Басты Жаңалықтар Теріскейдегі астық үшін арпалыс

Теріскейдегі астық үшін арпалыс

Теріскейдегі астық үшін арпалыс

Қызылорда күріш өсіруден биыл рекорд орнатса, теріскей диқандары еккен егіндерінің жағдайына алаңдап отыр. Мысалы, жыл сайын елдің қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызы Солтүстік Қазақстанда өсіріледі. Егін түсімсіз болды дегеннің өзінде бұл өңірден 5 миллион тонна алтын дән алынады.

Қуаңшылық жүздерін қуартпай, биыл теріскей нөсерлі болды. Диқандар да бидай бітік шықты деп бөріктерін аспанға атып еді. Бірақ, орақ басталысымен, күнара жаңбыр төпеп, соңы қарға ұласты.

Салы суға кеткенімен, диқандар төккен тер текке кетпесін деп тырбанып жатыр. Бүгінгі күні аймақта астықтың 90 пайызы орылды. Алдағы аптада шаруалар ырыс дәнін шашпай-төпей жинап алуға бекінген. Қармен арпалысып жүріп, тегеурінді техниканың күшімен алтын астықты ел қамбасына құймақ.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Биыл бидай бітік шықты. Облыс бойынша орташа көрсеткіш гектарынан 15 центнерден айналуда. Оны мына қалың дестелер мен масақ басына байланған дән санынан-ақ білуге болады.

«Астығың қардың астында қалды», деген осы. «Еңбегім еш, тұзым сор», деп кейіген диқан. Қанасына симай өскен бидайды қармен бірге орған механизатор. Қиын әрине, бірақ бейнетқор жұрт өзгені кінәлі деуден аулақ.

Өйткені, теріскейде егін өсірудің қашаннан тәуекелі көп. Жаз жаңбырлы болды, күннің қызуы кем болып, бидай да уақытында піспеді. Дәл орақ науқаны басталғанда, жаңбыр үсті-үстіне жауып, аяғы міне, қарға ұласты.  

Әбілхан Бижанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Егіннің өз уақытынан кеш пісуі. Оның өзіндік себебі бар. Егіннің пісуіне 1900 градус керек болса, биыл бізде 1750 градусқа қана жетіп отыр. Ал, 150 градус деген ол үлкен көрсеткіш.

Солтүстік облыста шыққан астықтың 87-і пайызы орылды. Бұл жергілікті орган берген ресми дерек. Бірақ, бұған күмәнмен қарайтындар да бар.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары: 

Облыста 4100 шаруашылық бар. Оның әртүрлісі бар. Әр облыста 20-30 пайыз ғана астық жинаған шаруашылық табылады. Ал, біздегілердің көбі жауапкершілігі шектеулі серіктестің жанынан шағын шаруа қожалығын ұстайды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік орақты  100  пайыз бітіреді де, шаруа қожалығы 20 пайызын  ғана орған. Олар кішкентай шаруашылық бойынша ғана көрсетеді.

Владимир Сушнев тәжірибелі – агроном. Ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан астам тер төгіп келеді. Күн райының биылғыдай құбылуын бірінші рет көрдім, дейді өзі. 

Владимир Сушнев, агроном:

Астық үшін биыл нағыз арпалыс болды. Бірақ, ерте қамдану керек. Орақтың басында көбінде астықтың ылғалдылығы 18 пайыз болды. Көбі кепкенін күтті де ақыры қарға ұрынды, қазір қар аралас бидайды жинап жатыр. Ертерек кірісу керек еді, біз үлгердік, түгел орып алдық.

Қауқары барлар ерте қамданды, олардың еңбегі де өнімді.  Бірақ,  қарбалас шығынсыз болмайды, сондықтан,  орақ барысында қамсыз емес қауқарлылар да едәуір шығын көрді дейді мамандар. Дегенмен, техникасын ерте сайлап, алқапқа орақты дер кезінде салғандар ұтылған жоқ.

Игорь Гришанов, серіктестік басшысы:

Қазір қар жауған соң, сәл аялдадық,  күннің ашылғанын күтеміз. Бірақ, астықты түгел орып алмай тоқтамаймыз. Бізге барлық тараптан қолдау көрсетілді. Жанар-жағармай уақытында жеткізілді, элеваторлар да баға тұрақты.

Ал, өтірік ақпарат дегенге тоқтасақ, шаруалар қанша орғандарын күнде мәлімдеп отырады. Ол үшін басшылар жауапты. Біз қол қоямыз, өтірік ақпарат берсек, сазайын өзіміз тартамыз.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Мына алқаптағы бидайдың шығымдылығы гектарынан 40 центнерге дейін барады. Бірақ, күнара жауған қардың салдарынан ылғалдылығы артып, тегеурінді деген техниканың өзі қақалып тұрып қала береді.

Енді мәселенің екінші қыры. Бізде бизнеске мемлекет жақындаса, ойбай мен аттан қатар шығады. Ал, бизнес қысыла бастаса, билікті жағалайды. Әсіресе, агроқұрылымдар демеуқаржы, арзан жанармай, тыңайтқыш, тасымал құнын арзандату секілді көп мәселеде қазына үлес даулайды. Бизнестік дербестік ұғымы осы жерден бұзылады.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Мұндай жыл үлкендердің айтуынша, 69-шы жылы болған екен.  Қар жауып кетіп, 30 градус аязда, ол кездегі ашық комбайндарда қалың киіммен жинап алған. Ал, қазір ауыл шаруашылығына барлық жағдай жасалған. Көп көңіл бөлініп жатыр. Осындай техниканың арқасында біз неге астықты қалдырамыз? Жинап алуға тырысамыз.

Орақ орағымен, орылған бидайды кептіруге байланысты да ептеген дау бар. Диірмендер астықты қабылдамай жатыр деген дәйексіз сөз тарап тұр. Астық су болған соң элеваторлар алдымен ылғалы 30 пайыздан асқан бидайды қабылдайды.

Олар да өз пайдасын ойлайды ғой, жеке болған соң. Бірақ, бір тонна бидайды кептіру 315 теңгеден аспауы тиіс. Бұл әкімдік пен диірмен иелері арасындағы қатаң келісім. 

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Биылғыдай ауа райының қиындауына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен 3 классты бидайдың тоннасына 43 мың, төртінші классқа 35, 5-ші классқа 30 мың теңге төлейтін болды. Бұл - шаруаларға үлкен қолдау.

Мұхамеджан Лұқбанов, шаруашылық басшысы: 

Бір жұма жетпей қалды қар түсіп қалып.  Мың гектар бидай қалды, оңды бидай. Гектарынан 16 центнерден алып жатыр едік. Бірақ не істейміз енді, сәрсенбіден күн жылынады дейді, сосын орамыз. 25 қарашаға дейін уақыт бар.

Теріскейде астық үшін арпалыс  тоқтаған жоқ. Әлі 300 мың гектардан астам алқаптың бидайы бар. Бірақ, диқандар қалың қар түскенше дейін  жұмысты  тоқтатпайды. Кесімді мерзім - 10  күн.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Бөлісу