Үш мемлекеттің президенттері Өзен-Горган теміржол желісін іске қосты
Сәтті күн сәрсенбі Қазақстан, Түркіменстан және Иран үшін тарихи күн болды. Бізбен түркімен жұртын жалғаған теміржол енді Иранға ұласты. Шойын жолдың түркімен мен иран шекарасында түйіскен тұсында үш мемлекеттің президенттері Өзен-Горган теміржол желісін іске қосты.
Осыдан кейін Қазақстан астығын тиеген мына жүк пойызы Түркіменстан тарабынан Иран шекарасын кесіп өтті. Тұтас алғанда бұл жол - 928 шақырым. 146 шақырымы бізге тиесілі. Теміржолды үш мемлекет жеті жыл салды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы былтыр ашылған жолдың бөлігі 8 айдың ішінде жүк тасымалын 40 пайызға арттырған.
Бұл жол бүгінгідей кезеңде аса қажет. Ілкіде қазақ жеріндегі көлік қатынасына қатысты жоспардың барлығы қызыл империяның, одан Кеңес одағының нұсқауымен іске асты.
Енді етек-жеңді жиып, жеке-дара экономикалық саясат қалыптастыруға кіріскен Қазақстанның көлік қатынасын кеңейту үшін осындай жобаларды қолға алуы әлбетте, құптарлық.
Иә, Өзен-Горган теміржолы Қазақстан үшін экспорттық және транзиттік мүмкіндік. Оның үстіне бұл жол Таяу Шығыс пен Иран аймақтарын қамтиды. Ал, Иран қазақтың астығын ірі көлемде сатып алып отырған мемлекет. Демек, біздің ел тауар тасымалдауда едәуір табысқа кенелері сөзсіз.
Теміржол ұзындығы – 928 шақырым. Қазақстан – 146, Түркімен – 696, Иран еншісінде – 82 шақырым. Біздің Өзеннен Түркіменге дейінгі желі былтыр ашылды. Енді түркіменнің Қызылгая-Берекет-Этрек атты мекендерін көктей өтіп Иранға ұласты.
Бұл теміржол үш мемлекет қана емес Орталық Азияны Таяу шығыспен одан әр Еуропа нарығын жақындатып отыр. Трансұлттық шойынжол Қазақстанның экспортық ғана емес транзиттік әлеуетін мықтай түспек.
Үш мемлекеттің президенттері алдымен шекарада кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев, Гурбангулы Бердімұхамедов, Хасан Рухани үштігі алыс-беріс, тауар айналымы, жаңа жолдың мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Содан соң шойын жолдың түйісетін тұсына пойызбен жетті.
Бұл салтанат халықаралық дәліздің ашылу құрметіне арналған. 7 жылға жалғасқан құрылыстың экономикалық, тіпті геосаяси тұрғыдан да аймақ үшін маңызы зор.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Қазақстан мен Түркіменстан құрлықтың ортасында тұрған елміз. Біздің теңізге шығатын жолымыз жоқ. Дегенмен, үш мемлекет Каспий теңізі арқылы бұрын да қарым-қатынас жасаған еді. Қазіргі істің тарихи маңызы бар екені біріншіден, үш елдің өз халқымыз үшін жолдың бойында түрлі елді мекендер пайда болады, халық жұмыспен қамтылады, қарым-қатынас болады.
Екіншіден, үш мемлекеттің арасындағы сауда-саттық қарым-қатынас ұлғаяды. Биылғы жылдың басында біз Түркіменстан-Қазақстан арасындағы жолды іске қосқанбыз, аз уақыттың ішінде сауда-саттық 40 пайызға өсті. Енді міне, үш мемлекет қатынасатын болды. Үшіншіден, біздің төңірегіміздегі көршілердің бәріне өз ықпалын тигізетін болады.
Қазақстан Қытай мен Каспий теңізінің арасында тікелей қатынасатын теміржол салды. Мына жол сол жолға қосылады. Қытайға, Қытай арқылы Тынық мұхитқа шығатын мүмкіндік бар. Ол жолдың ұзындығы бұрынғы жолдың ұзындығынан үш есе кем болады. Сондықтан, елдеріміз үшін, елдеріміз арасындағы сауда-саттық, достық, мәдени қарым-қатынас үшін өте терең мағынасы бар, деп есептеймін.
Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:
Біз Парсы шығанағы, Оман түбегі, Түркия, Араб нарығына Орталық Азияны жалғайтын үлкен инфрақұрылымға қол жеткіздік. Иран Ислам Республикасының бұл жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға әзір екенін мәлімдеймін. Бұл Иран, Түркіменстан, Қазақстан секілді үш мемлекет үшін тарихи күн.
Солтүстік-Оңтүстік аталған бұл жобаның Қазақстанға берер пайдасы мол. Қытай, үнді нарығына керісінше Таяу шығыс, Парсы жұртына ұмтылған бизнес осы төте жолды тұтына алады. Қазақ сахарасы дәлізге айналды деген сөз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан былтыр Иранға 1 миллион тоннадан астам астық жеткізді. Ал, Парсы шығанағы елдерінің қажеттілігі 9-10 миллион тонна. Біз енді осынша көлемдегі астықты жеткізгелі отырмыз. Сондай-ақ, болат темір, минералды тыңайтқыштар және де бізде шығатын өзге өнімдерді жеткізбекпіз.
Ал, өзімізге қажетті Иран мен Түркіменстаннан сатып аламыз. Сондықтан, бұл өте маңызды экономикалық шара. Ал, экономикалық қарым-қатынастың дамуы саяси және өзге де байланыстарды дамытып, мемлекеттер арасындағы достықты бекіте түседі.
Теміржол – бизнес жолы. Экономиканың күретамыры. Үш мемлекетті жалғаған желі енді тұтас құрлықтар арасындағы алыс-беріске серпін бермек. Кәсіпкерлер әлден-ақ пайданы екшеп жатыр.
Мухсен Горейши, кәсіпкер:
Бұрын біз Қазақстанға өз тауарларымызды жүк көліктерімен жеткізетінбіз. Ол өте қымбат әрі қиын болатын. Мәселен, Қазақстанда жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны 2000-жылдары 200-ден асатын. Қазір өте аз қалды. Көбі жол азабы мен оның қиындықтарына, шығындарына шыдамады. Ал, енді жаңа теміржолдың ашылуы тауар тасымалын ұлғайта түсері сөзсіз.
Бұл желіні үш мемлекет достық жолына балап отыр. Түпкі меже - үштің емес тұтас Азия мен Еуропа алыс-берісінің төте көпіріне айналдыру.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Айбек ҚОБДАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы