Теріскейдегі Абылай ханның резиденциясы тарихи құнды кешен саналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейдегі Абылай ханның резиденциясы тарихи құнды кешен саналады

08.02.2015
Теріскейдегі Абылай ханның резиденциясы тарихи құнды кешен саналады

Биыл Қазақ хандығына – 550 жыл. Арғы-бергі дәуірде, қилы заманда жер бетіндегі талай ел мен жұрт тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жойқынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Атамекенінен айырылып, көбейген елден төбелдей елге айналғаны қанша. Ал бізде шүкір, ел де, жер де бар!

Біздің халық - талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған. Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне ғибратты ғұмырын арнаған ханның бірі – Абылай.

Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Қазақ халқының жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы мұратқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсады. Тарих куә.

Қазір Петропавлда Абылайдың ақ үйі бар. Тарихи мән-маңызы ерен ғимарат - бұл күнде көпшілікке қызмет ететін кешенге айналған. Ресми атауы - Абылай ханның резиденциясы.

Төрт залға бөлек-бөлек орналасқан экспонаттар Абылай ханның өмірі мен қызметі, халықаралық қатынастардағы ұстанымын толық баяндайды. Бұл кешеннің Абылай хан үшін салынғанын анықтау тарихы - жеке бір оқиға.

Қазақ хандығына - 550 жыл биыл. Жасөспірім, көкөрім тарихты танып білуі үшін, елдіктің құнын ұғынуы үшін теріскейде шағын көрме өтіп жатыр.

Осындай танымдық шаралар жиі ұйымдастырылатын орталықтың бірі - Абылай ханның резиденциясы. Бұл да Петропавлда. Заманында Ресей патшалығы ханға тарту есебінде салып берген.

Бастапқыда ағаштан өрілген қамалды бір кездері өрт шалып,  қайта қаланған екен. Орналасқан жері биік. Бар ғұмырын ат үстінде өткерген құрметті хан туралы керек деректің барлығын дерлік осы үйден табасыз.

Әсемгүл Қыдыбекова, экскурсиялық көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі:

..........................

Халық «Абылайдың ақ үйі» атап кеткен бұл ғимарат бір кездері жойылып кете жаздаған. Иесіздіктен. Бірақ, ойда-жоқта құнды дерекке кезіккен журналист Жақсыбай Самрат барын салып қорғайды. Газетке жазады, қоғамдық пікір қалыптастырады. Тіпті, дәлел құжат іздеп Ресейге де барады.

Жақсыбай Самрат, журналист, жазушы:

Әлі де осыны анықтай түсейік, деп бізді архивтің директоры Қосыбаев екеумізді Санкт-Петербургке жіберді. Біз ол жақтан қосымша құжаттар таптық.

Дегенмен, ең негізгі құжаттар Ресей империясының сыртқы байланыстар жөніндегі архивінде екен. Ол Мәскеуде болатын. Сол архивтің директорының телефонын, мекенжайын тауып алып, хат жаздық.

Сосын 2003-ші жылы ма, Қазақстанның Ресейдегі жылы болып қалды. Соған байланысты біздің жаңағы хатымызға Есімханов ағамыз Мәскеуге баратын болып, сол жерде елшіліктегі қызметкерлерге айтып, осылай хат жазған едік, жауап келмей жатыр деп.

Содан елшіліктегі жігіттер де қозғау салып, қысқасы олар Абылайдың ақ үйінің жоспарын жіберді. Содан біз оны «Сүйінші!» деп «Егемен Қазақстан» газетіне «Абылайдың ақ үйі аңыз емес ақиқат», деген мақала жарияладық.  

Осылайша, қалам ұстаған қауым қорғап қалған құнды ғимарат 2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде қайта жөнделеді. 2008 жылы ресми ашылды.

Жансұлу Жанатқызы, экскурсия жүргізуші:

...............................

«Абылайдың ақ үйінде» қазақтың ерте заманғы тұрмыстық заттарының көшірмелері көп. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, қару-жарақтың түр-түрі бар. Ханның мөр жүзігі мен  алқа белгісі де тұр.

Көшірме әрине, бірақ көруге тұрарлық. Ең бастысы, қазақтың абзал ханы туралы сан-қилы деректер жүйеленген. 

Жақсыбай Самрат, журналист, жазушы:

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Абылайдың еңбегі тіпті жарқырап көрінеді. Абылай өте дипломат, өте көріпкел саясаткер болған.

Абылайдың қазақ үшін істеген еңбегі өте көп, дейді Жақсыбай Самрат. Айтып тауыса алмайсың. Ал, Абылайдың ақ үйі қазір Петропавл шаһарындағы еңселі кешен. Теріскейге жолыңыз түссе, көріп шығыңыз, көпшілікке қызмет етіп тұр кешен.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу