Басты Жаңалықтар Елбасы ескерткен дағдарыс елімізге қалай әсер етуі мүмкін?

Елбасы ескерткен дағдарыс елімізге қалай әсер етуі мүмкін?

Елбасы ескерткен дағдарыс елімізге қалай әсер етуі мүмкін?

Бұл Жолдау бекер ерте жарияланған жоқ. Геосаяси ахуал мен жетекші алпауыттардың санкциялық саясаты тағы бір жаһандық дағдарыстың алқымға жармасуына себеп болғалы тұр.

Біздің ел де дүркін-дүркін дағдарысты бастан кешті. Ең зоры 2007 еді. Экономикасы қуатты АҚШ-та ипотекалық дағдарыс басталды. Әрі қарай Еуропа, сосын Жапония, одан тұтас әлем экономикасы әлсірей түсті.

Әсіресе, шикізат өндіретін дамушы мемлекеттер аяғына жем түскен аттай қиналды. Жылдық табыстары азайып, шығынға батқан алпауыт компаниялар сан мыңдаған жұмысшыларын қаңғытып жіберді.

Барреліне 147 долларға дейін көтерілген мұнай бағасы 2008-де 33 долларға дейін құлдырап кетті. Сол экономикалық дағдарыс кезінде әлемде 60 миллионға жуық адам кедейліктің кебін киген.

Дағдарыстың дауылына Қазақстан да тап болды. Құрылыс саласы, әсіресе, үлескерлер қаржысына салынуы тиіс тұрғын үйлердің құрылысы тоқтады. Банктер ипотекалық несие беруді қойды. Біртіндеп шағын және орта бизнеске беретін кредиттерін де қысқартты.

Сол уақта біздің билік дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап, тығырықтан шығар жол тапты. 5 бағыт бойынша қаржы секторы, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы, индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді.

Мұнай өндіруден жиналған қор қаражаты сол қысылтаяң сәтте көмекке жарады. Экономиканы тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан қаржы алынды. Мол қаражат 5 бағыт бойынша жұмсалды. Қаржы саласын тұрақтандыруға 4 миллиард, шағын және орта бизнеске 1 миллиард, ауыл шаруашылығы жобаларына 1 миллиард, инфрақұрылымдық және серпінді жобаларға 1 миллиард доллар бөлінді.

Ғалым Байназаров. Қаржы саласының жілігін шағып, майын ішкен маман. Елдегі мүйізі қарағайдай санаулы қаржыгерлердің бірі. Одақ күйреп, бұрынғы пост кеңестік кеңістіктегі елдердің экономикасы ес жия алмай жатқан тұста Ұлттық банктің тізгінін ұстаған алғашқы төраға.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға қарамастан теңгенің шығуына тікелей атсалысқан азамат. Тәуелсіздіктің алаң-елең кезеңіндегі қиыншылықты Қазақстанның қалай еңсергенін бір кісідей біледі.

Ғалым Байназаров, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саяси институты директорының кеңесшісі:

Жыл өткен сайын жақсы жақсы бағдарламалар жасап, Елбасының 2030 деген бағдарламасы қабылданды. Бұл енді үлкен стратегиялық бағыт болды. Осымен біздің өсуіміз жылдамдап, сол 2007 жылға дейін біз 10 пайыздан өсіп отырдық. Жаңағы үлкен дағдарыстың ауыртпалығына қарамастан.

Жалпы, Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы үш бірдей дағдарысты еңсерді. Алғашқысын айттық. Келмеске кеткен кеңестік жүйенің күйреуі деп. Сол күндері біздің экономика 40 пайызға дейін құлдырап кетті. Алтын-валюта қоры деген атымен жоқ.

Төл ақшаң шыққанымен жиған-тергеніміз 95-жылы 700 миллион теңгеге де жетпейтін. Айлап айлық, жылдап жалақы алмаса да төзді біздің халық. Төзіп қана қоймай, төтеп беру үшін азиялық барыс боламыз деген міндетті алға қойды.

Сосын бүкіл ел осы ұлы мұраттың аясында аянбай еңбек етті. Есесіне 1999 жылы шығыс Азия елдерінде болған, кейін араға 8 жыл салып АҚШ-тан басталып бүкіл әлемді шарпыған қаржы дағдарысына қасқайып қарсы тұрды.

Ғалым Байназаров, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саяси институты директорының кеңесшісі:

2008-2009 жылдардағы дағдарыс бұл қай елгеде оңай болған жоқ. Сол кезде біз Ұлттық қордан Елбасының шешімімен 10 миллиардтай экономикаға көмек бердік. Осының арқасында бұл дағдарыстан біз көп елдермен салыстырғанда жақсы жағдайда өттік деп айта аламыз.

Ертеңіне үміт атрқан ел 2030 бағдарламасын мерзімінен бұрын іске асырып, дәл осы құжаттың негізінде дамудың даңғылына түсті. Қазір біздің халықаралық қордағы қаржымыз 104 миллиард доллар. Оның 27 миллиарды Ұлттық банкке тиесілі. Қор демекші соңғы және созылмалы болып кеткен ипотекалық дағдарыстан бізді құтқарған Ұлттық қор. 

Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көп пікірталас болып ол кезде Ұлттық қор керек пе, керек емес пе, ол Ұлттық қорды таратып берейік әркімге деген көп ұсыныстар болды. Міне, Елбасы сол саясатты дұрыс жасап, Ұлттық қорды құрып, соны істегеннің арқасында дағдарыс кезінде 2007-2009 жылдары бүкіл әлеуметтік бағдарламаның біреуі де қысқарған жоқ.

Адамдар зейнетақысын алды, жалақысын алды, басқа жағы қысқарса да әлеуметтік жағы қысқарған жоқ. 

Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жолдау жарияланғаннан кейін Ұлттық қордың көмегінің арқасында біздің де жаңағы мынау қаржылық дағдарыс серпінінің бізге өте бір қатты бармай тұрғанының себебінің бірі біздің өзіміздің қорымыздың бар екендігінен.

Кеше мысалы, Германияның экономистерінің өзі сөйлеп, айтып отыр бізге де осындай қор жинау артық болмас еді деген сияқты.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкен тұста көп дүниені меңгердік. Бірақ, уақыт қалыбына салып құбылатын қоғам қазіргі нарықтың стихияға айналып бара жатқанын аңғартады.

Себебі сатушы нарыққа өз құнын ұсынса, алушы арзанды аңсайтын заман қазір. Қарама қайшы. Сондықтан да, Елбасы барлығын нарық шешеді деген қағидадан кету керек екенін ескертіп-ақ келеді.

Өйткені, ақпараттық технология дамыған қоғамда монитарлық жүйемен жүріп, инфляцияны тежесем болды деу жеткіліксіз. Экономика мен қаржы секторын қалыптасқан классикалық негізбен емес, заман талабына сай жаңа жүйемен басқарудың жолын іздеу қажет. Сонда ғана дағдарыс сені діңкелетпейтін болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі.

Сондықтан, кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ.

Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

«Қаржы дағдарысына қарсы тұрудың тағы бір амалы банк секторын басқару моделін өзгерту керек», дейді Ғалым Байназаров. Өйткені, қазіргі тәсіл ескіріп барады.

Оның үстіне елдегі ішкі жалпы өнімдегі Ұлттық банктің үлесі 30 пайыз ғана. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60 пайыдан кем емес. Соны жаңалық пен жаңа жүйе осы жетістікке жету үшін қажет.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Бөлісу