Басты Жаңалықтар Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз майданға аттанған

Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз майданға аттанған

Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз майданға аттанған

Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз қан майданда дұшпанға қарсы соғысыпты. Солардың 60 мыңы ғана оқ пен оттан аман  елге оралған. Сол шақтағы қылшылдаған жас жігіттер бүгінде қарияға айналды. Оның үстіне жылдар жылжыған сайын майдангерлердің қатары сиреп барады.

Бүгінде 60 мың қарт жауынгердің 130-ы ғана қалды. Тоқсанның төріне шыққан қариялар ол заманмен салыстырғанда бұл заманды ит басына іркіт төгілген кез санайды. Шүкір етуді аманаттайды, бірлікті болуды өсиет қылады.

Жаңақорған ауданының тұрғыны, қарт майдангер  Шаймерден Сүйіндіков бүгінгі жас ұрпаққа «бейбіт күннің қадірін біліңдер», деп өсиет айтады. Себебі, бұл бейбітшілік оңайлықпен келген жоқ.

Ең қанқұйлы II Дүниежүзілік соғыста Жеңіске жету үшін   миллиондардың қаны төгілді, қаншама қала қирап, қаншама ел зардап шекті. Сұрапыл соғыс әр отбасына, әрбір адамның жүрегіне жазылмас жара салды.  Сондықтан да, «бейбіт өмір», «ашық аспан» деген ұғым Шәймерден ақсақал үшін  ерекше құнды.

Соғыс сол кездегі балаларды ерте есейтті. Олар балалықтың бал дәмін татқан жоқ. Жасөспірімдер естен кетпес жастық дәуреннің қызықты сәттерін сезінбеді. Енді ғана 9 класты бітіргендер, оңы мен солын толық танымай жатып соғысқа аттанды.  Ел үшін, жер үшін жанқиярлықпен соғысты. Солардың бірі – осы - Шәймерден Сүйіндіков.

Шәймерден Сүйіндіков, соғыс ардагері:

12 ақпанда Жаңақорғаннан 48 бала, Қызылорда облысынан  332 бала кететін болды. Сонымен елмен қош айтысып, эшелон келетін болды. Кетерде бір ауыз ән айтып кетейін деп: «Кетіп барам қорғау үшін қан майдан еліне, кетіп барам қан майдан жеріне», деп ән айттым. Сонымен Новосибирскіде Атаманская добровольная гвардейская  пехотная  дивизияға, соның 92-ші танкіге қарсы ататын зеңбірек дәлдеуіштің жаттығуында болдым. 

Жас жауынгер майданға араласпас бұрын 18 күн жаттыққан. Сосын танкi ататын зеңбiректiң 1-категориялы дәлдеушiсi деген қағаз алады да, алдыңғы шепке аттанады.

Шәймерденнің жерлесі Тәнеш те дәл осы сәтте майдан даласына жетеді. 18-ге әлі толмаған бозбала қолына бұрын-соңды қару ұстап көрмеген.

Алдымен, Ашхабадта жаттығудан өтті, содан II Дүниежүзілік соғыстағы ең ірі шайқас - Сталинград шайқасына  араласады. 200 күн мен түнге созылған ұрыста Тәнеш Оразов өзінің ержүректілігімен, батылдығымен, өжеттілігімен көзге түседі.

Тәнеш Оразов, соғыс ардагері:

Майданда  жүргенде үлкен бір еврей жүретін, банк сөмкесін алып, офицерлер айлық алады екен. Оны біз білмейміз ғой. Жау төбеңнен ұрып жатады, ақшаның не екенін білмейсің, тамағың бар, киімің бар. Сөйтсек, айлық береді. Айлығы көп.  Мың жарым сом ба, сонда көрдім айлық алғанды. Сосын айтамыз:  «мұны не істейміз», деп. Айдалада, баратын жер жоқ. Ауылыңа жіберуге болады, деген соң, ауылға жіберіп жүрдік.

Бірақ, осы - ең қанқұйлы шайқаста сырбойылық сарбаз ауыр жараланды. Ұзақ емделді. Алайда, аяқ пен қол икемге келмеген соң, елге оралады. Ал оның жерлесі Шәймерден бұл уақытта қаһарман қала - Ленинградты азат етуге атсалысты.

Шәймерден Сүйіндіков, соғыс ардагері:

Атылып жатқан оқ, гүрілдеп жатқан оқ, түрі жаман. «Я буду защищать до конца своей жизни, Я буду защищать Ленинград, Петербурга от фашистских Германии, Всех я призываю!» деп айқайладым. Арқамнан қағып, «Қай ұлтсың?» деді, «Қазақпын! Сын казахского народа» дедім.

Осы шабуыл кезiнде басынан және аяғынан жарақат алады. 38 күн Ленинградтың әскери госпиталында жатып, жазылып шыққан соң, қайтадан майданға араласады. Содан әрі қарай Псков, Нарва, Таллин түбiндегi шайқастардан аман қалып, Латвия, Эстония, Литваны азат етуге қатысты.

1945 жылдың 6 мамырында Литва жерiнде «Курляндия тобы» деп аталатын тарихта аты қалған үлкен қоршау операциясына қатысады. Әрбір шабуылды, әрбір сәтті қарт майдангерлер әлі күнге дейін ұмытпаған. Өйткені, зұлмат жылдардың жаңғырығы санадан өшуі мүмкін емес.

Тәнеш Оразов, соғыс ардагері:

Соғыс болмасын, жақсылық болсын, кейінгі ұрпақ соғысты көрмесін. Қазіргі жағдайда біздің ауызбірлігіміз болуы керек. Сонда біздің Қазақстанның жағдайы жаман болмайды.

Ал, «Жеңіс» деген тәтті сөз  бұл жандар үшін  ерекше қадірлі. Бұл қарт  майдангерлердің өміріндегі ең қымбат, ең қуанышты күн - «Ақ түйенің қарны жарылған күн».

Жеңістің туы желбірегелі бері 70 жыл өтті.  Кешегі жас бозбала солдаттар бүгінде әрбір күніне шүкіршілік айтып, елдің амандығын, бала-шағаның тілеуін тілеп отырған батагөй аталар. Тәуелсіз елдің толайым табыстарына көңілі марқаяды, тек сол баянды болса дейді.

Ақерке БИЯТОВА

Бөлісу