Протез алу кезегі тым ұзақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Протез алу кезегі тым ұзақ

19.10.2014
Протез алу кезегі тым ұзақ

Бұл жалғанда жұмыр басты пенденің қадірін білмей қапыда кететін екі нәрсесі бар екен. Бірі - денсаулық. Екіншісі - уақыт. Қадірін білсеңіз, бұл зор бақыт. Пендеміз ғой, кейде он екі мүше аман тұра, «менде анау жоқ, менде мынау жоқ» деп заманға зар төгеміз.

Кеудені керіп, жалт-жұлт еткен жылтыр дүниеге алданатынымыз тағы бар. Шүкірді ұмытамыз. Біздің елде 40 мыңға жуық мүгедек жан жасанды мүшеге яғни, протезге мұқтаж. Бірінің қолы, енді бірінің қос аяғы жоқ. Бірі туабітті кем, бірі жұмыс барысында, тағы бірі көлік апатынан осындай жағдайға душар болғандар.

Олар бірақ іштей мүжілген жоқ, үміттері үзілген жоқ. Олар қол мен аяққа протез киіп, тұрғысы келеді, жүргісі келеді, қиындықтың түндігін түргісі келеді. Еңбекке аралассақ, дейді. Бірақ, протез тапшы. Болған күннің өзінде қымбат. Тәуір дегені миллион теңгеден асады. Бір жәрдемақыға жан баққандардың қалтасы қайдан көтерсін.

Елімізде жасанды мүше жасайтын санаулы орталық бар. Сол протезді қайда жасайды, құны қанша?

Олар бұл жарық жалғанның шуағына малынып емес, бой жылытқандарына да шүкір деседі. Олар қоғамдағы кей жатыпішер жалқаулар мен өмірге өкпелілердің жанында қайратты. Олар барды бағалай біледі.

Тағдырдың сынағынан сынбаған талай кембағал жан үміттің жетегінде сырты жұпыны тартқан осы бір ғимаратқа келеді. Бұл - «Алматы протез-ортепедия» орталығы. Талай тағдырға куә. Талайды тікесінен тұрғызды.

Есіркеп Сайлыбаев, Республикалық «Протез - ортопедиялық орталығы» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары:

Бізге Қарағандыдан екі аяғы жоқ адам келген. Суықта, қарда қалып қойған. Еңбектеп келген. Содан екі аяғына протез қойып, жүрген кезде көзінен жас шығып, өмірге деген көзқарасы өзгерді.

20 жастағы Бақтықожа үшкүндік жолды артқа тастап, оң аяғына протез жасату үшін Жаңаөзеннен келіпті. Жігері болаттай бозбала жай спортшы емес, ол- Маңғыстаудың «Үздік спортшысы».

Бақтықожа Орысбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Адам 5 минут бұрын не боларын білмейді, сезбейді. Басыма жазылған тағдыр. Көну керек, алға қарай ұмтылу керек. Осы ұмтылысымыздың арқасында, рухани жігеріміздің арқасында спортқа келдік.

Бүгін Бақтықожа санына кигізілетін протездің өлшемін жасатты. Жақында дайын болады. Сәті туса, бозбала мына қос балдақпен қоштасады. Оған қоса, протез кезегін ұзақ күткен күндер де ұмыт болар.

Бақтықожа Орысбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Жас кезінде адамдар осындай жағдайға түскеннен кейін басылып қалады. Мен қолдан келгенше аяғымның жоқ екенін білдіртпеймін.  Протездері ыңғайлы. Енді бұйырса, бәрі жақсы болып кетер. 

Бұл - тараздық Талғат. Мерзімі біткен протезін жаңалауға келіпті. 4 жыл бұрын көлік апаты кезінде екі аяқтан айырылған, бірақ, бордай үгітілген жоқ. Еңсе көтерді, еңбек қылды. Қазір өзінің көлік жөндейтін шағын цехы бар. 

Талғат Нарбаев, Тараз қаласының тұрғыны:

Қиналса да, тырмысып жүріп кетіп жатыр талай жігіт. Ауыр жағдайдағылары, жүріп жатыр балдақсыз. Олар еңбек етуде, ал еңбек етпегендері жатыр. Адамның өзіне байланысты, жүремін десе, жүріп кетеді. Жатамын десе, жата береді.

Отбасының ортасында болса, кембағал жанға кемдік білінбес. Ал, Бақыт Байділдаев қазір жалғызілікті. Тағдырдың тауқыметін көп тартып, үміттің үзілер сәтінде осында келіпті. Қараңызшы, оның үмітін жалғаған мынадай қайсар жандар. Қос аяқтың жоқтығын сездірмей тікесінен тұрды, қиындыққа қарсы жүрді.

Бақыт Байділдаев, Қызылорда облысының тұрғыны:

Отырып қалған соң, тынасың ғой деп ойладым. Осы жерде қаралып жүрсем әлгі жас жігітті көрдім, екі аяғы жоқ. Маған да болатын шығар деп осы жерге келдім.  Шамалы да болса, көңілім көтеріліп қалды.

Бақыт ағамыздың протезі дәл мына шеберханада жасалады. Мұнда тек аяқ емес, қол, жамбас протездері және сүт безінің қатерлі ісік ауруы салдарынан ота жасатқан әйелдер үшін кеуде безінің протездері жасалады.

Болат Тұрлықожа, механик-протезші:

Әр адамның протезі жеке болады. Сондықтан, әр адамның көңілінен шығатындай қылып жасауға тырысамыз. Екі аяғы жоқ, бір аяғы жоқ, тіпті мүлдем аяғы жоқ адамдарға қажамайтын корзина жасаймыз.

Мұнда Болат секілді шебер жігіттер бар-ау, бірақ протез жасауға қажет қондырғылар өзімізде жоқ. Шеттен әкелінген соң, бағалары да удай. Мысалы, ең соңғы үлгідегі мына электронды аяқ Жапонияда жасалған. Бағасы 3 миллион теңгеге дейін барады.

Болат Тұрлықожа, механик-протезші:

Арнайы бағдарлама салынады. Арнайы құрылғысы да  бар. Сонда жылдам жүреді немесе баяу жүреді. Сол артықшылығы. Содан кейін мына аяқтың табаны ең озық технологиямен жасалған. Ол адамның табанының қимылдарын қайталауға тырысады.

Мұндай аяқтарға сұраныс көп, бірақ көбі бағасын естігенде талып түседі. Қалта көтергені алады, бірі демеуші іздеп табады. Ақшасы жоғы, өз облыстарындағы Әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлетін азын-аулақ квотаны місе тұтады.

Есіркеп Сайлыбаев, «Республикалық протезді-ортепедиялық орталығы» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары:

Жаңа технологиялық протез мысалы, механикалық жамбас протезі 450 мың теңге тұрады.  Жіліншік протезі 230 мың тұрады. Екінші, үшінші буынға сұраныс көп. Себебі оны жасау оңай, жүрісі де оның әрі бағасы да арзандау.

Бүгінге дейін Алматыда 19 мың 700 адам кезекте тұрса, солардың 12 мыңы протездерін алған. Қалғандары әлі кезек күтіп жүр. Неге десеңіз, тендер себеп. Қараңыз, мемлекеттік тапсырыстар облыстардағы Әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен жасалған келісімшарт бойынша жүргізіледі.

Бірақ, тендер ұзаққа созылып, кесірінен қаражат уақытында түспейді. Тағы бір кемшілік, келісімшарт жасалып біткен соң, протез орталықтарына тапсырыс алуға рұқсат жоқ. Ондайда оқыстан мүгедектікке ұшыраған жандар қайтпек? Бұл жүйеленбеген.

22 жылдан бері осы орталықта істейтін Ералы Тушжанов аяқ-қол протездерінен бөлек, ортопедиялық аяқ киімдерге де сұраныстың зор екенін айтады. Олар жылына 5 мың жұп аяқ киім тігеді.

Ералы Тушжанов, аяқ-киім цехының басшысы:

Қараңыз, мына кісінің аяғы қысқа. Мынаны қойғаннан кейін ол қисайып жүрмейді тура жүреді. Мынау аяқ киімнің ішінде қалады. Көрінбейді. Өзгелерге білінбейді.

Қазір бұл цехта целебральді сал ауруына шалдыққан балалар үшін арнайы аяқ киімдер мен майтабан дертінің алдын-алатын ұлтарақтар тігіледі. Әр баланың қуанғаны - цех жұмысшылары үшін зор бақыт.

Ералы Тушжанов, аяқ-киім цехының басшысы:

Менің есімде кішкентай баланы алып келді. Үштегі бала. Мынадай етік жасап бердік. Ана бала киді де жүгіріп кетті. Көзімнің жасы бұрқ етті. Сонда барып мен түсіндім, біздің пайдамыздың тиіп жатқанын.

Ал, бақыттың отбасында екенін түсінген Бақыт ағамыз аяғына протез киіп, тік тұрар күнді тағатсыз күтіп жүр. Көкейінде бір-ақ дүние.

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу