Біздің елде қанша шақырымдық көлік жолы бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біздің елде қанша шақырымдық көлік жолы бар?

16.11.2014
Біздің елде қанша шақырымдық көлік жолы бар?

Жаһан елдерінің саясаты сағымдай құбылып тұр.  Ирак пен Сириядағы діни қантөгістер, бір-бірлеріне маңдайлары тырысқан Ресей мен Украина жағдайы.

Геосаяси ахуалдар мен санкциялардың салдарынан экономикалары есеңгірей бастады. Оның үстіне мұнайдың бір баррелінің құны 81 долларға дейін түсіп, өзге де шикізаттардың бағасы құлдырап жатыр. Дағдарыс дегеніңіз осы. Сондықтан, бұл Жолдау қалың жұртшылыққа дер шағында ескертілгендей.

Жолдауда әлеуметтің әлеуетін көтерер шағын және орта бизнес, арзан баспана, инфрақұрылым мәселелері ерекше қамтылған. Мысалы, EXPO-2017 қарсаңында Астанаға бірнеше бағыттан бірнеше миллион адам сапарлайды.

Демек, Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытпасқа болмайды. Елорда әуежайының жолаушыларды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адам. Бұл аз. Сондықтан, келер жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлінбек.

Осының арқасында әуежайдың өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Алдымен негізгі автожолдар. Батыс Қытай - Батыс Еуропа,  Астана - Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтөбе-Атырау, Алматы-Өскемен, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда және Атырау-Астрахань жолдары.

Айнұр Омар, тілші:

Жалпы, Қазақстан бойынша 97 мың шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 23 500 шақырымы республикалық маңызға ие. Президент Жолдауында айтылғандай, осы жолдардың 5 мыңға жуық шақырымы 2020 жылға дейін күрделі жөндеуден өтеді.

«Жол қадірін жүрген біледі».  Ұшы-қиыры көрінбейтін қазақ даласы. Сайрап жатқан жолдар. Бітпейтін жолдар. 97 мың шақырым. Енді осы ұлан-ғайыр атырапты жалғайтын жаңа, сапалы жолдар салынады. 

«Нұрлы жол» бас қаланы аймақтармен, одан әрі, аймақпен аймақты байланыстырмақ. Жолдың күретамыры есептелетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі. 2452 шақырымды құрайтын бұл жол 2015 жылы аяқталады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс.

Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

Енді Астанадан атырапқа тарайтын жолдың жаңа бағыты мынау болмақ: Астанадан Алматыға, Өскеменге,  Ақтөбе мен  Атырауға, Астраханьға,    Қарағанды мен Жезқазғанға, одан әрі Қызылордаға дейін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірінші, көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. «Нұрлы жол» дегенің осы ғой. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады.

«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара», - деп атап өтті Президент биылғы Жолдауда. Жолдау жол салушылардың алдына нақты талап пен белгілі меже қойды. Ол 2020 жылға дейін 5 мың шақырым жолды жаңарту.

Мереке Пішембаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

Елбасының тапсырмасы бойынша, алдағы 3 жылдыққа 2015, 2016, 2017 жылдарға 400 миллиард теңге бөліну жоспарлануда. Сол тапсырма бойынша ең бірінші Астана-Алматы жолы жөнделеді. Астана-Павлодар-Өскемен, Астана-Бейнеу-Ақтауға дейін жалпы орталық Батыс дәлізін жөндеу мақсаты бар.

400 миллиард теңге және 5 жыл. Көп қаржы, қысқа уақыт. Олай дейтініміз, жол салу өте ұзақ процесс. Шақырыммен емес, метрмен, тіпті сантиметрмен өлшенетін тұстары көп. Бір ғана мысал, Астана-Қарағанды жолын жөндеу  осыдан 2 жыл бұрын қолға алынды.

Азат Қабдрахимов, жол сапасын бақылаушы компанияның директоры:

Астана-Теміртау жолында учаскеміз 12 шақырымдық цемент-бетон жолымыз бар. Оны 2012 жылдан бастап сала бастадық. Жол салу қиын, өйткені, жаңа айтып кеткендей 12 шақырымның өзі екі жыл салынды. 335 техника  және 800-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.

Жол салу – машақаты мол жұмыс. Сапасына қарай бірнеше категорияға да бөлінеді. 2020 жылға дейін салынатын автомобиль жолының 1500 шақырымы ғана 1 санатты болады. Ал бірінші категориялы санатты жол дегеніміз...

Азат Қабдрахимов, жол сапасын бақылаушы компанияның директоры:

Жолдың конструкциясы 1 метр, 15 сантиметр болу керек. Бетон, цемент-бетонның қалыңдығы 27 сантиметр болу керек және жолдың ені 27,5 метр болу керек.

Сонымен қатар,  сапалы жолдың стандарты мынау. Нығайтылған цемент қоспасы - 30 сантиметр, үлкен қиыршық тас 35 сантиметр, қиыршық тас пен құм 20 сантиметр, оның бетіне сапаны арттыру үшін екі қабатты геокомпозит, ең жоғары бөлігіне цемент пен бетон төсемі 27 сантиметр.

Осы талаптар орындалса ғана, биыл жасап, келер жылы жамамайтын жақсы жолдармен жүреміз. Айта кетерлік тағы бір дерек, қазір Қазақстан жолдары толықтай цемент пен бетонға көшіп жатыр. Асфальтқа қарағанда шыдамды, 20-25 жылға дейін пайдалануға болады. 

Дархан Сүлейменов, инженер:

Бірінші сапалы жолдардың стандарты бойынша екі жүру бағыты бір-бірінен айырылып тұру керек. Ортасы бөлінеді. Және бір-бірімен қиылысулар болмайды.

Бірнеше құрылыс компаниясы бірлесіп салып жатқан Астана-Қарағанды тасжолы 1-ші категориялы  жол болмақ. Бұл жол 2017 жылға дейін пайдалануға беріледі.

Бұдан өзге, Астана-Павлодар, Астана-Алматы, Қызылорда-Алматы-Қорғас, Алматы-Талдықорған автожолдары осы санатта салынбақ.  Астанадан атырапқа тарайтын жолдардың басым бөлігі күрделі жөндеуден өтсе, кейбір автожол  жаңадан төселеді.

Мереке Пішембаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

Орталық Батыс дәлізінде Астана-Арқалық, Арқалықтан-Торғайға дейін, Торғай- Қарабұта, Ақтөбе-Атырау, Атыраудан-Ақтауға дейін бір дәліз, Астана-Батыс деген.

Бас қаладан – Батысқа да, Шығысқа да, Оңтүстікке  пен  Солтүстікке де қатынас  жеңілдейді. Жолдың игілігін  көретін  аймақтағы  ағайын.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады.

Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Жол – ел экономикасына тың серпін беретін сала. «Нұрлы жол» аясында 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады.  Қаржы бөлінді, уақыт межеленді, нақты тапсырма берілді.

Ендігі міндет – Жолдауда айқындалған бағыттар бойынша жұмыла жұмысқа кірісу.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу