Баспана бабы қалай шешілмек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспана бабы қалай шешілмек?

16.11.2014
Баспана бабы қалай шешілмек?

Жолдаудағы астын сызып айтар мәселенің бірі – елдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру болмақ. 2020 жылға дейін бұл салаға кемінде 200 миллиард теңге бөлініп отырады. Өйткені, елдегі инфрақұрылымының әбден тозығы жетті.

Сондай-ақ, Президент әлеуметтік инфрақұрылымдарға әсіресе, апатты мектептер мен үш ауысыммен оқу мәселесін шешуге қосымша 70 миллиард теңге бөлдірмек. Балабақшалардағы орын жетіспеушілігін қысқарту үшін үш жылда 20 миллиард теңге бөлінетін болды. 

Жолдауда ел тұрғындарына әсіресе, пәтерден-пәтерге көшкен жүдеу көңіл жүрген жастарға үміт сыйлаған бір жайт – баспанаға қатысты.

Әсем Изатқызы, тілші:

Расында біздегі баспана бағасы бас қатырар мәселе. Қымбат болған соң, көптің қалтасы көтере бермейді. Жолдауда түйткілді мәселе тыс қалмады. Елімізде көп ұзамай тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін. Яғни, айлығы шайлығынан артылмайтын ағайын баспананы төмен пайызбен жалға ала алады.

180 миллиард теңге. Қомақты қаржы. Бұл – 1 миллиард доллар. Осынша қаражатты мемлекет жалға берілетін тұрғын үйлердің санын көбейтіп, қайта жөндеп, сапасын арттыруға бағыттағалы отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», ипотекалық компания, жалға беру секілді бағыттар қамтылған.

Дегенмен, бізге мәселенің басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады.

Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банктер клиентті қарыздар етпей қоймайтын пайыздарды бекітеді, оның деңгейі 20 пайызға дейін жетеді.

Адамдар оны төлеуге қауқарсыз болып, соңынан түрлі мәселелер туындайды. Әрине, мұндай бағдарламалар балама ретінде қалады, өйткені бұлар дәулетті адамдар үшін қалыпты нәрсе.

Ал, жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтардың санатына ыңғайлап жасап жатырмыз.

«Жеңілдік көп кісіге көмек болар еді»,- дейді Асылгүл Бимырзаева. Астанаға Қызылордадан 8 жыл бұрын қоныс аударған. Балалардың қамы үшін. Келген бетте жалға берілетін тұрғын үйлерге кезекке тұрды.

Асылгүл Бимырзаева, Астана қаласының тұрғыны:

2008 жылы 2 критерий бойынша 50-кезекте тұрдың деді. 2011 лерде тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір дүркін берілген кезде біздің кезектен 3-ақ адам жылжып тұр, 3 жылдың ішінде. Сонда мен 48-кезекке келіп тұрады екенмін.

Қазір елорда іргесіндегі ауылда үй жалдап тұрады. 4 баласы, келіндері мен немерелерімен бірге. Айына 60 мың теңге төлейді. Бұл жалғыз Бимырзаевтар әулетінің басындағы мәселе емес. Астанаға арман қуып келген азаматтардың көбі баспанасыз. 

Мәселен, елордада орта есеппен 1 бөлмелі пәтерді айына 90 мың теңгеге жалдайсыз. 2 бөлмелі пәтер 120 мың, ал 3 бөлмелісі 180 мыңға дейін барады. 4,5 бөлмелі баспананы көптің қалтасы көтермейді. 

Ал, Төлеңғазиевтер отбасы мына екі бөлмелі пәтер үшін айына небәрі 5 мың теңге төлейді. 1998 жылы тұрғын үй бағдарламасына қатысып, он екі жыл күтіп осындай жеңілдікке қол жеткізді.

Сол он екі жылда екі баланы жетектеп, қаншама  табалдырықты тоздырды. Сарайда да тұрды, жертөлені де паналады.

Қуаныш Төлеңғазыұлы, Астана қаласының тұрғыны:

Келіншегім телефон соғады, жылайды. Ас үйде жұмыс істеп жатып, күйіп қалды ма деп үрейлендім. Сөйтсем, қуанып  тұрып айтады, келіп кілтті алып кетіңіздер деді деп.   

Қуаныш бұл қуанышым көпке созылмайды ма деп сескенеді. Өйткені, мемлекетпен келісімнің мерзімі бар. 5 жыл сайын жаңа құжат толтырылады. Осы келісім кез-келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін.

Басыбайлы баспанасы болмаған соң, бала-шағамен далада қалудан қорқады. Ал бастапқы жарнасын төлеп, жекеменшік үй алу тым қиын.  

Қуаныш Төлеңғазыұлы, Астана қаласының тұрғыны:

Мұғалімнің жалақысымен ондай үйге қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекеттік бағдарламамен үш жыл қатыстым. Бірінші жылы, екінші жылы жалақың жетпейді деді. Үшінші жылы жұмыс өтілің жетпейді деді, жастардың категориясына жатпайсың деді.

Талай шаңырақтың бас қайғысына айналған баспана енді шынымен де қолжетімді болады. Президент солай деді. Әлгінде айтқан 180 миллиард теңге тиімді жұмсалады. Қаржының қомақты бөлігі Қазақстанның ипотекалық компаниясына беріледі.

Еркін Сыздықов, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ басқарушы директоры:

180 миллиард соманың 145 миллиард сомасы ұлттық басқарушы қор «Бәйтерек» арқылы бізге бөлінбекші үй құрылыстарын жүргізуге. Қалған 35 миллиарды жергілікті әкімшілікке бөлінеді. Олар өз тарапынан үй салынатын жерлерге инфрақұрылымды тартуы керек. Ал, үй салу бізге міндеттеледі. Біз 1 миллион шаршы метр үйді саламыз деп жоспарлап  отырмыз.

Бізде азып-тозған үйлер көп. Павлодардың қақ ортасындағы бүтіндей бір аудандағы үйлердің инфрақұрылымы түгел тозған. Құбыр жарылып, кәріз бекітіліп, жарық сөніп қала береді. Үй саны 160-қа жуық тұтас қалашықта бірде-бір «КСК» жоқ.

Ал, Оралдағы мына бес қабатты үй 40 жыл жөндеу көрмеген. Жай жаңбырдың өзі тұрғындарды әбден зәре-зәп қылған. Өйткені, жауын-шашын кезінде төбеден су сорғалап, қабырғалар жиі көгереді.

Айсұлу Ғалиева, Орал қаласының тұрғыны:

Жылда төбені қара қағазбен жабамыз ғой, бірақ, бір жылға жетер жетпес қайтадан су ағады. Сосын жолдасым екеуміз базардан бірнеше метр жабын алып келіп төрт жерге қақтық. Төбеден жауған жаңбыр сол жабынға жауып, оны былай құйып алып тұрдық.

«Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын Астанамды». Осылай деп талай азамат тентіреп жүр. Үмітсіз шайтан. Мемлекет басшысының Жолдауда «Қолжетімді баспана» бағдарламасын расында да қолжетімді қылуға ықпал етіңдер деген тапсырмасы орындалса, талай түйткілдің тез шешілері сөзсіз.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу