Н.Назарбаев неге үнемдеуді, неден үнемдеуді және неліктен мемлекетке «сауын сиыр» ретінде қарамауға шақырды?
Қырымнан басталған қырғиқабақ соғыс, «қара алтын» құнының құлдырауы - әлемді абыржытып тастады. Жаһан елдері тағы бір дүниежүзілік дағдарыстың боларын аңдағандай, қазына қаржысын түгендеп, үнемдеп, экономикаларының екпінін бәсеңдетпеу үшін жанталасуда.
Бейсенбіде Ақордада еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына байланысты жиын өтті. Күніне мың құбылған жаһандық экономикалық өзгерістерге байланысты елдегі экономикалық, қаржылық ахуал сараланды.
Жиында Мемлекет басшысы қазына қаржысының күрт азаюына байланысты, Үкіметке оның кейбір тетіктерін қайта қарауды тапсырды.
«Біз бұған дейін бюджетке өзгеріс енгізгенбіз. Қажет болса, тағы даөзгертеміз. Ел тұрғындарына барлық жағынан үнемдеуге көшкенімізді түсіндіру керек», - деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев осы жұмада Ақордаға Өмірзақ Шөкеевті де шақыртты. Қазынаның «майлы жілігін» ұстаған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына дереу дағдарысқа төтеп беретін бағдарлама дайындауды тапсырды.
Өмірзақ Шөкеев жаһандағы мұнай бағасының түсуі, Ресей рублінің мүшкіл хәлі «Самұрық-Қазынаға» кіретін компанияларға зардап-зияны тиіп жатқанын мойындап отыр. Бұл тығырықтан шығу үшін ұлттық қор тиімділігі аз, шығыны көп мекемелерін жаппай қысқартуға көшкен.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқармасының төрағасы:
Елбасының тапсырмасымен, біздің компанияларда биылғы жылғы жоспарларды қайтадан қарастырып, шығындарды қысқарту жөнінде тапсырма берілген болатын. Біз осыған байланысты ағымдағы шығындарымызды 20 пайызға қысқартып отырмыз. Өндірістегі шығындарды 7,8 пайызға қысқартып отырмыз. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жоспарымызды 18 пайызға қысқартуға мәжбүрміз. Ал енді стратегиялық маңызы бар негізгі бағдарламаларды - трансфомация бағдарламасын, жекешелендіру бағдарламасын одан әрі жалғастырып, қарқынын төмендетпеу бізге тапсырылды.
Ал, қазір жаһандық экономикалық өзгерістерге байланысты елдегі экономикалық, қаржылық ахуал сараланған жиынға назар салыңыз. Президент неге үнемдеуді, неден үнемдеуді және неліктен мемлекетке «сауын сиыр» ретінде қарамауға шақырды?
Жаһандық экономиканың даму қарқыны баяулап қалды. 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың салған ізі бар, оған әлем алыптары арасындағы геосаяси текетірестің ушығуы қосылды. Ортақ ахуалды жайлы деу - қиын қазір.
Мұндай сын сағат дамушы елдерге де үлкен ауырпталық әкеледі. Мемлекеттер шығындарын қысқартуға мәжбүр. Содан билік отандық экономиканы әлсіретіп алмаудың қамына кірісті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
5-6 жыл бұрын болған үлкен дағдарыс аяқталған жоқ. Оның салдары қазірге дейін бізге тиіп келеді. Қазір біз жаңа дағдарыстың ішіне кірдік. Бұрынғы болған дүниежүзілік дағдарыс, қазіргі дағдарыстың шығып жатқан себебі, біріншіден, біздің сыртқа сататын өнімдеріміздің бағасының төмендеуі ,әсіресе, мұнай бағасы.
Мемлекет үшін бірінші қауіп - қара алтын бағасының құлдырауы. Жаһандық мұнай саудасына соңғы жарты жылда саясат араласты. Қара алтын бағасы алпыс пайызға төмендеді.
Халықаралық ұйымдар бағаны бақылаудан шығарып алды. Бұл -айналып келгенде кірісі шикізатқа тәуелді елдерге оңай соққы болған жоқ. Сарапшылар қара алтын бағасы әлі де төмендейді деген болжамнан таймай отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жартыжылдықта мұнай бағасы 110 АҚШ доллары болса, қазір 50 АҚШ долларына дейін төмендеді. Оның үстіне түсті және қара металдардың бағасы төмендеді. Оның барлығы бюджетке келіп тұратын қаражаттың ауқымын азайтады. Сондықтан мен халыққа айтқанымдай, біз қазіргі жағдайда дағдарыс кезіндегі бағдарламаны орындауымыз керек. Біз мұндай жағдай болатынын алдын-ала білдік. Қамдандық. Сондықтан бірінші - «Нұрлы жол» бағдарламасы осы дағдарысқа қарсы жасалған бағдарлама. Ал, екінші - Индустриалдық-инновациялық бағдарлама.
Ал, екінші қауіп - көрші елде инфляция күшінде. Ресейге қатысты санкциялардың мерзімі ұлғая берсе, іргелес елдің экономикасы тұншыға бастайды.
Қазірдің өзінде мемлекет 134 миллиард АҚШ долларынан астам капиталын жоғалтты. 2015 жылы да осы қарқын сақталса, бұл теріс үрдістер Ресеймен экономикасы тығыз қабысқан біздің тақымға батары хақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіншіден, Украинадағы жағдай және Ресейге қатысты Европа санкциялары. Біздің кедендік одақ пен экономикалық жағынан байланысымыз бар. Бұл бізге де әсер етеді. Бүгінгі ресейлік рубльдің жағдайын бақылап, қажетті шара қолдануымыз қажет.
Ғаламдық һәм өңірлік проблемалар Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бюджет кірісі шикізатқа тәуелді болғанан кейін, қазірдің өзінде елдің табысы қысқарды.
Өткен жылды барлық қиындыққа қарамастан, 4,3 пайыздық өсіммен аяқтаған болсақ, келер жылға болжам бұдан да төмен.
Егер қара алтын бағасы алдағы үш жылда 50 АҚШ долларының төңірегінде қалса, ішкі жалпы өнім өсімі – 2015 жылы 1,5 пайыз, 2016 жылы 2,3 пайыз, 2017 жылы 3,4 пайыз болады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бюджеттің күрт қысқаруы себепті Үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келеді. Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек.
Ең алдымен бюджет қаражаты барынша үнемделеді. Әлеуметтік нысандардың құрылысы, жалпы құрылыс ауқымы қысқарады.
Жаңа нысандар салынбайды. Тіпті кейбір инвестициялық жобалардың қаржыландырылу мерзімі де кейінге шегерілуі мүмкін.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады.
Дағдарыс кезінде мемлекет негізінен ішкі резервтеріне, ұлттық қор қаражатына иек артады. Жаңа жұмыс орындарын құруға күш салады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы, ендігі индустриалды бесжылдық жоспары жаңа қиындықтарды еңсеруге көмек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Барлық жерде қарау керек. Қай жерде жұмыскерлердің қолы босайды. Оларды жол салуға, үй салуға ауылдардағы жұмысқа орналастыру керек. Ол кезде бұдан да қиын болды. Ол кезде 30 АҚШ доллары болды мұнай. Бұл қиындықтан да шығамыз. Бірақ та бәріміз Үкімет, әкімшілік, облыс, аудан, ауыл – барлығы жұмыс істесе, біз бәрін орындаймыз.
Қысылтаяң шақта барлық әлеуметтік төлемдер сақталады. Бірақ бюджет қаржысын үнемді жұмсау жағы бұрынғыдан бетер бақылауға алынады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізде байлар да, кедейлер де бірдей ақша төлейді. Бұлай болмауы керек. Атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалылар мен тұрмысы төмендерге арналған жәрдемақы бақуатты адамдарға берілмеуі керек. Бізде балабақша бағасы да, балалар тағамына төленетін баға бірдей. Бәрі бірдей, бәрі мемлекет тарапынан төленеді.
Үкімет мұнай бағасы тіпті 30 АҚШ долларына дейін төмендеген жағдай да отандық экономиканы ынталандыру жоспарын ойластырып отыр. Әзірге дамудың үш бағыты бар.
Ерболат Досаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі:
Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға қажетті барлық мүмкіндік бар. Үкіметтің экономикалық саясатын жүзеге асыруда «Нұрлы жол» бағдарламасы негізгі бағыт бола болады. Сондай-ақ, 2015 жылы өндіріс ошақтарын қолдауға бағытталған арнайы жоспар да түзілді.
Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі: 2014 жылдың қорытындысы бойынша, бюджеттің негізгі өлшемдері орындалды. Ұлттық қордан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген 1 триллион теңге көзделген мақсатқа жұмсалады.
Қайрат Келімбетов, Қазақстан Республикасының Ұлттық банк төрағасы:
Ұлттық қор 73 миллиард АҚШ долларына, ал валютаның алтын қоры 102 миллиард АҚШ долларына жетті. Ұлттық банк биыл теңгенің тұрақты болуына барлық жағдай жасайтын болады.
Алайда нақты қадамдар алдағы үкіметтің кеңейтілген отырысында жарияланады.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы