Ангела Меркель: Мұсылманға күдік келтіруге және оларды қоғамнан шеттетуге Германияда жол жоқ
Дүниені дүрліктірген һәм біріктірген Париждегі қанды оқиғадан бері 9 күн өтті. Мұндай қасіретті де, миллиардтаған мұсылманның асыл дінін қорлаған бейадами қасиетті ешкімнің басына бермесін.
Соңғы жарты ғасыр бойы Францияда мұндай қанды оқиға болмаған. Оны Франсуа Олланд билiгi «террор» деп бағалады. Өткен аптаның сәрсенбісінде басталған террор толқыны бүкiл Париждi үш күн бойы үрей қыспағында ұстады.
Париждегі шабуылдардың хронологиясы қысқаша былай. Қаңтардың 7-сінде ағайынды Шериф пен Саид Коачилер «Charlie Hebdo» журналының редакциясына басып кіріп, 12 адамды қанға бөктірді. Ал, ертесіне Париждің Монруаж ауданында белгісіз біреулер полицей әйелді атып кетсе, қаңтардың 9-ында 32-жастағы Амеди Кулибали еврейлердің супермаркетінде бірнеше адамды кепілге алды.
Бұл шабуылдан кепілдегі 4 кісі өліп, 15-і штурм кезінде дүкеннен қашып шықты. 3 күнге созылған террор кезінде лаңкестермен қосқанда барлығы 20 адам қаза тапты.
Өз бастарына бәле тілеп, дінді келеке қылған, тұтас Ислам әлемін қаралап жатқан «Charlie Hebdo» оқиғасына қатысты дүние қақ жарылды.
Мұхаммед Пайғамбарды әжуалап, дүниеге танылған «Charlie Hebdo» журналының жаңа өмірі «Liberation» газетінің редакциясында басталды. Ал, оның қаңтардың 7-сіндегі сұмдық шабуылдан аман қалған журналистері мен карикатуристері - қазір мұздай қаруланған полицейлердің ерекше қамқорлығында.
«Liberation»-ның бас редакторы мәлімдегендей, «Charlie» -дің шығармашылық ұжымы оның газетінің кеңсесінде қанша қажет болса, сонша жұмыс істей алады.
Пьер Фрайденрайч, «Liberation» газетінің редакторы:
Иә, олар мұнда қанша уақыт қаласа, сонша қызмет ете алады. Бір жыл ма, екі жыл ма – ешқандай кедергі жоқ.
Сөз бостандығы терроризмнің алдында тізе бүкпеуі керек. «Charlie» -дің тілшілері журналдың 1178-нөмірін шығаруға осындай принциппен кірісті. Және де сатиралық апталық дер кезінде, яғни бұрынғыша сәрсенбі күні жарық көрді.
Бұған дейін 60 мың данамен тараған басылымның осы аптадағы тиражы 5 миллионнан асып кетті. Соның 3 миллионы алғашқы 15 минутта-ақ дүңгіршектерден сатылып кеткен.
Осылайша, аты шулы журнал француз баспасөзі тарихында өтімділігі жағынан абсолюттік рекорд орнатып отыр. Ал, апталықтың мұқабасында – тағы да Мұхаммед Пайғамбарға карикатура.
Оның қолында «Мен –Шарлимін», демек тілшілермен біргемін деген жазуы бар плакат. Бірақ автордың ойынша, террористердің өздері де бала күнінде сурет салса да, әзілді түсінуге қауқарсыз.
Ренальд Лузьер, «Charlie Hebdo» журналының карикатурисі:
Бәріміз бала кезімізде қандайда бір кейіпкерлердің суретін қағазға түсірдік. Солардың ішінде террористер де бар. Бірақ лаңкестер қалжыңды ұмытты, олар дүниеге бір сәтке болса да, бала тәрізді сырттан қарауға қауқарсыз. Ал, «Charlie Hebdo» мұндай қасиеттерден ада емес.
Қаза тапқан карикатуристердің бірінің жерлеу рәсімінде Франция Әділет министрі де журналистерге сұхбат беріп, өз елінде әлем діндері мен олардың пайғамбарларын әжуалауға құқық бар екенін ескертті. Өйткені оның пікірінше, мұндай әзіл де – демократияның бір бөлігі.
Кристииан Тобира, Франция Әділет министрі:
Біз бәрінің, керек десеңіз, пайғамбардың да суретін сала береміз. Өйткені Францияда және Вольтердің елінде діндерді де қалжыңға қосуға құқық бар. Ал, құқық дегеніміз – демократия, демократия дегеніміз – заң үстемдігі ғой.
Париждегі шабуылдардан кейін Францияда «Бірлік маршы» өтіп, оған 3 миллионнан астам адам қатысты. Солардың ішінде 40 шақты мемлекеттің басшысы мен сан мың мұсылман болды.
17 адамның өліміне өкініш, ал қантөгіске наразылық білдіріп, Мысырдың әл-Азхар университеті, Араб мемлекеттерінің лигасы да мәлімдеме жасады.
Алайда Мұхаммед Пайғамбардың суреті журнал бетінде қайта пайда болғаннан кейін Ислам Ынтымақтастығы ұйымы үнсіз қалмады. 57 мемлекеттің басын қосқан орган жетекшісінің айтқанынан ұққанымыз - сөз бостандығы - келекелеуге сылтау емес.
Ияд бен Амин Мадани, Ислам Ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы:
Париждегі айуандық шабуылды және «Charlie Hebdo» редакторларының қаза болуын бүкіл Ислам әлемі, қарапайым халық, үкіметтер айыптап отыр. Сонымен қатар, мұндай әрекетті қолдамайтынын білдіру үшін Париждегі маршқа мұсылман елдерінен де талай адам қатысты. Бірақ келесі күні журнал карикатураларды қайта жариялады. Мұны біз өзгені елемеу, құрметтемеу деп білеміз. Ал, сөз бостандығын басқа діндерді шабуылдауға пайдаланбаған абзал.
Бас хатшының ойынша, ойды еркін білдіру құқығы басқаны жек көруге, ренжітгуе ешқашан шақырмауы керек. Және де Маданидің тағы бір мәлімдемесіне қарағанда, кез келген саналы адам өз сенімі мен дінін мазақ қылғанды қаламас еді.
Сурет үшін адам жанын қию қаншалықты дұрыс? Араб әлеміндегі ең ірі ислам мемлекеті – Мысыр жұртының француздық журналда жарияланған карикатуралар мен оларға қарсылық жайындағы пікірлері әртүрлі.
Самир Махмұд, Каир тұрғыны:
Мұсылмандар мен Ислам мұндай қалжыңдардан жоғары әрі күшті ғой. Ондай сандыраққа мән бермеуіміз керек. Сонда ғана бұл карикатуарларда құн болмайды.
Әмад Әуад, Каир тұрғыны:
Егер сіз маған бірдеңе лақтырсаңыз, мен де сізге бірдеңе лақтырамын. Яғни, қарсылық көрсетемін, дәл тигізуге тырысамын. Адам үшін бұл – табиғи реакция емес пе?
Мұхаммед әл-Имейри, Каир тұрғыны:
Олар біздегі терроризмді көріп отыр. Мұнда да атып-жарып жатады. Бірақ осы аймақтағы шабуылдарды кейбіреулер үйреншікті жағдай деп есептейді. Ал, Франция мен Германияда журналистер өлсе, сол оқиғаны лаулатып, әлемге жариялап, Исламды кінәлап шығатындар бар. Мұны қалай түсінуге болады?
Бірақ Франциядағыдай оқиғалардан кейін дін атынан мәлімдеме жасайтын қарулы топ міндетті түрде табылады. Бұл жолы да солай болып, «Йемендегі әл-Каида» Париждегі қантөгісті мойнына алды.
Жиһадшылардың сөзіне қарағанда, олар «Charlie Hebdo»-ның редакциясын Мұхаммед Пайғамбарды масқаралағаны үшін бірінші Алланың, екінші «әл-Каида» жетекшісі Айман Зәуахридің бұйрығымен және марқұм Осама бен Ладеннің тілегін орындау үшін шабуылдаған.
Ал, «Қарт құрлықта» мұсылман иммигранттардың көбеюіне наразылық күшейіп келеді. Осы аптаның өзінде «Еуропа патриоттары Батыстың исламдануына қарсы» атты қозғалыс Ослода, Дрезденде, Мюнхенде, Кельнде ауқымды шерулер ұйымдастырып, ондаған мың адамды көшеге шығарды.
Осындай шақта ел бірлігін сақтау үшін канцлер мұсылмандарды неміс қоғамының бір бөлігі деп, парламенттің трибунасынан жариялап отыр.
Ангела Меркель, Германия канцлері:
Өткен сәрсенбіде 17 адамның халықаралық терроризмнің құрбанына айналғанынан жанымыз түршікті, сөзіміз жоқ. Осынау қиын шақта Германия - Франциямен бірге дегім келеді. Бірақ сол лаңкестік үшін елдегі барша мұсылманға күдік келтіруге және оларды қоғамнан шеттетуге Германияда жол жоқ.
Дегенмен, 11-қыркүйек трагедиясын бастан кешкен Нью-Йорк полициясына мұсылман қауымын аңдуға, олардың іс-әрекетін бақылауға заңмен рұқсат берілген.
Париждегі шабуылдардан кейін мұндай тыңшылық тіпті күшейе ме деген қауіп бар. Сондықтан жақында бір топ адам сот алдына жиналды.
Демонстранттардың бірі қолына «Мұсылман болу – қылмыс емес» деген ұран ұстап шығыпты.
Глэнн Катон, «Мұсылман адвокаттары» ұйымының заң істері жөніндегі директоры:
Әрине, құрама штаттарда мұсылмандар да, еврейлер де, христиандар да Париждегі трагедияның қайталанғанын қаламайды. Алайда, біз басқа біреулердің әрекеті үшін тұтас бір діни қауымды 10 жылдан артық аңдығандарына қарсымыз.
Ал, Джоржтаун университетінің діни қызметкері әрі имам Яхья Хендидің ойынша, Париждегі оқиғалардың мұсылмандар үшін жаман ғана емес, тіпті жақсы жағы да бар екен.
Имам Яхья Хенди, Джорджтаун университетінің діни қызметкері:
Мұның жақсы жағына келетін болсақ, мұсылмандар өздерінің арасында дін атын жамылып, қылмыс жасайтын нашар адамдардың бар екенін біліп, сол кемшілікті түзеуге күш салатын болады. Жаман жағына келсек, кейбір нақұрыстардың әрекетіне бола дүниежүзінде 1 миллиард 600 миллион мұсылман кінәлі болып шықты. Және де осындай оқиғалар кесірінен қазір әлемде Исламға деген наразылық күшейіп келеді.
Антитеррористік операция барысында редакция ұжымын қырғынға ұшыратқан ағайынды Шериф пен Саид Коачилердің де, Кулибалидің де көзі жойылды. Бірақ Еуропада радикалдарға қарсы шаралар мұнымен шектелмейтін тәрізді.
Жұма күні Францияда ғана емес, Бельгия мен Германияда да ауқымды рейдтер жүрзіліп, ондаған адам тұтқындалды.
Арыстан РЫСБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы