Белсіздік неге белең алып барады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белсіздік неге белең алып барады?

21.09.2014
Белсіздік неге белең алып барады?

Елімізде 60-тан асқан 680 мың ғана ер азамат бар. Сенбейтін шығарсыз, бірақ деректер солай, дейді. Еркектер әйелдерден орта есеппен 12 жас кем өмір сүретінін бұрыннан білетінбіз.

Ал ұлдардың шақалақ кезінде шетінеуі қыздардан үш есе көп көздеседі. Сонда қазақтың қара нарға теңейтін ерлері азайып бара жатқаны ма? Қайтсек қазақтың санын 20 миллионға жеткіземіз деп жүргенде, ерлер белсіздігі қосылды.

Түсінікті тілмен айтқанда, белсіздік деген – азаматтың өмірден ұрпақсыз өтуі. Қазір әлемде 150 миллион ер адам бала сүйе алмайды. Жарты миллионы бізге тиесілі. Бұл ұлтқа төнген қауіп емес пе?

Бұрын Жетпісбек, Сексенгүл, Тоқсанбайлар көп еді. Қазір Елубайды да естімейсіз. Ата-баба «ұлы барға орын бар, қызы барға қымыз бар, ұлы-қызы жоқтардың бұл жиында несі бар?», деп ұрпақ жалғастығына жіті мән беретін. Белсіздік неге белең алып барады?

«Балалы үй базар». Ал Арайлымның үйі – қу мазар. Онда баланың былдыры жоқ, риясыз күлкісі естілмейді. Сондықтан, балалар алаңына күнде келуді әдетке айналдырды. Мына өзі отырған әткеншекке әлдиін әкелсем, дейді. Ойнатып, тербетсем, дейді. Бірақ, жетектейтін, тентек дейтін, құшырлана құшатын, бауырына басатын бала жоқ. Ері екеуі – жалғыз.

Арайлым, Астана қаласының тұрғыны:

Бірге тұрып жатқанымызға сегіз жыл болды. Одан бері мен бірнеше емшіге бардым, емханаларға барып, дәріханаларға барып тексерілдім. Бірақ менің денсаулығымнан ешқандай ақау тапқан жоқ. Бұрын ұялып, барлық кінә сенен деп айта беретін еді. Бірақ, ол кінә өзінен екенін түсінді. Ал, бүгінде біздің енді балалы болатынымыз тым кеш сияқты көрінеді.

Арайлым қазір отызға таяды. Дәл сәби сүйер уақытының текке өтіп жатқанына налиды. Өйткені, бақыттың үлкені – бала сүю.  

Арайлым, Астана қаласының тұрғыны:

Бала – отбасылық өмірдің мәні. 

Ұрпақсыз адам – қанатсыз құс. Самғай алмайды. Арайлым да солай. Өзінде болмаған соң, өзгенің баласын қызықтаудан басқа амалы жоқ. Қызығады, қызғанады да.

«Бала болмаса, әйел кінәлі». Осы қағида қаншама қызды қынжылтты. Түбінде ажырастырып тынды. Сандарға сүйенсек, елдегі әрбір 100 отбасының 20-сы перзентке зар. Жылына мыңдаған отбасының ошағы осы себепті сөніп жатады. Ал дәрігерлер дерттің тең жартысы еркектерден деп дабыл қағады.

Мәселен, бедеулік көрсеткіші елімізде - 16 пайыз. Дүниежүзінде 15 пайыздың өзі шектен шыққан деп есептеледі. Енді біздегі бұл жағдайды бағалай беріңіз. Елде орда бұзар отыздан асқан ерлеріміздің 57 пайызы белсіз. Себеп неде? 

Дәрігерлер белсіздікке апаратын бес себеп бар дейді. Бірінші, суық тигеннен. Екінші, ішімдік. Темекінің түтіні де белсіздіктің белең алуына «көмегін» көп тигізеді. Төртіншіден, қазір қара жұмыспен айналысатын қара нарларымыз аз. Көбі кеңседе, бір орында отырады. Физикалық қозғалыс жоқтық – белсіздікке жетелейді. 

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» емханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы:

Қазір жүйкенің жұқаруы, күйзеліс көп. Қазір адам нарықтық заманда көптеген бәсекелестікке бейім боламын деп көп күйзеледі. 

Тағы бір себеп - баланы бесікке бөлеу ұмытылып барады. Бұрымдылар қалай бөлеуді де білмейтін шығар. Өйткені, «памперс» дейтін дүние жақсы болды. Салып қоясың, бірнеше уақыт боссың. Бірақ, сол жалқаулық пен жасанды жаялықтың түбінде жамандыққа жетелейтінін бірі білсе, бірі білмейді. Иә, иә «памперс» те белсіздікке апарады.

Бала  «памперске»  кіші  дәретті  жіберген   мезетте,  мүшесінің табиғи  температурасы  бірден жоғарылайды. Аздан кейін «памперске» сіңген зәр қайтадан  тастай  болып  суыйды.  Осындай  қысқа аралықта бір күйден екінші күйге алмасқан температура аталық бездің дамуын тежейді.

Жәнібек Рахимов, Астана қаласының тұрғыны:

Екі балам бар. Бір ұл, бір қыз. Екеуі 3 жасқа дейін «памперспен өсті». Зияны туралы біледі ғой, енді амал жоқ. XXI ғасыр ғой, «памперс» алмасаң, ажырасып кетеді.

«Памперс» алып бермесе, жанжал шығаратындар расында көп қазір. Есептесек, «памперс» 2000 жылдан бері сәнде. Яғни, сол кездегі сәби қазір 14-ке келді. Демек, енді он жылдан соң, елдегі белсіздер саны тағы көбеюі мүмкін. Бұл көбею халық санына кері пропорционал.

Сәтжан Мейірманов, демограф:

Қазақстан көлемі жағынан 9-орында. Қазіргі міндет Қазақстан халқының табиғи санының өсімі. Әйтпесе, көршілерден демографиялық қысымға ұшырауымыз мүмкін.

Дәрігерлер бұл кеселге бей-жай қарап отырған жоқ. Ерлер орталығын ашты. Сәтті операциялардың саны көп.  

Мырзакәрім Алшынбаев, Б.Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры:

Ауруды тауып алған кезде емдейміз, ол өзіне жақсы. Тез аяққа тұрып кетеді. Былтыр облыстардан орталықтарға 100 миллион теңге бөлінді. 6000 еркек тексеріліп, ем қабылдап жатыр.

Азамат Алтынбаев 5 жыл бұрын үйленген. Бірақ, жары бала көтермеді. Барлық жерде қаралды. Нәтижесіз. Екі жыл бұрын ашылған Шымкенттегі ерлер орталығының кеңесімен Алматыдағы урология ғылыми-зерттеу институтына келді.

Азамат Алтынбаев, науқас:

Сәрсенбінің сәтті күнінде ота жасалды. Сол отада ұрық жолдарының туа біткен тарылуы анықталды. Ол тарылуды жөндеп, кесіп алып тастап, қайтадан жалғап қазір жақсы. Екі айдан кейін ұрық тапсырамыз. Нәтижесі оң болады, деп сенеміз.

Бұл институтқа Қазақстанның әр түкпірінен жылына 100-ден аса жігіт келеді. Оның 70-80 пайызы аурына ем табады. Ал қалғанының дерті туа біткен. Олар емделмейді.

Айтпақшы, 20 жылдан бері елде денеден тыс, яғни, эко ұрықтандыру етек алды. Балалы болудың бұл әдісі де шекесі торсықтай ұлдар мен қылықты қыздардың өмірге келуіне әсері көп.  

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» емханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы:

Қазақстанда осы әдіспенен 9 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бірақ, ол аз. Өйткені, мамандар да аз. Ең алғашқы менің қолымнан шыққан бала - 1989 жылы. 25 жасқа келді.

Технология қанша дамыса да, табиғи тууға жетпейді. Белсіздік – қоғам қасіреті. Ол рас. Бірақ тығырықтан шығудың жолы жоқ емес. Ол үшін әлгінде айтқан 5 жаманнан қашық болыңыз.

Ал мына 5 дүниеге асық болыңыз: еңбек, спорт, күтіну,  дұрыс тамақтану, бастысы, уақытылы дәрігерге қаралу.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу