Неге халық Нұрмағамбет Баймырзаұлын Балуан Шолақ атап кетті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Неге халық Нұрмағамбет Баймырзаұлын Балуан Шолақ атап кетті?

17.05.2015
Неге халық Нұрмағамбет Баймырзаұлын Балуан Шолақ атап кетті?

Балуан Шолақ! Әр қазаққа таныс есім. Көпшілігіміз үшін ол жауырыны жерге жаншылмаған әйгілі палуан, ақын, композитор. Балуан Шолақтың бұдан да басқа өнері жеті нарға жүк болады. Жүріп өткен жолы жеті күн айтып тауыспас бұралаң жол.

Қазақтың бағына берген алапат күш иесін біз қаншалықты ұлықтап жүрміз? Былтыр бірді-екілі жерде 150 жылдығын атап өткендей болдық. Осымен тәмам. Ал Балуан Шолақтың өмірі мен өнері әлі зерттеліп болмаған тың тақырып.

Әттең дейтін тұстар да аз емес. 837 келі кір тасын көтерген мықты адам әлі дүние жүзінде жоқ қой. Бір өкініштісі, бұл дерек  ақынның «Кешегі сентябрдің базарында, көтердім 51 пұт кірдің тасын», деп келетін белгілі өлеңінде ғана айтылады.

Ресми құжат, мөрлі қағаз болмағандықтан, қазір ақиқаттан гөрі аңызға ұқсатып жатады. Жалпы, Балуан Шолақтың туған жері  мен дүниеден қайтқанына дейін даулы. 

Арқаның жазық даласы. «Батырлар дүбірлетіп өткен, ғашықтар бірін-бірі өпкен, сарылған сал-сері кеткен» киелі жер. Бір жарым ғасыр бұрын қырдағы ел ойдағы елмен араласып, құшақтасып-көрісіп дала төсін  берекеге бөлеген думанды жер.

Қазір айнала орман, тып-тыныш. Даланың тыныштығын бұзып, орманның әлі ери қоймаған қарын тізеден кешіп  Әйбат апа келеді. Ол туған атасы Балуан Шолақтың зиратына барып Құран оқымақ. Әрі бізге жол көрсетуші.

Айнұр Омар, тілші:

Балуан Шолақтың жатқан жері осы. Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Тастыөзек ауылынан бірнеше шақырым жерде. Кеңес үкіметі тұсында Балуан Шолақтың атын да атауға тыйым салынған болатын.

Тек ел Тәуелсіздік алғаннан кейін батырдың есімі қайта жаңғырды. Бертініректе жермен-жексен болып жатқан зираттың орнына мынадай үлкен белгі қойылды.

Балуанның жерленген жері де бертінге дейін айтылмай келді. Себеп көп, ақиқаты мынау.

Марат Нәбиев, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуші:

Балуан Шолақ атамыздың тізесі басқа халықтарға батып кеткен. Өйткені, Столыпин реформасымен ертеде біраз орыстар Ресейден басқа жерден көшіп келгендерге жер беріліп, сонда Балуан Шолақтың аталарының жерін, қыстауларын тартып алады да, оны орыстарға берген.

Балуан Шолақтың дұшпандары оның көзі кеткеннен кейін де денесін тауып қорлай ма деген қауіппен жатқан орнын жалпақ жұртқа жария қылмаған. Ал кәсіпкер, қоғам қайраткері Марат Нәбиев Балуан Шолақты 30 жылдан бері зерттеп келеді.

Осы азаматтың бастамасымен  палуанның зираты қайта көтеріледі. Кеңес кезінде  ұлтшыл адам туралы дерек жинап жүр, деп үстінен домалақ арыз жазылып, қыспақ та көреді. 

Бірақ, бастаған істі тастамау адамдық, азаматтық міндетім, деп есептеді. Палуанның азан шақырып қойған аты Нұрмағамбет Баймырзаұлы. Оған Балуан Шолақ деп ныспы берген Паң Нұрмағамбет Марат Нәбиевтің нағашы атасы.

Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде Тоқсанбай байдың асында белдесуге шыққан бозбала палуан бейнесі былай сипатталады.

«Осы кезде ұзынша бойлы, жауырынды, белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғары ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сары сұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп, Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды».

Марат Нәбиев, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуші:

«Оң қолым отқа күйіп, болдым олақ» дейді. Сонда киіз үйдің ішінде ошақ жанып тұрады ғой. Еңбектеп жүрген бала қолын салып алған. Сонда фалангілері өспей қалған.

Бір өкініштісі, Балуан Шолақтың суреті еш жерде жоқ. Кейбір суретшілер салып жүргені қисынсыз деп кейиді немересі Әйбат Құдайбергенқызы. Палуаннан 3 бала қалған.

Бәтен, Исажар, Құдайберген. Әйбат осы кенжесінен туған қыз. Әйбат апа Ақмола облысы, Кенесары ауылында тұрады. Бірге туған бауырлары, яғни, Балуан Шолақтың туған немерелері де баршылық. Барлығы Астанада тұрады. Әйбат апа  әкемнің  көзі тірісінде жазушылар үйге жиі келетін деп еске алады.

Әйбәт Құдайбергенқызы, Балуан Шолақтың немересі:

Сәбит Мұқановтар жиі келіп түсетін. Повесть жазғаннан кейін ол кісі оқиды ғой, сонда айтады, «айтпаймын, бәрібір менің айтқанымды айтқанымдай жазбайсыңдар, басқа түрлі ғып қосып жазасыңдар», деп.

Кейінгі кезде Балуан Шу өңірінде дүниеге келді деген деректер де кездеседі, дейді Әйбәт апа. Оның себебі, Балуан Шолақ  Үйсін, Дулат, оның ішінде Сәмбет руынан. Ата-бабасының жері сол өңір, бірақ ағайынмен араздасқан 6-7 үйлі аз Үйсін Көкшетау жақтағы Керей ішіне келген. Нағашы  жұрты да Орта жүздің  керейі. 

Сәбит Мұқанов Балуанға бұла күш нағашыларынан  дарыды, деп жазады. Шешесі Қалампырды адуынды, қайратты, Балуан Шолақты бір ауыз сөзімен-ақ қайрап отырғанын келтіреді.

«Кешегі сентябрдің базарында көтердім 51 пұт кірдің тасын», дейді Балуан өз өлеңінде. Оның атын шығарған да осы 51 пұт кірдің тасы. Ол заманда көшпелі цирктер ел ішіне жиі келіп өнер көрсететін.

Сондай бір жиында бәс тігіп кір тасын көтерген Балуанға мен деген мықтылардың өзі таң қалған. 51 пұт дегеніңіз - 837 келіге тең. Бұл тіпті әлі күнге дейін әлемде  жаңартылмаған рекорд. Өкініштісі сол, қағазға түспеген. Ал, оның орыс палуаны  Кореньді  жеңуі де бір тарих.

Серік Оспанов, өнер зерттеушісі:

Кореньмен күрескенде бір рет жығады, анау астынан лып етіп шығып кетеді. Классик қой, екеуі қайта күрескенде күшке салып мытып жібергенде шеміршек қабырға жетім қабырға дейді, сол сынып кетеді.

Тағы бір қызық дерек, Балуан Шолақ пен Қажымұқанның кездесуі. Кей зерттеушілер қызды-қыздымен екеуін күрестіріп те қояды, дейді Серік Оспанов. Шын мәнінде қазақтың қос палуаны екі рет жүздескен екен.

Серік Оспанов, өнер зерттеушісі:

Күшін сынауға келеді ғой. Қажымұқан «ол кісіні былай бір рет шиырып жібердім де алдына тізерлеп отыра қалдым. Маңдайымнан сүйді, «бәсе, өзімнен де мықты біреу тусын, деп едім. Туған екен, жаның жамандық көрмесін, жауырының жерге тимесін», деп бата берді», деп Қажымұқан өле-өлгенше көзіне жас алып айтып отырады екен.

Екі палуанның жас айырмасы да көп емес, небәрі 7 жыл. Бірақ, бірін-бірі аға мен інідей сыйлаған. Қажымұқан туралы дерек те, фотосурет, бейнемұрағат та көп. Әрі әлемдік аренаға танылған спортшы болды. Бұл биікті Балуан Шолақ та бағындырар еді-ау, қазақтың қос палуаны дүниені дүр еткізер еді-ау деген пендеуи ойдың келетіні де рас.

Серік Оспанов, өнер зерттеушісі:

Классикалық күресте жалаңаш, шешініп тастап күреседі ғой. Ал, ол кісінің саусақтарының басы молақ болған. Белбеуді міндетті түрде ұстау керек. Қазақша күресте ол кісі шебер болған ғой, сондықтан ол кісіге қиын болар еді. Сол себепті,  ол үлкен аренаға шыға алмады.

Батыр, батыл, мәрт, өжет. Тіпті шауып бара жатқан ат үстінде түрлі қимылдар жасайтын акробат, бұған сал-серілігі мен ақындығын қосыңыз. Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы деген сөзі осындай адамға айтылса керек. Балуанның  «Ғалия», «Сентябрь», «Дікілдек» сияқты әндері қазақ арасына кеңінен тараған. Басқа әндері бір төбе болса, 5-6 нұсқасы бар «Ғалиясы» бір төбе.

Ғалия Балуан Шолақтың есімімен қатар аталады. Бұл да тарихта бар адам.  Қазір Астанадағы «Конгресс Холдың» орнында Ғалияның көк шатырлы, екі қабатты үйі болған екен. Ол кезде жатақ там, кигіз үйде тұратын көп қазақ ондай дәулетке ие емес. 

Ғалия  қымыз сатқан, Жаңаарқа жақтың қызы, ел арасына Жаңаарқа қымызы деген ат қалыптастырған да осы кісі дейді. «Айым да сен, күнім де сен» деп Балуанның оған ғашық болғаны шындық. 

Бірақ, некелі жары болмаған. Кей зерттеушілер мен жазушылар палуан әйелін тастап, Ғалияға кетіп қалған, деп жазады. Балуан Шолақтың да, Ғалияның да ұрпақтары мұндай  алыпқашпа әңгімеге ренжиді.

Әйбәт Құдайбергенқызы, Балуан Шолақтың немересі:

Сері адам, өнер адамы ел-елді аралап, ойын-сауық көрсетіп жүреді. Ол кісі тек  өлең де айтпайды ғой. Сол уақытта қыз-келіншектер бәрі жиналады. Сондай уақытта көзі түскен ғой. Бір ұрпақ та жоқ. Оны қалай айтамыз, ол кісінің әйелі болған деп. Олай айту күнә болады.

Баян Жиренбекова, Ғалия Тілеуқызының туысы:

Соншама ақылды болған. Айлалы болған. Әкемде ол сурет болды. Сәбит Мұқанов жазғанында оны бір жеңілтектеу көрсетеді ғой. Әкем соған риза болмай отыратын.

Баян Нұртайқызы әйгілі Ғалияның сіңілісі. Әкесі Нұртай Ғалияның қолында өскен. Балуанды ғашық еткен жанның жалғыз суреті осы кісіде сақталған. Бала күнінен естігені, Ғалия  текті, сабырлы, қолы берекелі, өнерпаз адам болған.

Баян Жиренбекова, Ғалия Тілеуқызының туысы:

«Ғалияны» айтқан халық. Халық айтты, мен өзім естідім бала күнімде. Содан әкем, әкемнің де даусы жақсы еді. Айтылды, «Ғалия» қалған емес. Біз бала күнімізден «Ғалияны» естіп өстік.

Балуан Шолақ ата жұртына барғанда Кенен Әзірбаевты көреді. Кенекеңнің өзі Балуанды ұстаз тұтқан, біраз әндерінің Арқадан Жетісуға тез тарауына да ықпал  еткен Кенен Әзірбаев. Балуан Шолақтың елге белгілі 20-дан аса әні бар, әлі де табылып жатыр, дейді дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай. 

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші:

Бірде-бір эстрада әншісі Балуан Шолақтың бірде-бір әнін орындай алған жоқ. Сонда Балуан Шолақтың әншілік, композиторлық қуатын шамалай беріңіз. Балуан Шолақтың әндерінде сұрапыл қаһар бар.  Қазіргі жіңішке дауысты, әйел дауысты әншілерге арналмаған әндер. Бұлар нағыз ер-азаматтың әндері.

Сезімі терең, болмысы биік, жаны аяулы бірде сыршыл, бірде сұрапыл әнді тудыру үшін де дарын керек. Ал, Балуан әндерін орындауға  дауыстың күші жеткіліксіз,  әншінің руһы биік, жігері мықты болуы керек. Ал, шоқтығы биік «Ғалия» әні махаббат хикаясы болып ұрпақтан ұрпаққа аманатталса, сол дұрыс.

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші:

Ақтоқты да Ақан Серінің некелі жары болған жоқ, Балқадиша да болған жоқ, Біржан салдың Ләйлімі де оның некелі жары болған жоқ, Естайдың Қорланы да некелі болған жоқ. Ғалия болмаса, Балуан Шолақ бір биігінен түсіп қалғандай болар еді. Балуан Шолақтың аты «Ғалиямен» шыққан.

Сал серілігімен, ерлігімен аты шыққанымен Балуан Шолақтың өмірінде қамсыз күндер аз болған. Қазақтың жайылым жері тарылып, қара шекпендермен  күресуі, губернаторлар мен уезнойдардың көрсеткен зәбірі, одан қалса қазақтың өз ішіндегі алалық жүректің қайғысын ұлғайта берген. Бірнеше рет абақтыға жабылуы да шындық. Ал оның өлімін де халық сан-саққа жүгіртеді.

Марат Нәбиев, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуші:

Шынына келгенде, оны мен зерттеп таптым, үйінде бір жеті ауырып жатады. Сөйтсе, ол кісінің соқырішегі жарылып кеткен, сосын қан уылып, содан қайтыс болған.

Ал атып өлтірді, буындырды деген қисынсыз, дейді Марат Нәбиев. Орман ішінде казактардың оғынан  қайтқан Балуанның тұңғышы Исажар екен. Балуан көзі тірісінде айтыпты, менің дарыным мен бағым ұрпағыма берілмейді, деп.

Бір өкініш, бір үміт. Талас-тартысқа толы ғұмыр. Өмірінің әр сәті киноға сұранып тұрған дүние. Бірақ, киноны былай қойғанда 2-3 ескерткіштен өзге Балуан Шолаққа әлі күнге дейін бірде-бір ауданның аты берілмепті.

Жуан білекті, нәзік жүректі Балуан Шолақтан мал да, мүлік те қалмады. Тәңірден берілген бұла күш түбі бір қазаққа бұйыратын шығар.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу