Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Алматыда инновациялық даму мәселелерін дамытуға арналған кеңеске қатысты

Мемлекет басшысы Алматыда инновациялық даму мәселелерін дамытуға арналған кеңеске қатысты

Мемлекет басшысы Алматыда инновациялық даму мәселелерін дамытуға арналған кеңеске қатысты

Осы дүйсенбіде Мемлекет басшысы Алматыда инновациялық даму мәселелерін дамытуға арналған кеңеске қатысты. Ғалымдар мен жас өнертапқыштармен жолығып, отандық экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар инновациялық жобаларымен танысты.

Жалпы, азаттық алғалы біздің ғалымдар мыңдаған ғылыми табыстарын патенттеп үлгеріпті. Бірақ, жаһанның мықтылары мойындаған инновацияларын өнертапқыштарымыз өндіріске енгізе алмай жүр. Ғылым мен өндірістің арасында байланыс аз.

Таңдай қақтырарлық инновациялық тамаша туындылар тұншығып жатыр. Оларды тәжірибеден өткізетін қаражат, я өнеркәсіп жеткіліксіз. Амалдары құрыған өнертапқыштардың бірі мұхит асса, енді бірі елеусіз қалған еңбектерін көк ақшаларын көлденең тартқан шетелдіктерге сатып жүр.

Мәселен, Жапония, Кореяда бақуатты кәсіпкерлер ғалымдарын демеп, қаржыларын инновацияға салады. «Ел өркендесін, ғылымның өрісі кеңейсін» дейді. Бізде керісінше. Бизнесмендер өнертапқыштарды қолдағаннан гөрі, түрлі жынойнақтар мен сауық орталықтарын салып, пайдаға батуды ойлайды.

Абайша айтсақ, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіздің» парқы мен нарқына үңіле бермейді. Патент алу белсенділігі жағынан қазір Қазақстан әлемнің 141 елінің ішінде 42-орында тұр. Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев бұл қолдау салыстырмалы түрде әлі де аз екенін айтты.

Отандық экономиканы жаңғырту бір ғана  жағдайда мүмкін. Ол өндірістерді, кәсіпорындарды құруға - тек жаңа көзқараспен келу. Кәсіпкерлер инновацияға, ғылымға  негізделген бизнесті ғана  құруға дағдыланып, мұның заман талабы екенін терең түсінуі қажет.

Инновациялық  даму мәселелеріне арналған кеңесте жаңалыққа  ұмтылудың ел экономикасын дамытуда шешуші мәселе екенін Елбасы тағы да кәсіпкерлердің есіне салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Инновация бұл – әр экономикадағы, әр саладағы, әр кәсіпорындағы бәсекелестіктің негізі.   Мұны барлық компания  біліп жүрсін. Әрбір кәсіпорын  ғылымға арқа сүйей отырып  жұмыс істейді.

Ғылымнан қол үзсе, белгілі бір сәтте тығырыққа келіп тіреледі,  өспейді,  өнім сапасын жоғалтады, нарықтан айрылады. Міне, осы кезде сіздерге ғылым ғана көмекке келеді.  Бірақ, біздің компаниялардың  ғылымға қаражат салуға құлқы жоқ.   

Кез келген өндірістің тірегі – ғылым. Ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтар, тың идеялар отандық өндірісті ғаламдық экономиканың көшінен қалдырмайды.  Әлемдегі болашағына  жанашыр бір де бір ел өз новаторларының  интеллектуалдық меншігін өзге жұртқа  саудаламайды.

Сондықтан, мемлекет үшін жалғыз шешім – отандық ғалымдарға жағдай жасау. Ғалымдардың жаңа буыны жастардың жасампаздығына сенім арту.  Үкімет қазір тың идеяларға  іздеу салып, ғалымдардың  мүмкіндіктерін біріктіріп,  бір аймаққа топтастырып жатыр.

Бұл алаң «Инновациялық технологиялар паркі» деп  аталды.  Алып алаңда еліміздегі алдыңғы қатарлы ЖОО-ы  бизнеспен  бірлесіп, жаңа жобаларды құрып  жатыр. Алматыда осы аптада экономиканың әр саласындағы жаңа әзірлемелер инновациялық жобалар көрмеге шығарылды.     

Елбасына таныстырылған бұл инновациялық  жобаның  жүзеге асу технологиясы өте қызық.   Отандық ғалымдар жанар-жағармайды көмірден алуға мүмкіндік бар дейді.

Ол үшін  отын көзі терең өңделеді, жоғарғы температурада  мықтап қыздырылады. Алдымен газ алынады,  кейін газ  сұйықтыққа айналады.

Болат Ермағамбет, «Көмір химиясы және технологиясы институты» ЖШС директоры:

Зауыттың қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Негізі жобаның қуаттылығы күніне 5 тонна көмір өндіріп, одан бір тонна жанармай алу.

Отандық ғалымдардың  әзірлемелері том-том болып толып  тұр. Дені қолдау болмай  немесе өндіріске жаратуға қаражат табылмай қағаз күйінде қалып қойды.    Алматыдағы   ЖОО  бірі  ерекше үдеткіш ойлап тапқан, оқытушылар мұндай құралдың әлемде  баламасы  жоқ, дейді.  

Өнертабысты Америкада  патенттеп,  үдеткіштің көмегімен  күн батареяларын жасады. Енді өнертабысты өндірістегілер ілестіріп әкетсе, дейді.

Қайыр Нүсіпов, физика ғылымдарының докторы, профессор:

Артықшылығы - бұл батареялардың пайдалы  коэффиценті  екі есе артық.

Елде  инновациялық  өндірістердің тізбегін қалыптастыру үшін  кешенді индустриялық инновациялық жоспар қолға алынғаны белгілі. Алғашқы бес жылдыққа негізінен   «ақылды»   өндірістерді құру үшін  қажет  инфрақұрылым қалыптасты. 

Ендігі бес жылдыққа жобаларды іріктеу  үшін Инвестиция және даму   министрлігі  елдегі ғылыми ортамын кеңесті. Жоғары оқу орындарының, ғалымдардың, зерттеу институттарының әзірлемелерін ұзақ іріктеді. Нәтижесінде үш жарым мың  жобадан 577-сін ғана қолдау керек, деп шешты.   

Енді  инновациялық жиында таныстырылған 268 ғалымның,  135 шағын инновациялық  компанияның    және  174   кәсіпорынның   жобасы  жүзеге аса бастайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз білімді дамыту жағын ойластырдық. Зияткерлік мектептер құрылды, оған ең талантты балалар қабылдануда. Шетелде жұмыс істейтін отандық ғалымдар елге орала бастады, мұнда оларға тиісті жағдай жасалуда.

Инновацияны дамытудың алғышарттары деген осы. Кедендік одаққа қатысушы ел әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының болашақ мүшесі ретінде біз үшін бұл маңызды мәнге ие. Мен жастарымызға тағы да айтамын – ғылыммен айналысыңыздар. 

Инновациялар өнімділік  еңбектің  тиімділігін бірден  ұлғайтады.  Соңғы 5 жылда  саланы қолдауға  50 миллиард теңге бөлінді.   Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға   74 миллиард теңге қарастырылған. 

Патент алу белсенділігі жағынан Қазақстан әлемнің    141 елінің ішінде 42-орында тұр.  Бірақ, бұл қолдау салыстырмалы түрде әлі де аз. 

Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі:

Индустриялық жоспардың ендігі бес жылдығында біз өңдеу өнеркәсібіне ерекше ден қоямыз. Біздің мақсатымыз – біріншіден, дәстүрлі салалардағы    технологиялық   жағынан  кейін қалуды азайту,  екіншіден, экономиканың  жаңа салалары  робот құрастыру,  автоматтандыру, инжиниринг, мультимедиалық технология   салаларына негіз қалыптастырып беру.  

Елімізде екі үлкен инновациялық  парк бар. Бірі - Астанада   Назарбаев университетінің   жанында,  енді бірі - Алматыдағы   «Алатау»  инновациялық технологиялар паркі.   

Осы екі ғылымды  зерттеу, өндірісті дамыту алаңдары  жүздеген   жас әрі  тәжірибелі ғалымдардың  әзірлемелерін  топтастырды.   Кейбір  өнертабыстардың текке жатпас үшін, зертханада қалып қоймасы үшін  ғалымдар инновациялық форумға жобаларын ала келді. Кәсіпкерлердің  алдында  өздері таныстырды.   

Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» КЕАҚ-ның ректоры:

Біз  Назарбаев университетінің ғалымдары осы   кезге дейін  26 патент алдық,  ғылыми  әзірлемелерміз  көп.   Егер  ойымыз жүзеге асса,   екі  инновациялы  компанияны   құрғалы отырмыз.  

Ал,  Алматыдағы «Алатау»  инновациялық  технологиялар паркінде қысқа мерзімде 150  компания  құрылды.   Олар – IT-компаниялар, желілер, өзге де жоғары технологиялы өнім шығаратын  ірілі- ұсақты   өндірістер.

Жаңа  кәсіпкерлік нысандар  биыл мемлекетке  екі жарым миллиард теңге салық  төледі. Ал,  үш  төрт  жылда  Алматыдағы  инновациялық технологиялар паркінде 200  компания сенімді жұмыс істейді. Сол кезде мемлекетке келетін пайда  6  миллиард теңгені құрайды.  

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Индустрияландыру аясында ашылған өндірістер толығымен жұмыс істеп  тұр.  Заңнама мәселесі шешілгеннен соң «Алатау» технологиялық паркіне  қатысушылардың   саны үш есе өсті. 

Ал, инновациялық кластердің өзегі  әрине, еліміздегі жоғары оқу орындары.   Инновациялық форум  өткен  әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университеті   Алматыдағы  технологиялық парктің  бір  бөлшегі.  

ЖОО  өз базасында да    медицина-биологиялық   және   инновациялық кластер  қалыптастырып жатыр.  Медициналық кластер аясында  Оңтүстік Кореямен бірлескен жоба  заманауи диагностикалық  орталық ашылмақ.

Ғалым Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің ректоры:

Бізде екі кластер қалыптастырылып жатыр. Неге Оңтүстік Корея? Себебі, бұл ел медицина бойынша алда келе жатқан мемлекет.

Үкімет қазір елдегі ғылыми орта мен интеллектуал  жастардың әлеуетін біріктіріп жатыр.  Олар  білімін,   ақыл-ойын  ел болашағына  бағыттайды. Бірақ,  тек биліктің ғана емес, бизнестің  де  жан-жақты  қолдауы қажет  болып тұр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдің бәрі ғалым бола бермейді. Солардың арасынан талантты жастарды іздеп тауып, оқытып, ғылым-білімге баулуымыз керек. Солардың арқасында өндірісті дамытсақ, сонда біз өсетін боламыз. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына аяқ басып отырмыз. Екінші бесжылдық сол инновацияның арқасында болуы керек. Жастарға айтарым – ғылымға бейімделіңдер.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Бөлісу