде бірнеше рейс. Мұның бәрі маман тапшылығынан.

Жалпы, Қазақстан ішінде 48 бағыт бар. Соның Алматы-Астана, Алматы-Атырау маршрутында 3 әуекомпания қызмет етеді. 14-де екі-ақ оператор. Қалғанының бәрі бір ғана тасымалдаушының мойнында.

Бұл – әрбір ұшқышқа түсетін ауыртпашылықтың көптігін көрсетеді. Бұған қоса, 2013 жылы қызмет еткен 70 компанияның 25-і ұшу қауіпсіздігі ережелеріне байланысты жабылып, 45-і қалды. Яғни, ұшақ азайды, маман қысқарды, ұшқыштардың саны кеміді.

Ал, жаңа компания ашу өте қиын. Ережелері қатаң, стандарттары жоғары. Халықаралық Азаматтық Авиация ұйымының рұқсатын алу керек. Ол үшін тағы да білікті маман, білгір басшы, бүгінгі бүтін техника қажет.

Бекен Сейдахметов, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

ICAO-да 191 мемлекет бар. 100 пайызға әлі ешқандай мемлекет келген жоқ. ICAO-ның қойған талаптары бар. Соны орындауымыз керек. Орындағаннан кейін тексеріске шақырамыз. Өткен жылы 5,5 миллион халыққа қызмет көрсетілді. Биылғы жылға 6 миллион адамды әуе кемесімен тасымалдаймыз деген жоспарымыз бар.

Жоспар жаман емес. Бірақ, ұшқыштарды дайындайтын жалғыз оқу ордасы бар бізде. Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы. 1450 бала оқып жатыр. Оның 250-і ұшқыш болмақ. 

Жанас Омаров, студент:

Болашақта жақсы маман боламын деп үміттенемін, бұл арманым ғана емес, мақсатым. Адам тек арманымен емес, мақсатқа жетуі үшін талпынуы керек. Ең бірінші қадамым – Азаматтық авиация академиясына түсу болды.

Ұшқыш болу оңай емес. Үлкен жауапкершілік. Сол себепті академия студенттеріне көп көңіл бөлінеді. Мұндағы оқу-жаттығу құралдары жаңартылып, әлемде қолданылатын ең соңғы үлгідегі симулятор әкелінді.

Бақдәулет Мұхтаров, студент:

Мынау сайтцинг деп аталады, бұл арқылы біз ұшақтың радиусын өзгертіп отырамыз шу кезінде. Мынау  радар қанша жылдамдықпен жүріп келе жатқанын көрсетеді.

Балалар талапты. Бірақ, бір түймені бастым, аспанға ұштым, қондым емес. Тек оқу-жаттығу құралын меңгеріп алып, әуе кемесін тізгіндей салу мүмкін емес. Оған теориялық білімнен бөлек, тәуір тәжірибе керек. Оны-ұшу сағаттары береді.

Сондықтан, оқуды жаңа бітірген жас маманның қолына жүздеген жолаушының өміріне жауапкершілікті беріп қоя алмаймыз. Ал, авиация үшін тығырықтан шығудың тетігі – шетелден маман тарту.

Және өзіміздің балаларды Испания, Ирландияда дайындау. Оқу арзан емес. Құны – 150 мың доллар. Жартысын әуекомпания, қалғанын студенттің өзі төлейді.

Тілек Әбдірақымов, «Air Astana» әуекомпаниясының корпоративтік коммуникациялар бойынша менеджері:

Оларда ұшу уақыты аз. Бізге бірнеше ұшу уақыты керек. Сол жетіспей жатыр оларда. Отандық оқу орындары біздің талаптарға сай студенттерді дайындамағандықтан, біз өзімізге осындай бағдарлама енгіздік.

Бәлкім, осыдан болар, билеттің бағасы да біздің қалтамызды қағып тұр. Мәселен, екі ірі қала Астана мен Алматының арасын орта есеппен 50 мың теңгеге барасың. Бұл – эконом класс. Қарапайым халықтың ең көп қолданатын санаты. Ал Астана-Ақтау, Астана-Шымкент бағыттары 60 мыңнан асыра алады. Себеп мынада.

Тілек Әбдірақымов, «Air Astana» әуекомпаниясының корпоративтік коммуникациялар бойынша менеджері:

Кейбір бағыттарда кейбір күндері қымбат болатын шығар. Өйткені, толық циклды әуекомпания болғанымен, толық сервис ұсынамыз. Оның ішіне арнайы тағамдар кіреді. Ұшақ ішіндегі ойын-сауық бағдарламалар жүйесі, тағы басқа қызметтер оған қоса жаңа ұшақтар ұсынамыз. Және авиациялық қауіпсіздікке өте көп шығын жасаймыз.

Сол шығын қауіпсіздікті қаншалықты қамтамасыз ете алады? Қазақстанда 439 ұшақ жолаушыларды тасымалдайды. Оның 223-і батыстық, тең жартысы Кеңес одағынан қалған. Яғни - ескі. Көне көліктер апатқа алып келеді. Онсыз да демографиялық ахуалымыз ақсап тұрғанда, апат бізге керек емес. 

2009-2014 жылдар арасы. 5 жыл ішінде 22 әуе апаты. Жалпы саны 160 адамның өмірін жалмады. Ауыр жыл - 2013 жыл. Аспанға ұшқан 8 әуекеме жерге қайта қонбады. 2014 жылы -  2, 2012 жылы  - 6, 2010-да  - 2, 2009 жылы 4 апат тіркелген.  

1990 жылдардың тұсында Қытай авиациясы жаһанда ең қауіпті саналды. Ал қазір әуе қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдік лидер. Қытайда әуе апаттары Америка мен Еуропа елдерінен әлдеқайда аз. Бізге сол елден сабақ алған жөн шығар.

Қазақстанда жылына 5 миллиондай адам ұшаққа отырады. Ал, Қытайда 1 миллиардтан асып-жығылады. Сөйте тұра, екі апат статистикасы бір-біріне жақын.

Отандық азаматтық авиация артта қалмасын, ұшақтардың қанаттары талмасын, әуе апаттары болмасын десек, көш ілгері кеткен шетелдік әріптестермен берік байланыс қажет.

Биліктің қауіпсіздікке жауапты тұлғаларға қатаң бақылау жасауы да жемісті болады. Сала мамандарын тынбай оқыту, сондай-ақ, елімізге білікті мамандар мен әуе апатын зерттеушілерді тарту – жолаушының сапарын сәтті қылары сөзсіз.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу