Басты Жаңалықтар Мұнай бағасында тұрақтылық жоқ

Мұнай бағасында тұрақтылық жоқ

Мұнай бағасында тұрақтылық жоқ

Сауд Арабиясы жерасты мұнайға шылқаған аса дәулетті елдердің бірі. Күніне 1,5 миллион тонна мұнай, 100 миллион текше метр табиғи газ өндіреді. Қара алтынның 95 пайызын экспорттайды.

Тіпті мына күрт құлдыраған мұнай бағасының бұл елге әсері жоқ та секілді. Мұрттарын балта шабар емес. Мұнай дегеннен шығады, осы аптада да тұрақтылық байқалмады. «Қара алтынның» нарқы бірде көтерілді, бірде түсті.

Жалпы, бұл энергетикалық шикізат маусымның ортасынан бері 25 пайызға құнын жоғалтқан. Яғни, брент марка қазір орта есеппен 85 долларға сатылып жатыр. Экономистердің пікірінше, мұнайдың арзандауынан экспорттаушы елдердің бюджеті ортайып, керісінше импорттаушы мемлекеттер ұтып отыр.

Өткенге көз салсақ, мұнай 1980 жылдардан  қымбаттай бастапты. 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде баррелі 147 долларға жетті. Әлемдік экономика ес жия бастаған 2011 жылдан бері бұл шикізат қайта қымбаттап, баррель бағасы 100 доллардан 120 долларға дейін көтерілді. Енді қайта арзандап барады. 

4 жыл бойы соншалықты құбыла қоймаған баға неге биыл, жаһан баяғы «қырғи-қабақ соғысқа» қайта жақындағанда өзгерді? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бір анығы - сұраныс аз, ұсыныс көп.

Мысалы, АҚШ былтырмен салыстырған биыл 1 миллион баррель артық шығарған. Ал, қарашаның 27-де Венада ОПЕК-тің кезекті сессиясы өтіп, онда мұнай өндірісін көбейту-азайту мәселесі қаралады. Бірақ, баға түсіп бара жатса да, осы ұйымның бас хатшысы өндірісті болашақта арттыру қажеттігін айтты.

Мұнай тек қана отын емес. Мұнай өзінің 3,4 триллиондық нарығынан да асқан күш. Мұнай – қару, мұнай – стратегиялық құрал. Мұнай кейде жетістікке жетелейді, кейде бақты байлайды.

Өткен айда оның брент маркасының бағасы 85 долларға дейін түсті. Ал, маусымның ортасында «қара алтынды»   Нью-Йорк биржасында инвесторлар 115 долларға сатып алды. Демек, төрт айда оның  бір бөшкесі  шамамен 25-30  пайызға  арзандап отыр.

Джеймс Бамбино, сарапшы:

Біз брент мұнай құнының мұншалықты  құлдырағанын соңғы 4 жылда көрген емеспіз.  Бағаның түсуіне себеп болған факторлар аз емес. Соның бірі – Сауд Арабиясының «қара алтын» өндірісін кемітпеу жөніндегі шешімі.

Расында да, Сауд Арабиясы мұнай бағасын жоғары ұстап тұру үшін өндірісті кемітетінін әлі аңғартқан жоқ.  Кейбір бақылаушының пікірінше, әр-Рияд  «қара алтынды» саудаға көптеп шығарып,  энергетикалық нарықтағы ықпалы мен үлесін қорғауға мүдделі.

Өйткені, Саудияның басты бәсекелестерінің бірі - АҚШ-та  кейінгі кездері мұнай өндірісі де, оның  қоры да артпаса, ортаймай отыр.  Бұл аздай, Құрама Штаттарда тақтатастан  алынатын энергетикалық отынның да мөлшері көбейіп келеді.

Майкл Хьюсон, CMC Markets  компаниясының сарапшысы:

Біз қазір бағалар соғысына тап болдық. Нарыққа жеткізіліп жатқан мұнай көп. Меніңше, бұл жерде Сауд Арабиясы қулыққа барып отыр. Ол энергетикалық ресурстың құнын төмендете отырып, АҚШ-тағы  өндірушілер  мен тақтатастан мұнай шығару революциясына кедергі жасағысы келеді.

Бір қызығы, соғыс өрті шарпыған Ливияның өзінде де қыркүйектің соңында мұнай өндірісі алдыңғы аймен салыстырғанда бірден 40 пайызға өскен. 

Бұл молшылық пен бағаның төмендеуінен зардап шегіп отырған үш ірі экспортер бар. Олар – Венесуэла, Иран, Ресей. Үшеуі де  - соңғы жылдары Вашингтонды сынаудан тайынбаған мемлекеттер.

Мысалы, социалистік Венесуэланы алайық. Бұл елдің бюджеті 120 долларлық мұнай бағасына негізделген. «Қара алтын» бағасы түспей тұрғанда да, мұнда қаржы тапшы болып, ішкі-сыртқы қарызды  өтеу айналғанды. Қазір инфляция 63 пайыздан асып отыр. Ал, ең қажетті тауарлар тапшы.

Иесения Агудело, мемлекеттік қызметкер:

Тіпті, екі жұмыс істесең де, жалақымыз күн көріске жетпейді. Экономикалық дағдарыс салдарынан дастарқанымыз жұтаң. Ақша болған күннің өзінде қажетті тауарды табу қиын.

Иран бюджетіндегі тепе-теңдікті сақтау үшін мұнай бағасы, кейбір мәліметке қарағанда, 136  доллардан түспеуі керек. Онсыз да ядролық бағдарламасы  үшін жарияланған санкциялардан бұл мемлекеттің экономикасы әлі еңсе көтерген жоқ.

Алайда, елдегі Батысқа деген ұстанымы қатаң  саясаткерлердің пікірінше,  қазір сүнниттік Сауд Арабиясы Америкамен бірлесіп, «қара алтын»  бағасын түсіре отырып, аймақтағы бақталасы - шииттік Иранды табыстан қағып, әлсіретуді көздеп отыр.

Мохаммад Бакер Нобахт, Иран үкіметінің ресми өкілі:

Аймағымызда өздерін Ислам елдері деп атап жүрген кейбір мемлекет Америка мен өзге де мейманасы асқан державалардың мүдделеріне қызмет ете отырып, Ислам Республикасын қыспаққа алып отыр. Батыс Иранның мұнай өндірісін күніне 4 миллион баррельден 1 миллион баррельге дейін төмендетіп жіберді.

Ал, кейбір экономистің ойынша, мұнай бағасы Тегеранның ядролық келіссөздердегі, ал Мәскеудің кейбір геосаяси мәселедегі позицияларын әлсірету мақсатында төмендетілді. Бірақ, Парсы шығанағындағы монархиялар бұл идеяны бос қиял деп есептейді. Сауд Арабиясы болса,  халықтың сұранысына сай ету үшін «қара алтынның» құнын түсіргенін мәлімдеп келеді. 

Ресейге тоқталсақ, оның бюджеті мұнайдың 100 долларлық құнына негізделген. Халықаралық нарықтағы  ахуал тіпті қиындайтын болса,  бұл мемлекеттің  ұлттық қорында 465 миллиард доллар сақталған. Елді дағдарыстан сол қаражат  құтқарады деген үміт бар. Ал, Мәскеу тұрғындарының бүгінгі экономикалық жағдайға қатысты пікірлері әртүрлі.

Алексей, Мәскеу тұрғыны:

Мен мұнай бағасының арзандауынан,  рубльдің әлсіреуінен стагнацияға түсіп кеттік пе деп қорқамын.

Виталий, Мәскеу тұрғыны:

Мен мұндай өзгерістерге үйренгенмін. Мұнай арзандаса, доллар қымбаттайды, бұл түсінікті жайт. Ал, доллар қымбаттаса, мұнай арзандайды.

Мұнайдың арзандауынан ұтатын елдер бар. Мәселен, Үндістан өзіне қажетті «қара алтынның» төрттен үш бөлігін сырттан импорттайды.  Елдегі банктердің бірінің мәліметіне қарағанда, мұнайдың құны бүгінгі күйінде қалатын болса, Үндістан үстіміздегі қаржы жылы жанармайға бөлінетін мемлекеттік субсидияны қысқартып, 2 жарым миллиард доллар үнемдеп, сол ақшаны экономиканың өзге салаларын дамытуға жұмсайтын болады.

Энди Мукерджи, экономикалық шолушы:

Иә, Үндістан ғана емес, Индонезия да ұтады.  Оларда бензин мен дизельдік отын арзандап, бұрын субсидияға бөлінген қаражатты енді инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсауға болады.

Ал, Қытай әлемде мұнай тұтынудан екінші орында тұр. Соңғы зерттеулерге жүгінсек, Бейжің бір баррелдің бағасы 1 долларға  түскеннің өзінде жылына 60 миллиард доллар үнемдейді екен. Оның үстіне, елде бензин алатындар көбейіп, дизельдік отынды пайдаланушылар азайса, ауаның ластануын шектеуге мүмкіндік тумақ.

Лью Мэньчинь, студент:

Ауаның ластануы үлкен проблемаға айналып кетті.  Оған көп жылдан бері мұнша алаңдамап едік. Бір шара қолдану керек. Денсаулығымыз үшін көп уайымдайтын болдық.

Жапония мұнайды 100 пайызға жуық сырттан тасиды. Ал, 2011 жылы жер сілкінісі мен цунамиден  бұл мемлекет ядролық апатқа ұшырап, энергетикалық отынды үнемдеуге және оның бағасын өсіруге мәжбүр болды. 

Сондықтан, қазіргі арзан мұнай бұл қиындықты жеңілдетуі ғажап емес. «Қара алтын»  құнының төмендеуі  Еуропа одағы үшін де тиімді болып тұр. Кейбір экономистің сөзіне қарағанда, мұнай бағасы 10 пайызға түскенде  одақта өндіріс 0,1 пайызға өседі.

Бұл көрсеткіш мардымсыз көрінуі мүмкін. Алайда, биыл екінші тоқсанды экономикалық дамусыз аяқтаған еуровалюта аймағы үшін осының өзі - айтарлықтай жетістік.                                        

Арыстан РЫСБЕК

Бөлісу