Еуропада бедеулік пен белсіздік белең алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада бедеулік пен белсіздік белең алды

25.01.2023

Еуропа елдерінде бедеулік пен белсіздік белең алып барады. Қазір қарт құрлықта 25 млн адам, яғни әр бесінші ата-ана бала сүю бақытына зәру. Экология, ұрықтану қабілетінің төмендеуі, генетикалық аурулар, зиянды әдеттер – дені сау ұрпақтың дүниеге келуін тежеп тұр, дейді мамандар.

Дәрігерлердің айтуынша, бұрын белсіздік дертімен жасы елуден асқан азаматтар келетін. Ал қазір бұл диагноз 35-40 жастағы жігіттерге де жиі қойылады. Репродуктивті жастағы азаматтардың денсаулығындағы кінәратты мамандар зерттеп, ем-домын жасап жатыр. Бірақ, өмірге табиғи жолмен сәби әкелетіндерден гөрі жасанды ұрықтандыруға жүгінетіндер көп.

Доминик Ройлей, репродуктолог-эмбриолог:

Еуропалықтар 35-40 жаста үйленіп, алғашқы сәбилерін тағы бірнеше жылдан кейін жоспарлайды. Ал, 35 жастан кейін табиғи жолмен балалы болу қиындай түседі. Бедеуліктің бір себебі – осы. Темекі, есірткі, ішімдікдікке әуестік, артық салмақ, инфекциялық қабыну-еркектердің аталық ұрығының әлсіздігіне әкеп соғуда.

Германия мен Италияда репродуктивті медицина – тек заңды некеде тұрғандар үшін ғана тегін. Француздар мен гректер ЭКО-ны көбіне Испанияда жасатады. Себебі, мұнда жасанды ұрықтандырудың бағасы Еуропаның өзге елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан. 8000 мен 10 мың еуро аралығында. Ал, Люксембургта 42 жасқа дейінгі әйелдерге ЭКО тегін жасалады.

Капусин Колин, Люксембург тұрғыны:

Мен 29 жасымда тұрмысқа шықтым. Бірақ, бірден балалы бола алмадық. 34 жасымда жолдасым екеуміз жасанды ұрықтандыру жасатып, ұлды болдық. Ертең өкінбес үшін, уақытты өткізбей, ата-аналар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек.

ЭКО-дан күдер үзген еуропалықтар үшін соңғы үміт суррогат анада. Дегенмен, қарт құрлықтың біраз елінде өзге әйелдің жатырын жалға алуға рұқсат жоқ. Бельгия, Грекия, Испания мен Финляндияда бұл қызметті пайдалануға болады. Бірақ, суррогат ана баланы беруден бас тартса тапсырыс беруші жер сипап қалады. Заң жоқ өйткені. Сондықтан, еуропалықтар бұл мәселе заңдастырылған, әрі арзан Азия, Африка мен Украинаға асығады. Онда суррогат ананың қызметі 50 мың доллар.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Дамыған елдер белсіздікпен, бедеулікпен күресті күшейтіп, жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге сәби әкелуді толықтай мемлекет тарапынан қаржыландыруға басымдық беріп жатыр. Себебі, қарттар көбейіп, жастар азайған Еуропа мемлекеттерінде демографиялық дағдарыстың кесірінен тұтас ұлт жойылу алдында тұр. «Салиқалы ұрпақ-ел тірегі» екенін ұғынғандар келесі жылдан бастап репродуктивті медицинадан қаржы мен қолдауды аямақ емес.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу