«Қара алтын» нарығындағы ахуал біздің елге қалай әсер етеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қара алтын» нарығындағы ахуал біздің елге қалай әсер етеді?

14.12.2014
«Қара алтын» нарығындағы ахуал біздің елге қалай әсер етеді?

«Қара алтын» нарығындағы ахуал Қазақстан тәрізді мұнайлы елдерді мұңайтып отырғаны анық. Осы аптада да Нью-Йорк пен Лондоннан жеткен жаңалықтар көңілге медеу болмай тұр.

Өткен айдың соңында Венада ОПЕК-тің кезекті конференциясы өтті. Соңында Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы монархиялар қара алтын өндірісін қысқарту туралы ұсынысқа қарсы дауыс берген-ді. Содан бері бір баррельдің құны 70 долларлық белесті бағындыра алмай келеді.

Бұл аздай, Саудия Азия мен АҚШ-қа мұнайды арзандатып сатуға әзір. Соған қарағанда, энергетикалық шикізаттың нарқы бұрынғы биігіне бүгін-ертең көтерілмейтін тәрізді.

Маусымның ортасында 115 долларға саудаланған Brent маркалы мұнайдың бір бөшкесі осы аптаның соңында 63 долларға сатылды. Яғни,  соңғы жарты жылда ол шамамен 45 пайыздай құнын жоғалтып отыр. 

Дегенмен, Халықаралық валюта қорының болжамына қарасақ, арзан мұнай ірі экспорттаушыларға оңай тимейді, бірақ әлем экономикасына серпіліс береді. Бұл нарық биыл неліктен мұндай жағдайға жетті, алда не күтіп тұр?

Қарашаның 27-де Венада Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы – ОПЕК-тің  кезекті конференциясы өтті. Оған дейінгі бес айда «қара алтынның» құны 35 пайызға арзандаған екен. Сондықтан, бұл жиыннан, әсіресе, Иран, Ресей, Венесуэла, Нигерия тәрізді ірі экспорттаушыларға  өндірістің қысқаруын, энергетикалық отын бағасының өсуін күтті.

Өйткені, олардың  бюджеті, керек десеңіз, кейде саяси тұрақтылығы да қымбат шикізатқа тәуелді. Алайда, бұл мемлекеттердің үміті ақталмады: ОПЕК  бұрын күніне қанша баррель мұнай шығарса, алдағы жарты жылда да сонша өндірмек.

Абдаллах әл-Бадри, ОПЕК-тің Бас хатшысы:

Конференцияда біз өндірісті тәулігіне 30 миллион баррель деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадық.  Бұл көрсеткіш алдағы 6 айда өзгермейді.

ОПЕК-ке 12 мемлекет мүше. Солардың ең ықпалдысы – Сауд Арабиясы. Конференцияда дәл осы корольдік пен Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Катар өндірісті қысқарту туралы ұсынысқа тосқауыл қойды.

Айта кету керек, Саудия - Сирия президенті Башар Асадты биліктен аластату қажет деп есептейтін елдердің бірі. Ал, Ресей  мен Иран Дамаскідегі үкіметті құлатуға әу-бастан қарсы. ОПЕК-тің мұнай өндірісін кемітпей, бағаны құлдыратуы осы қарама-қайшылыққа байланысты ма?

Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Ал, көптеген экономистердің пікірінше, мұнай бағасының түсуіне АҚШ-та тақтатастан отын алу кәсібінің өркендеуі, Қытай мен Еуропада өндіріс өсімінің әлсіздігі себепші.

Стефен Вуд, «RUSSELL INVESTMENTS» компаниясының нарықтық стратегия жөніндегі маманы:

Біз Қытайдағы өндіріс өсімінің баяулағанын оның есептік ставкасының төмендеуінен байқаймыз. Экономиканың бәсеңдеуі қазір Жапония мен Еуропада да көрініп отыр. Демек, әлемде ОПЕК белгілеген бағадан бөлек, сұранысқа байланысты да факторлар көп.

Австриядағы жиыннан  «өндіріс көлемі өзгермейді» деген хабар жеткеннен кейін биржаларда  мұнай бағасы күрт арзандады. Ал, осы жұмада Сауд Арабиясы Азия елдері мен Құрама Штаттар үшін «қара алтын» құнын шамамен 2 долларға төмендетті. 

Соған қарағанда,  әр-Рияд өзіне бәсекелес елдерде мұнай өндірісінің дамуына жол бермеу үшін және осы нарықтағы өзгеден басым үлесін сақтап қалу жолында бәріне дайын. Ал, «қара алтынның» құны түскенде, инвесторлардың «тәбеті» долларға ауатыны шындық.

Сонымен қатар, мұндай жағдайда кейбір елдердің экономикасы құлдырап, ұлттық валютасы құнсызданады. Оған бір дәлел – Ресей.

Андрей Мовчан, «Үшінші Рим» инвестициялық компаниясының өкілі:

Егер мұнай бағасы 60 доллар тұрса, доллар шамамен 60  рубльге дейін қымбаттайды. Мүмкін ол 58-ге дейін де көтеріледі.

Юрий Олейников, Мәскеу тұрғыны:

Білмеймін. Оған бола уайымдап жүрген мен жоқ. Ойламауға тырысамын. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүремін. Себебі, біздің мемлекетте көп жайт белгісіз ғой.

Осы аптада доллар 58 рубльге,  еуро 71 рубльге дейін қымбаттады. Өйткені, санкциялар күшін жойған жоқ, мұнай арзан, тұрғындар қолда қор болса, шетел валютасын сатып алуға асық.

Ал, келесі жылы Ресей экономикасын бұрынғы болжамдағыдай 1,2  пайыздық даму емес, 0,8 пайызға  азаю, яғни,  рецессия күтіп тұр.

Татьяна, Мәскеу тұрғыны:

Неге бұлай болды екен? Қайталанып тұратын жағдай ғой. 1991 жылы да, одан кейінгі 1998 жылы да басымыздан өткерген оқиға. Бәрін көрдік. Жоғалтқанымыз рас. Қазір де бар жиғанымыздан айырылайын деп тұрмыз.

Дүниежүзілік экономикадағы өзгерістер Қазақстанға да әсер етпей қоймады. Елімізде желтоқсанның 11-нен бастап бензин бағасының түскені белгілі. Бұған дейін Энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин мәлімдегендей, АИ-92  128-ден 115 теңгеге дейін арзандады.

Вице-министрдің  тағы бір сөзіне қарағанда, Ресейде рубль мен мұнайдың  құнсыздануы салдарынан Қазақстанға жанар-жағармай мол тасымалданып жатыр. Дегенмен, бензиннің нарқы алдағы уақытта қайта көтерілуі мүмкін. Өйткені, теріскейдегі көршіде  Жаңа жылдан кейін салық заңы өзгерейін, деп отыр.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика вице-министрі:

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде салық тәсілі туралы заң күшiне енедi. Яғни, салықтың индексациясы жасалып, экономиканың мұнай саласындағы Салық Заңнамасына біраз өзгерістер енгізілген.

Атап айтсақ, мұнайдың экспорттық баж салығы төмендеп, пайдалы қазбаларды өндiру салығы көтеріледі. Болжам бойынша, салық тәсілі іске асқан кезде Ресейде жанар-жағармайдың бағасы да өзгермек.

Егер, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері арасында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде әріптестік орнайтынын ескерсек, Қазақстан Үкiметi iшкi нарықтағы мұнай өнiмдерiнiң бағасын тұрақтандыру үшін біршама жұмыс атқару міндетi тұр.

Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын әлемде  мұнай бағасы айтарлықтай арзандап, Мексика қарыз дағдарысына, Кеңес одағы  күйреуге бет алды. Қазіргі шикізат нарығындағы құлдыраудың немен аяқталары белгісіз. Алайда, болжам көп.

Лондондық сарапшы Пол Стивенс жақында «Блумберг» агенттігіне берген сұхбатында «қара алтынның» 40-42 долларға дейін арзандауы мүмкін екенін айтты. Өйткені, осындай бағаға АҚШ-та тақтатастан отын өндіретін кейбір компаниялар төтеп беруге әзір.

Ал, «Рейтер»  бейсенбі күні ай сайынғы сауалнама қорытындысын жариялады. Зерттеуге 31 сарапшы мен экономист қатысқан екен. Олардың болжамына жүгінсек, 2015 жылы мұнайдың құны орта есеппен 82 долларға, 2016 жылы 87 долларға дейін көтерілуі мүмкін.   

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу