Бағдад жұртынан береке кетті
Түркия шекарасындағы Кобани қаласы үшін шайқас жүріп жатқанына артық-кемі 33 күннен асты. «Ислам Халифатын құрамыз» деп жанталасқан жаналғыштарды жайратып саларға әлемнің әлі жетер емес.
Есте болса, осы жаздың маусымында Ирак пен Сирияның бір бөлігін басып алған қарулы ұйым өз бақылауындағы аймақтарда «Ислам Халифаты» орнатылды деп мәлімдеген.
Баскесерлердің көксегендері мынау. Исламның саяси жүйесіне сай нағыз, түпнұсқа, балама мемлекет құрып, Таяу Шығыстағы қазіргі мемлекетаралық шекараларды өзгеріске ұшырату, ұлттық мемлекет үлгісіне ұқсамайтын саяси билік орнату.
Жалпы, Ислам тарихында алғашқы төрт халифадан соң, түрлі династия болды, соңғысы Осман империясы халифат құруға ұмтылған. Бірақ, Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемел Ататүрік 1924 жылы халифаттық билеу жүйесінің күшін жойған еді. Бірақ, олар қайта бас көтерді.
Қазір әсіредіншілдер дүниені дүрліктіру үшін қандай қатыгездікке де дайын. Оларға пышақпен мойыннан ора салу түк емес. Қолға түскен сәби ме, ана ма, оның аяғы ауыр ма, қарамайды, автоматпен жайратып салады. Олар бір сөзбен түйсек, мұсылмандар емес.
Бұл күндері Бағдад жұртынан береке кетті. Жергілікті тұрғындардың кейбірінің сөзіне сенсек, үкімет пен армия көп жайтты ашық айтпай отыр. Шындығында, қарулы топтар әне-міне Ирак астанасын басып алуға жақын. Мұндай қауесеттің халық арасына кең тарауы бекер емес.
«Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары осы аптада Бағдадтан небәрі 40 шақырым жердегі Амириат қаласына жетті. Ал, дүйсенбіде олар Анбар провинциясындағы Хит деген шаһар мен оның қасындағы әскери базаны басып алды.
Үкімет жауынгерлері болса, қаруын тастап қашқан. Биыл жазда елдің екінші ірі қаласы - Мосул қарулы топтардың қолына өтеді дегенде де ешкім сенген жоқ. Бірақ, сол мегаполис - маусымнан бері содырлардың қарамағында: Ирак әскері Мосулды шайқастың үшінші күні-ақ тастап кетті.
Әбу Яссир, Бағдад тұрғыны:
Қауесет пен неше түрлі жаңалық көп. Кімге сенерімізді білмейміз. Кабельдік телеарналар таратып жатқан хабарлар бір-біріне қарама-қайшы.
Ғұрфан Хаддад, Бағдад тұрғыны:
Бір кездері содырлар Мосул тәрізді үлкен қаланы басып алады, дегенде күлген едім. Енді Бағдад тізе бүгіп жатса, таңғалмайтын болдым.
Фаузи Әбділкәрім, Бағдад тұрғыны:
Қауесет деген не өзі? Қауесет дегеніміз – шындыққа жартылай жанасатын жаңалық емес пе? Бірақ, Бағдадты алу оңай болмас. Мұнда жеті миллион адам тұрады.
Ел осылай екіұдай күйде жүргенде, «Ислам мемлекеті» Бағдадты ашық емес, жасырын шабуылдауға кіріскен тәрізді. Өткен жексенбіден бері сүнниттік қарулы топ қаланың шииттер шоғырланған аудандарында дүркін-дүркін жарылыс жасап, 150-дей адамды мерт қылды.
Кейбір бақылаушының пікірінше, радикалдық ұйым осындай шабуылдар арқылы өздерімен өзге аудандарда соғысып жатқан діни қарсыластарынан кек алып жатыр.
Бағдад тұрғыны:
Балалар жетім қалып, талай жанұя асыраушысынан айырылды. Жылдар бойы көргеніміз осы. Ештеңе өзгерген жоқ. Бір құдайға ғана сенеміз. Үкіметтен не қайыр? Кабинетте отырған шенеуніктердің ешкімі өліп жатқан жоқ. Соғыстың зардабын мына біз, қарапайым халық тартып отырмыз.
Бір кездері Иракта Америка әскерімен соғысқан «Ислам мемлекеті» ұйымы 2006 жылы құрылды. Ал, қазіргі атауына ол биыл маусымның соңында ие болды. Бүгінде жиһадшылардың қарамағына Ирактың батысы мен солтүстігі және Сирияның шығысы кіреді.
Басып алған жерлерге шариғат заңдарын енгізіп, халифат жариялаған ұйымның бюджеті, кейбір дерекке қарағанда, 2 миллиард долларға жетіп қалған. Қомақты қаражат жауланған территорияларда салық жинаудан, мұнай сатудан, зауыт-фабрикалардың өнімін экспортқа шығарудан түсуі мүмкін.
Ресей мен АҚШ барлаушыларының соңғы дерегіне жүгінсек, «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарында 30-50 мыңдай адам соғысып жатыр. Оларға қосылған еуропалықтардың 10 пайызы - әйелдер. Интернет арқылы жиһадшылармен танысып, Сирия мен Иракқа аттанғандардың ішінде жасөспірім қыздар да кездеседі.
Дүния Боузар, антрополог, «Жұмақ іздеп, тозақты тапты» кітабының авторы: Былтырға дейін радикалдық ислам жолына түскендер көбіне ұлдар болды. Олардың дені – жұмыссыз және проблемалы отбасылардан шыққандар. Ал, биыл наурыз айынан бері қыздарын жоғалтқан аналар көп хабарласатын болды. Ата-аналардың бірі - мұғалім, екіншісі - заңгер, енді біреулері – исламнан мүлде бейхабар атеистер.
Ирак пен Сириядағы содырлар өздеріне бағынбаған этникалық топтар мен діни конфессиялардың өкілдерін, журналистер мен жауынгерлерді қандай қатыгездікпен өлтіргенін жасырмайды, интернетте жариялап тұрады. Кейбір болжамға қарағанда, бұл да – қарсыласты үрейлендірудің бір тәсілі.
Бірақ, дәл осы тәсіл әлемді наразы қылып, тамызда АҚШ бастаған коалицияны интервенцияға итермеледі. Қазір Америка мен оның одақтастары көтерілісшілердің бекіністерін әуеден бомбалап жатыр. Дегенмен, мұндай операциялар ай басынан бері Ирак армиясына ондаған елді мекенді қайтаруға көмектессе де, аса тиімді деуге келмейді.
Мұхаммед әл-Халиди, сарапшы:
АҚШ-тың авиациялық соққысы олардың әскери техникасын жоя алар. Бірақ, бұл операция салдарынан қарулы топтар бейбіт халықтың ортасына қашып, америкалықтарды тұтқиылдан шабуылдайтын болады.
Түркия шекарасынан көрініп тұрған мына қала - Кобани. Оның айналасындағы күрдтердің ондаған ауылы қарулы топтың бақылауына өтіп, Түркияға 200 мыңдай адам қашып барды. Ал, Кобани үшін шайқастың басталғанына бүгін 33 күн.
Ирактың шииттеріне оп-оңай тойтарыс берген көтерілісшілер мұнда үлкен қарсылыққа тап болып, мыңнан астам адамынан айырылды. Дегенмен, бұл соғыста күрдтерге Америка ұшақтары әуеден шабуылдап, көмектесіп жатыр.
Джон Кирби, Пентагонның баспасөз хатшысы:
АҚШ әуе күштері соңғы екі күнде Кобанидің айналасына 14 рет соққы беріп, Ислам мемлекетінің 19 ғимаратын, екі басқару бекеті мен үш снайперлік позициясын және өзге де нысандарын қиратты.
Көне шаһардың кімнің қолына өтетіні әзірге белгісіз. Қаланы қорғау үшін күрдтердің әйелдері де қолға қару алды. Олардың төртеуі осы аптада мерт болып, Түркияда жерленді. Күрдтердің сөзіне сенсек, содырлар қыз-келіншектер атқан оқтан мейлінше сақ, өйткені, жиһадшылардың ұғымында әйелдің қолынан өлген адам жұмаққа бармайды.
Суздар, күрд жауынгері:
Менің атым - Суздар. Дұшпанымыз шабуыл жасағанда, біз оларға тойтарыс беріп, мына қару-жарақты олжалап қалдық.
Сириядағы ахуал Түркияны да тұрақсыздыққа ұрындырды. Мұнда күрдтер сириялық қандастарына көмектесеміз деп, шекараның арғы жағына өтуге асық. Бірақ, Түркия өз жерінде 30 жылдай ылаң салып, тәуелсіздік үшін күрес жүргізген күрдтердің Сирия асып, ондағы бауырларымен қосылып, ортақ күшке айналғанынына әу-бастан қарсы.
Ал, шекарадан кері қайтарылғанына ашынған күрдтер жақында Түркия қалаларында үлкен шерулер өткізіп, полициямен қақтығысты. Соның нәтижесінде, ондаған адам қаза тауып, бес провинцияда коменданттық сағат жариялаланды.
Арыстан РЫСБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы