Басты Жаңалықтар Химия өнеркәсібінің қазіргі тынысы қандай?

Химия өнеркәсібінің қазіргі тынысы қандай?

Химия өнеркәсібінің қазіргі тынысы қандай?

Жаһан елдеріндегі жағдайға қарап, ит басына іркіт төгілген заман өтті ме дерсің. Біз де сабақ алуға тиіспіз. Шаңы көтерілген дағдарыстың дауылы жайпап өтпесі үшін, ысырап пен шашпа-төкпеге үйір біздің жұрт қолда барын үнемдеуге көшкен жөн.

Төңіректегі қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық жағдайлар түрлі шығындарды қысқартуға итермелеп отыр. Биліктің биік дәлізінде жүргендер де мойындауға мәжбүр, Ресей экономикасындағы тұрақсыздық бізге әсер етеді. Ал, жаһандық нарықтың шатқаяқтауының алғашқы белгілері- ел бюджетін ықшамдауға алып келді.

Президент бірақ, дағдарыспен арпалысқа индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының күш-қауқары жетерін айтты. Экономиканың екпінін ұстап тұрар алуан-алуан сала бар, химия өнеркәсібіне де иек артуға болады.

Елдегі химия-технология саласының кластері дәл осы индустриялық-инновациялық бағдарламаның негізінде қалыптасты. Жоба Керекуде іске асып, осы өңірде мұнай-химия саласын дамытатын арнайы еркін экономикалық аймақ та құрылды.

Павлодар өндірісті өңір. Облыста зауыт-фабриканың түр-түрі бар. Солардың бірі сонау 60-шы жылдардың аяғында ашылған химия зауыты. Бірақ, кезіндегі зауыт пен қазіргі зауыттың жұмысы жер мен көктей. Себебі, зауыт қазір өнімді қауіпсіз - мембрандық әдіспен өңдейді.

Бұрынғыдай сынап қолданбайды. Цехтардың ішінде жалындаған от, бықсыған түтін, қолқаны қабатын иіс атымен жоқ. Әрі мұндағы негізгі шикізаттың 98 пайызы кәдімгі тұз. Химия тілімен айтқанда хлорланған натрий. Өнім шығару үшін екі пайыз ғана түрлі реагенттер қосылады.

Владимир Рагулин, өндірістік техникалық бөлім басшысы:

Олар сумен араластырылады. Езілген тұз сұйық күйінде тазартылып, электролизге жіберіледі. Тұздың құрамында, натрий мен хлор ғана бар. Бұл осы Павлодар  облысы  аумағындағы тұзды көлдерден алынады.

Өндіріс экологиялық жағынан өте таза. Табиғи өнімді өңдеу технологиясы да жаңа. Озық химиялық әдістер енгізілген. Мәселен, мынау тұз ерітіндісінен жартылай дайын өнім шығаратын электролиз.

Мирас Мұқатов, электролиз аппаратшысы:

Бұл біздің зауытымыздың «жүрегі». Мұнда бүкіл химиялық процестер жүреді. Осыдан шыққан заттардан біз хлор, каустикалық сода, натрий гиплохлориді және тұз қышқылын аламыз. Мембрандық электролизер әлемнің кез келген елінде жоқ. Мен осы жерде жұмыс істеп жатқаныма өте ризамын. Өйткені, мен өзіміздің Тәуелсіз Қазақстанымызда жүріп, үйреніп, тәжірибемді іске асырып отырмын.

Химиялық сұйық ерітінділер жабық түрде арнайы ыдыстар мен цистерналарға құйылып, аймақтарға жөнелтіледі. Өндірістік жұмыстардың 96 пайызы автоматтандырылған. 

Арман Қамиев, басқарушы оператор:

Біздің жұмыскерлер дайын өнімді көрмейді, деуге болады. Өйткені, компьютер арқылы жасалады барлығы. Жаңашыл жобаларға қол жеткізіп жатқанымыз Президентіміздің арқасы, деп білемін. Әсіресе, мен сияқты жастардың болашағы зор. Мысалы, осындай  автоматтандырылған басқару жүйесі дамыған елдерде ғана бар. Ал, біздер өз еліміздің дайын мамандарымыз.

Кәсіпорын жанынан бүгінде арнайы еркін экономикалық аймақ құрылып, жаңа өндіріс ошақтары ашылып жатыр. Олар тұрмыста және медицинада қолданылатын өнімдерді шығарады.

Яғни, өндірісті өңірде шикізат экспорты азайып, шетелдерге дайын тауар шығарады. Мәселен, осыдан тура төрт жыл бұрын химия зауыты аумағында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Каустик» деп аталатын жаңа зауыт ашылған.

Негізінен химия кластерін дамытып, хлор-сілті және мұнай-химия өнімдерін шығарады. Қазір өзінің толық қуатына көшкен кәсіпорын ішкі нарықтан импорттық тауарларды ығыстырып жатыр.

Ерлан Орымбеков, «Каустик» АҚ басқарма басшысы:

2010 жылы осы кәсіпорынды сіз ашқан едіңіз. Содан бергі 4 жылда 70 мың тонна каустикалық сода, 50 мың тонна сұйық хлор, 52 мың тонна тұз қышқылын шығардық. Бұрын бұл өнімдер Өзбекстаннан және басқа мемлекеттерден әкелінетін. Қазір еліміздегі кәсіпорындар тегіс отандық өнімді пайдаланады.

Елбасының тапсырмасымен құрылған арнайы экономикалық аймақта алты бағыт бойынша жаңа өндірістер іске қосылды. Олар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, медицинада және тұрмыста қолданылатын түрлі химиялық тауарлар шығарады.

Амангелді Исаханов, өндірістік цех операторы:

Химия саласында ертеде қызмет істегенмін. Ол жабылып қалып, қайтадан ашылғалы 4 жыл болды. Содан осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Елбасымызға көп рахмет айтамын. Біз де осы зауыттың арқасында отбасымызды асырап, жақсылыққа кенеліп жатырмыз.

Арнайы экономикалық аймақта қазір тек отандық инвесторлар жұмыс істейді. Инфрақұрылымды жаңартуға 108 миллион доллар инвестиция тартылған. 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған аумақта Ресей мен Еуропалық инвесторлар да жұмыс істеуге ынталы.

Бірақ, ішкі және сыртқы сұранысты толық қамтамасыз еткен аймақ әзірге басқалардың көмегіне көп зәру емес.

Индустрияландырудың келесі бесжылдығында біз дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз керек. Президент ол үшін экономиканың өсімін 6 пайыздан кемітпей, жыл сайын 30-дан 50 мыңға дейін жұмыс орындарын ашуды міндеттеді. Әрі ғылымға негізделген индустрияны мықтап меңгеру керектігін ескертіп, 2020 жылға қарай озық технологиялық өнімнің ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін жеткізуді алға мақсат қылып қойды.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Болат АМАНБАЕВ

Бөлісу