Татарстан Халықтары Ассамблеясы еліміздегі іргелі ұйымның тәжірибесі арқылы құрылған
Қазір ел халқының саны 17 миллионға жақындаса, соның 65 пайызы - қазақ, қалғаны өзге ұлттың өкілдері екен. Яғни, тағдырлы тарихында түрлі себептермен атажұртынан алыстап, кеңқолтық қазақтың бауырына кіргендер.
Патша өкіметінің отарлау саясатымен бірге жеткен орыс-татарларды айтпағанда, бертіндегі сталиндік кезең мен тың игеру жылдары келген шешен-ингуш, қарашай-балқар, корейлердің өздері ұрпақ алмасудың 4-5 буынын өткерді.
Демек, «жатжұрттықпын» деп жатырқамады, құнарлы топыраққа түскен тұқымдай жайқала көктеп, тамырланды. Ал, ұлттардың сыйластығы мен сеніміне ұйытқы болған - әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Айтпақшы, 4 миллионға жуық халқы бар Татарстан да біздегі іргелі ұйымның тәжірибесіне сүйеніп, Татарстан Халықтары Ассамблеясын құрған.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Татулық, бірлік, келісім – ең асыл іс ел үшін. Қазақстанда қалыптасқан бұл қағида Татарстан үшін де аса көкейкесті. Жалпы, көпұлтты Қазақстан мен Татарстанның ұлтаралық қарым-қатынасты сақтауда жүргізіп отырған саясаты өте ұқсас.
Татарстанда дәл біздегідей ұйым, тек атауы ғана сәл өзгеше, яғни Татарстан халықтарының Ассамблеясы бар. Қоғамдық институт Қазақ елінің тәжірибесі негізінде құрылған.
Мұндағы Ассамблеяның жетекшісі – Татарстан мемлекеттік кеңесінің, яғни жергілікті парламенттің төрағасы Фарид Мұхаметшин. Ұлттық арнаға арнайы сұхбат берген ол, «Қазақстандағы ұлтаралық татулық, Ресейге үлгі»,- деді.
Фарид Мұхаметшин, Татарстан Халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрағасы:
Бауырлас ел Қазақстанның тәжірибесі біз үшін өте қызықты болды. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ұлтаралық татулыққа ерекше мән беріп, Қазақстан халқы Ассамблеясын өзінің басқаруы мені қатты таңғалдырды.
Бізде бұрын Татарстан халықтарының қауымдастығы болған. Сосын біз, Қазақ еліндегі Ассамблеяның жұмысымен елдеріңізге арнайы барып танысып, жан-жақты ақпарат алған соң, 2007 жылы Татарстан Халықтарының Ассамблеясын құрдық.
Татарстан Халықтарының Ассамблеясында 85 ұлттық мәдени бірлестік бар. Жұмыс тәртібі дәл біздегідей, әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау арқылы ауызбірлікті арттыру.
Ал, Ассамблеяда қабылданған шешімдерді нақты іске асыратын ортақ шаңырақ – «Достық үйлері». Мәселен, Қазан қаласындағы «Достық үйінде» 35 ұлттық мәдени автономияға арнайы кеңсе берілген. Бұдан бөлек, концерт, жиналыс залдарын да барлық ұлт тегін пайдаланып, жылына 500-ден аса мәдени шара өткізеді.
Ирек Шарипов, Достық үйінің директоры:
Қазір Татарстан бойынша осындай 5 достық үйі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта аудандарда ашылуы мүмкін. Себебі, көпұлтты қоғамда жай ғана мәдениет үйінен гөрі, осындай мамандандырылған достық үйлерінің болғаны пайдалы. Бізде ұлтаралық қарым-қатынасты жолға қойып, әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға көмектесетін білімді кадрлар бар.
Татарстанда 50 жылдан бері тұрып жатқан қандасымыз Сағит Жақсыбаев, баршаға танылған беделді жан. Ол бұған дейін республикадағы ұлттар қауымдастығын 14 жыл бойы басқарып, Татарстан Халықтары Ассамблеясының құрылуына ұйытқы болды.
Қазір осы Ассамблея төрағасының орынбасары, әрі жергілікті қазақ диаспорасының, «Қазақстан» атты қоғамына жетекшілік етеді. Қоғамның, осы Достық үйінде арнайы кеңсесі бар. Бұл жерде қазақ диаспорасының өкілдері жиі бас қосады.
Ұлттық мерекелерді өткізіп, салт-дәстүрді сақтауға тырысады. Осылайша, Татарстандағы ұлтаралық саясатқа ықпал еткен Қазақстандағы Ассамблеяның арқасында, сыртта жүрген қазақтар да ұлт ретінде өз ерекшелігін сақтап отыр.
Сағит Жақсыбаев, Татарстан Халықтары Ассамблеясы кеңесі төрағасының орынбасары:
Сол қоғамға, осы үйімізге келіп, жиналып жүреді қазақтың жігіттері мен қыздары. Біздің қоғам 1991 жылы Қазақстаннан келген студенттердің бастамасымен құрылған. Сол 1991 жылдан бері жұмыс істеп жүрміз, қазақтың басын қосып, қазақшылығын сақтап.
Кез-келген қоғамның ішкі тұрақтылығы болмаса, тұтас елдің дамуы қиын. Бұған тәуелсіздік жылдарынан бергі Қазақ елінің тәжірибесі дәлел. Осыны түсінген татар билігі де, біздің елдің жүріп өткен жолын, қазір өз керегіне жаратып отыр.
Соның арқасында, бірлігі жарасқан Татарстан да табысқа жетіп, Ресейдегі ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің біріне айналуда. Көрші елдегі беткеұстар озық өндірістің басым көпшілі, осы республикада орналасқан.
Фарид Мұхаметшин, Татарстан Халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрағасы:
Менің ойымша, көпұлтты мемлекеттер, аймақтар үшін, түрлі халықтардың салт-дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін сақтауда Ассамблея сынды қоғамдық институттың маңызы өте зор.
Себебі, Президенттің Жарлықтары мен Парламент тарапынан қабылданатын заңдарды, жалпы мемлекеттің ұлттық саясатын осы Ассамблея арқылы іске асыруға болады.
Сондықтан, татулық пен бірлікті сақтау үшін, қалай тиімді жұмыс істеуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, үлгі болған Қазақстан Президентіне зор алғысымды айтамын.
Татарстанда 170-тен аса ұлт өкілдері тұрады. Олардың арасында 2 мыңға тарта қандастарымыз да тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Осылайша, барлық жұрттың басын қосқан Татарстан Халықтарының Ассамблеясы, біздегідей қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі болып тұр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы