Атыраудағы «Первомайский» сүт өндіру зауытының қазіргі тынысы қалай?
5 реформа, 100 қадам. Президенттің бұл ұсынысы тиыннан теңге құраған кәсіпкерлерге талпыныс беріп, талабын ұштады. Әлбетте, осыған дейін шағын және орта бизнес өкілдері жетімнің күйін кешкен жоқ, мемлекеттен біраз жеңілдік алып, кәсіптері жүрді.
Қарапайымы - кәсіпкерге айналды, кәсіпкері - бизнесменге айналды. Қамқорлық жалғасады. Отандық өнімді көбейтіп, өндіріс орындарын ашқан кәсіпкерлерге жағдай жасала береді.
Президенттің бұл сөздерін тыңдап-ұйып, құлаққа құйып, жұмысын жүргізіп отырған кәсіп иелері көп. Оның үстіне қазір бизнес көзін тапқандар инновциялық жобаларға ұмтылып жүр. Қоштарлық дүние.
Мәселен, Атырау облысында индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында мемлекеттен көмек алған «Первомайский» сүт өндіру зауыты қазір Атырау атырабын ақпен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр Елбасының өзі ашқан ферманың қазіргі тынысы қалай?
Айнұр Омар, тілші:
Атырау мұнайлы болғанымен шұрайлы өлке емес. Сондықтан, бұл жақта мал өсіру, оның жем-шөбін даярлау қиын. Тек биыл жаңбыр әдеттегіден көп жауып жер көгеріп тұр.
Бірақ, осындай табиғи қолайсыздықтарға қарамастан, мал өсіріп, өңірді сүтпен қамтамасыз етіп отырған фермерлер көп. Біз Бейбарыс ауылына келдік.
Ауыл Атыраудан 60 шақырымдай жерде. Махамбат ауданында. Зауыттың қызыл шатырлары алыстан көрінеді. Былтыр ашылу рәсіміне қатысқан Президент өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мән беретін уақыт жеткенін айтқан болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егер де технологияны қолданатын болсақ, Атырау облысының өзі ауыл шаруашылығы жағынан көтерілетін болады. Ана жаққа инвестицияның бәрін тарттық қой, мұнай-газға. Ол жүріп жатыр. Ал мынаны қолға алу керек. Мемлекет қазір көмектесіп жатыр. Анау мұнайда істеп жүрген компанияның бәрін ауылға тарту керек.
Сүт зауыты бұрын да болған осы ауылда. Қырдың қызыл сиырын өсіріп, өнім алып келген шаруашылық екі жыл бұрын инновациялық технологияға бет бұрды. Мемлекеттен көмек алып, Америкадан асыл тұқымды сиыр әкелді. Ферманы заман талаптарына сай қайта жабдықтады.
Аманжол Есқараев, шаруа қожалығының директоры:
Өткен жылдан бастап елімізде дамып жатқан индустриалдық-инновациялық бағдарлама бойынша осындай жобадағы кешен салынып, қазір шетелден сүтті тұқымды мал алып, өнім өндіріп жатырмыз.
Шетелдің технологиясынан артық болмаса кемшілігі жоқ. Біз тәулігіне 10 тонналық сүт зауытымен салдырдық. Қазір 400 бастай аналық сиыр бар. 250 бастайын сауып жатырмыз.
Бастысы жем-шөбі дұрыс, сауыны уақытында, қорасы қыста жылы, жазда қоңыр салқын болса жетеді. Сиырлар күніне 40 килограмдай жем-шөп жейді.
Айнұр Омар, тілші:
Голштинофриз тұқымды сиырлардың Атырау жеріне әкелінгеніне небәрі 1,5 жыл болды. Олар сүтті, етті. Шамамен 600 келіге дейін салмағы болса, күніне орташа есеппен 20-22 литр сүт береді. Олардан туған төлдер міне мынау кішкентай бұзаулар. Олар Атырау жерінде дүниеге келген.
Руслан Молдашев, шаруа қожалығының қызметкері:
Бұл бұзауларды кішкентай кезінен өзіміз уыздандырып, сүттендіріп, бағамыз. Адамға тез үйренеді, мысалы мына бұзауларымыз 1 жыл 3 ай, 1 жыл 4 ай болған бұзаулар.
Руслан осы ферма құрылғаннан бері жұмыс істейді. Бұрындары көрмеген қарала бұзаулар оған таңсық көрінгені де рас. Бұзаулар туа сала енесінен бөлінеді. Тек қолдан емізіледі. Руслан бұл бұзауларды кішкентайынан өзі өсіріп келеді. Фермада Руслан сияқты жастар көп.
Руслан Молдашев, шаруа қожалығының қызметкері:
Жұмыс жақсы, Қазақстанның болашағын көтереміз деп, жастар болып бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Асыл тұқымды сиырлардың тамақ рационына да ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені, одан алынған сүттен түрлі өнімдер жасалады. Ал, өнімдер өтімді болу үшін сүт сапасы бірінші орында.
Аманжол Есқараев, шаруа қожалығының директоры:
Сиырдың сүті тілінде дейді ғой, малдың азығын тауып беруіміз керек. Жергілікті әкімшілік қыста жем-шөппен қамтамасыз ету үшін гидропоника деген озық үлгідегі қондырғы салып берді. Облыс басшысы қолдап отыр.
Атырауда көктемде қылтиып шыққан шөп жазға жетпей аптап ыстықтан қурап кетеді. Сондықтан, қысқы азықты мол жинау мүмкін емес. Тығырықтан шығу үшін шаруашылық «гидропондық» тәсілмен жем-шөп әзірлеп отыр. Айта кету керек, бұл әзірге Қазақстанның өзге жерінде жоқ жаңа жоба.
Айнұр Омар, тілші:
Біз испан технологиясымен жабдықталған гидропондық көк балауса өндіру камерасындамыз. Мынау әрбір жәшікке алдын ала бөртіп дайындалған 1 келі, 700 грамм арпа егілген. 6 күннен кейін бұл арпаның салмағы 14 келіге дейін артып мына шөптің ұзындығы 10 сантиметрге дейін жетеді.
Асылхан Әндешов, технолог:
Оған жарық керек болады, сосын жылу, сосын күндегісін-күнде құятын су. Үш нәрседен шығады. Басқа оған ешқандай химикат, минерал қосылмайды. Құнарлығы мынау - сауын малына өте жақсы. Біріншіден сүт мол беріледі. Екіншіден малдың күйін жақсы ұстап тұрады. Әсіресе, қыс мезігілінде.
Бұл жерде қысы-жазы мал азығын дайындалады. Осындай өнім өндіретін 3 камера бар. Күніне 1 тонна, 700 келі арпа егіліп, одан 10 есе көп өнім түседі күнбе-күн. Яғни, мына бір қатардағы жәшіктер малдың 1 күндік азығы. Камералар тек компьютер көмегімен бақыланады. Бағдарлама арқылы суды мөлшерлеп бүркіп тұрады. Бұл тәсілдің ерекшелігі-тазалығы, әрі ешқандай топырақ керек емес.
Асылхан Әндешов, технолог:
Бұл төрт күн болған шөп. Бұл ешқандай топырақты қажет етпейді. Мынау шөбі, еккен бидайымыз ортасында қалады. Мынау астындағы тамыры. Әлі екі күн уақыты бар. Сол 2 күнде едәуір өседі. Мұны мал тамырымен қосып жейді. Сонысымен құнарлы болады.
Шөптің құнары тамырында, ал сүттің құнарлылығы жем-шөбінде. Дайын арпаны тамыры, көк балаусасымен қосып өзге дақылдарға араластырады. Шөпті ашқарақтана жеген қарала сиырлар күніне 2 қайтара сауылады. 250 бас сиыр күніне орта есеппен 10 тоннадай сүт береді. Сүттен түрлі өнімдер жасалып отыр.
Тоғжан Өтеуова, технолог:
Менің шаруашылықта жасап жатқаныма бұйырса, бір жыл болады. Индер ауданынан келгенмін. Мұнда бізге барлық жағдай жасалған. Үй беріп жатыр бізге. Жалақымыз бәрі жақсы. Біздің сүт өнімдерімізге тұтынушыларымыздың көңілі толады. Сапасы жақсы. Таза табиғи өнім.
Сүт, айран, қаймақ, ірімшік, йогурт – осы шаруашылықтың өнімі. Таңғы сағат алтыда сауылған сүт, кешкі қала халқының дастарханында тұрады, дейді зауыт басшысы.
Аманжол Есқараев, шаруа қожалығының директоры:
Тағы да біз 500 бастай сиыр аламыз. Тағы да кешен салып жатырмыз, 500 басқа. Сонда біз күніне 20 тоннадай сүт өндіреміз деп отырмыз. 40 пайызға дейін қамтамасыз ету жоспарда бар. Қазірдің өзінде қала халқы бұрын Атырауда мұндай сүт болмаған. Өзіміздің ферманың, қырдың қызыл сиырының сүті баратын еді, соған таласып жататын.
Енді мына сиырдың сүті, қаймақ, сүзбе осыдан алынатын айран, йогурттар 7-8 түрлі өнім барады. Елбасы тағы да жаңадан міндеттер қойып отыр, тек қана өзіміз тұтыну емес, бір бөлігін экспортқа шығару жөнінде.
Жан-жақтан импортталатын құрғақ сүтке қарағанда біздің сүт таза табиғи өнім деп мақтанады зауыт қызметкерлері. Экологиясы нашар мұнайлы өлкенің халқы үшін бұл өнімдер аса қажет.
Сондықтан, бұл жердің өніміне сұраныс та артқан. Президент ұсынған 5 реформа, оның ішінде кәсіпкерлікті қолдап, отандық өнім үлесін арттыру – кәсіпкерлер үшін тағы бір серпін.
Айнұр ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы