Адамзат энергетикалық апатқа ұрынуы мүмкін. Халықаралық энергетикалық сарапшылар мынадай болжам айтты. 2015 жылы әлемде электр энергиясын тұтыну көлемі қазіргіден 2 есеге артады. Иә, жұмыр жерде қанша мемлекет болса, сол елдердегі өнеркәсіптер өркендеген сайын энергия тапшылығы қатты сезіле бастады.
Болжам бойынша, 2020 жылға таман Қазақстанда да энергия тұтыну көлемі 2 есеге дейін көбейеді. Оның үстіне индустриялық бағдарлама аясындағы нысандарды қосқанда, ел экономикасы энергетика тапшылығынан ентігіп қалуы мүмкін дегенді де сарапшылар ішке бүгіп қалмады.
Сондықтан, Мемлекет басшысы энергия тапшылығын шешу үшін қолданыстағы электр станцияларын техникалық қайта жарақтандырып, олардың қуатын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, биылғы Жолдауда екі жобаға назар салды. Жақын жылдары «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салынбақ.
Энергетика – экономиканың жұлын-жүйкесі. Онсыз экономика өспейді, өшеді. Мемлекет басшысы мұны жете түсінеді. Әр Жолдауында басты салаға баса мән береді. Бұл жолы да солай.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистральдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр.
Рас, егемендікті енді алған 90-шы жылдардағы тоқырау бар саланы тұралатып кетті. Энергетиканың да шаруасы шатқаяқтады. Салдары бүгінге дейін сезіледі. Қазір Солтүстік аймақта электроэнергия жеткілікті, бірақ Оңтүстікке жетпейді.
Мысалы, Екібастұз электр станциясы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына қуатты жақсы береді. Ресейге де электроэнергияны экспорттайды. Ал, Оңтүстік Қазақстанға жетпейді. Сондықтан, бұл аймақтар қуатты Қырғыз Республикасынан алады. Мәселені шешпек керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр станцияларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.
Егер Елбасы айтқан желілер салынса, елдің бар өңіріне қуат көзі толық жетіп, кемелденеді, дәлірек, шеңберленеді.
Советхан Сейітқалиев, Қазақстан энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Энергияның бір жақсысы, шеңбер деген болады. Энергия қайдан шыққаны қаралмайды. Бара береді. Бұл мүмкін Қырғыз Республикасынан шықты ма, Бұқтырмадан шық ты ма, қарамайды. Мәселе ода емес. Бірақ, соларды қосу керек электр желілерімен. Сондай үлкен жоба қолға алынып жатыр. Мына жақтан Өскеменді басып, Талдықорғанды басып, Алматыға келеді.
Желілерді салған жөн. Салыстырыңызшы. 90-жылдары жалпы Қазақстан бойынша пайдаланылған энергияның қуаты 104 миллиард кВт/сағат болған. Одан кейін энергетика саласы біраз жыл жүдеп, дамуы саябырсыды. Салдарынан биыл 2014 жылы тұтынган энергия қуаты небәрі 90 миллиард кВт/сағаттын әр жақ бер жағына шыкты.
Ал, бізде барлығы 19 миллион кВт электр куаты бар. Соның төрттен бірі пайдаланылмайды. Яғни, 4 миллион кВт қуат құр тұр. Неге? Мамандар айтсын.
Советхан Сейітқалиев, Қазақстан энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бірінші бұрыннан құрылғагн энергетика жабдықтары бар ғой, баяғы Кеңес заманында салынған. Олар тозған. Солардың бәрін жөндеп қалыптастырып, бәсекеге сай жасау үшін инвестиция керек, модернизация қажет. Сол мәселе бірінші.
Түйткілдің түйіні тарқалады. Тозған станцияларды жөндеу жұмыстары елде басталды. Екібастұз электр станциясы күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан орнатылған тазартқыш электр сүзгілерінің арқасында қоршаған ортаға келтірілетін зиянды қалдықтар саны азайды.
Қараменде Омарбеков, Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС бас инженерінің орынбасары:
Электр торабын модернизацияға ауыстырып жатырмыз. Біз бүгінде Қарағандыға, Ақмолаға, Ақсуға және Омбыға электр қуатын береміз. Қазір соларды жаңартып жатырмыз.
Советхан Нұрпейісұлы. Өмірінің 55 жылын энергетика саласына арнаған ақсақал энергетиканы бүге-шүгесіне дейін біледі. Қарапайым жұмысшыдан бастап лауазымды қызметтерді де атқарды.
Бір кездер Энергетика министрінің орынбасары да болды. Қазір зейнетке шықса да, экономиканы өркендететін өте маңызды саладан қол үзген жоқ.
Советхан Сейітқалиев, Қазақстан энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Энергия деген әр уақытта даяр болуы керек. Мәселен, біреу бір жерде өндіріс орнын салады, біреу бизнес ашады, үлкен-үлкен қалалар салынады, сол кезде энергия болуы керек.
Энергия басқа салаларға қарағанда 30 пайыз жоғары өркендеу керек. Барлығы 100 пайыз болса, бұл 130 пайыз. Энергетика өндірісті көркейту үшін әр уақытта даяр болуы керек.
Маманның айтуынша, елімізде энергияның 80 пайызға жуығы көмірдің көмегімен, 12 пайыздан астамы газды-мазуттан, 9 пайызы су электр станциялары арқылы өндіріледі.Байқасаңыз бұлар - жылдар өте таусылатын энергиялар. Мәңгілік емес.
Мәңгі - ол Күн мен желден қуат алу. Елімізде көп ұзамай осы энергия түрлері қолға алынады. Атом станциясы салынады. Еліміз уран өндірісі бойынша дүниежүзінде екінші орында екенін ескерсек, атомға керегі – уран.
Бұл – Қазақстан үшін тиімді. Басында көп қаржы құю керек, бірақ, кейін өзін-өзі ақтайды.
Советхан Сейітқалиев, Қазақстан энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Энергетика саласы өркендемеген мемлекет еш уақытта дамымайды. Жалпы, экономика пойыз болса, ол – локомативі. Барлық өнеркәсіптің алдында энегретика саласы болуы керек. Мысалы, ұшақ ұшпай жатса, қалған тіршілік бола береді, пойыз тоқтап қалса, көлік бар, жүре береді. Ал энергетика тоқтап қалса, бәрі бітті ғой. Байланыс та жоқ, жылу да жоқ, энергия да жоқ, бәрі тоқтайды. Өте күрделі, өте қажет сала.
Жарық жанды, сөнді. Сөнді, жанды. Бір қарағанда бір батырмамен бар дүние шешіледі дерсіз. Жоқ. Бір бөлмеге жарық берудің соңында қаншама жұмыс жатыр. Ол үшін кәсіби кадр, инвестиция тартпақ керек. Иә, еш мемлекет еш уақытта энергетикасын өркендетпей, өркенді ел бола алмайды. Бұл – ақиқат.
Ғалым КӘЛМЕН
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ