Басты Жаңалықтар Алматы маңында жер сілкінісі неге жиілеп кетті?

Алматы маңында жер сілкінісі неге жиілеп кетті?

Алматы маңында жер сілкінісі неге жиілеп кетті?

Осы  күндері әлем сейсмологтары жердің тынымсыз тербелгенін айтып құлаққағыс етті. Айтса айтқандай, бүгін  Жапония халқы бір дүрлігіп алды. Нагано қаласының орталығында қуаты 6,8 балдық жер сілкінісі болды.

Адам өлімі туралы ақпарат жоқ, дегенмен 50 адамның жарақат алғаны анықталды. 15 шақты ғимарат қатты зақымданған. Сонымен қатар, Қытайдың Сычуань провинциясында да 6,3 балдық жер сілкінісі тіркелді.

4 адам опат болып, 54-і ауруханаларға жатқызылған. 25 мың үй бүлінген. 6 мың тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілген. Жаратқан бетін аулақ қылсын, соңғы кездері біздің Алматымыздың маңында да жер жиі тербелетін болды.

Мұның себебі неде? Қауіп қаншалықты, мамандардың айтар уәжі қандай?

Алматы. Республиканың оңтүстік-шығысы. Мегаполис Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында орналасқан. Таулы аймақ. Тиісінше, сейсмологиялық қаупі аса жоғары.

Сандар былай дейді: Қазақстанда  жылына 8000-ға жуық төмен балды жер сілкіністері болады. Бірін сеземіз, енді бірін байқамаймыз. Солардың 90 пайызы Алматының төңірегі. Соңғы 3 жылды алайық:

2011 ж. – 1 мамыр күні  5,4 балдық тербеліс болды.

2012 ж. – мамыр айының 30-нан 31-не қараған түні, күші 4 балдық жерасты дүмпуі тіркелді.

2013 ж. – қаңтардың 28-і күні, 4,5 балл.

Сондықтан, жұрт алаңдамай қайтеді?

Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық ұйымының төрағасы:

Егер жер сілкінісі бола қалса, қиын болады.

Алматының ескі үйлері көп. Сапасы сын көтермейді. Жер сәл ғана тербелсе болды, талайының қабырғасы құлағалы тұр. Бірақ, олар қайта сейсмологиялық карта бойынша салынған үйлер ғой. Ал, қазіргі көк тіреген көп үйдің сейсмикалық тұрақтылығымен бас қатырып жүрген ешкім жоқ.

Абдулазиз Абдуллаев, сейсмология институтының ғылыми қызметкері:

Археология нормативі бойынша тексерген ешкім жоқ, кімнің ақшасы болса, кімнің мүмкіншілігі болса сол салып жатыр.

Бақыт Әбділов, Алматы қалалық Сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Үлкен комиссия құрылу керек, сол комиссияның шешімімен қажетті деген жағдайда тексеріледі, ол қазір әкеліп қоя салатын құрылғы емес. 1-2 айдың уақытын алуы мүмкін.

Әр қаланың өзінің төл сейсмологиялық картасы болады. Ал, Алматының мұндай маңызды құжаты осыдан 30 жыл бұрын түзіліпті. Одан бері шаһардың көлемі 3 есе ұлғайған.

Заң бойынша 10 жыл сайын жаңаланып отыруы тиіс карта әбден көнерген. «Кеш  те болса, жасалғаны жақсы ғой»,- деп отыр сейсмология институтының мамандары.

Таңатқан Абақанов, сейсмология институтының директоры:

2016 жылы жасаймыз деп отырмыз. Ол бір күнде жасала салатын дүние емес. Әбден саралап, салмақтап барып жасау керек. 

Апаттың бетін әрі қылсын. Дегенмен, қамданбаған қапы қалады. Алматыда 80 мыңға жуық техника мен 100 мыңнан аса маман бар. Бірақ, алып шаһар үшін бұл аздау. 

Ерік Алпысбаев, Алматы қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

Алматы сейсмологиялық қауіпті аймақ. Сондықтан, біз кез келген уақытта жер тербелісіне жіті мән береміз. Әрдайым техниканы жаңартып отырамыз. Әрине, жоғары балды жер сілкінісі болса, бұл техникалар жетпейді. Сондықтан, басқа облыстардан алдырамыз. 

Енді ойлаңыз, Алматыда апатты емес, жай күндердің өзінде барар жерімізге бірнеше сағатта әрең жетеміз. Өйткені,  көшелері көлікке кептелген қалада әрбір екінші алматылық көлік мініп жүр.

Әсем Изатқызы, тілші:

Алматы шетінде күнде таңғы сағат 08.00 бен 10.00-ның кешкі 18.00 мен 20.00-дің аралығында көлік кептелісі болады. Жаратқан жазбасын, алайда, жер сілкінісі бола қалса, қала халқын қауіпсіз аймақтарға көшіру мақсатында сыртқа шығарады, сонда күнде кептелістен көз ашпайтын қала көшелерінде қала халқы бір-бірін басып өте ме?

Әлемнен керек деректер. 2004 жылы, Индонезияда болған жер сілкінісінен 240 мың адам зардап шекті. Ал, 2008 жылы Қытайда 69 мың адам қаза тапты.  2011 жылдың 11 наурызы. Жапонияда жер сілкінді, соңы аласапыранға ұласты.

Жойқын апаттың арынын мына бейнекөріністен байқауға болады. Соңғы 20 жылда болмаған аласапыран бірнеше елді мекенді жермен-жексен етті. Мықты дейтін Жапон жұрты да сілкінген жер, құтырған дауыл, тасыған суға қайран қыла алмады.

«Сақтансаң ғана сақтайды». Жаһан елдерінде жоқ дүниені біздің сейсмологтар ойлап тауыпты. Мына үлкен мониторда Қазақстанда, жалпы дүниежүзінде болып жатқан табиғи апаттар тіркеліп отырады. Бәрі тікелей. 

Таңатқан Абақанов, сейсмология институтының директоры:

Мысалы, Ресейде жер сілкінген. Индонезияда тіркелген.

Әсем Изатқызы, тілші:

Мынау не тор деп таңырқап отырған боларсыз? Бұл жер сілкінсе, қорғанатын орын. Бір қарағанда киім-кешек ілетін орын болып көрінеді. Бірақ, зілзаладан құтқаруға мүмкіндігі зор.

Сақтанатын орын 60 тонна жүкті көтеруге қауқарлы. Құрастырушы Сергей Старковтың айтуынша, жер тербелісі байқалса, мына станцияға дабыл беріледі. Әркім өзінің жағдайын өзі ойлауы керек. Сондықтан, мұндай тордың әр адамның үйінде болғаны дұрыс.

Сергей Старков, техника ғылымдарының кандидаты:

Мұнда бірнеше күнге арналған керекті тағам, су, жылы киім, құжаттар, тіпті радиоқабылдағыш та қарастырылған.

Қала тарихында ірі көлемдегі табиғи апат бір емес бірнеше мәрте болған. 1887, 1889, іле-шала 1911 жылы қайталанды, күші 9 балл. Соңғысында 44 адамның өмірі қиылыпты. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Сондықтан, қала жұртының тілегі құзырлы органдар кешенді әзірлік жасаса екен.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Бөлісу