Белсіздік пен бедеулік белең алып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белсіздік пен бедеулік белең алып тұр

26.04.2019

«Адамның бір қызығы бала деген, баланы әлпештейді ана деген»... Бұл өлең жолдарынан қазақ халқының сәби сүйіп, ұрпақ жалғастыруды өмірдегі үлкен бақытқа теңегенін аңғаруға болады. Өкінішке қарай, ерте заманда ата-бабаларымыз білмей келген бедеулік қазір белең алды. Елімізде әрбір алтыншы жас отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып барады. Неге? Белсіздік пен бедеуліктің көбеюіне не түрткі? Оның емі бар ма? Мамандар не дейді?

Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеу деген ауыр дертті арқалап жүр. 4 жыл бұрын 7 мыңға жуық адам ұрпақсыз қалса, былтыр бұл көрсеткіш 8 мыңға жеткен. Яғни, жыл сайын 350 адам бедеулік пен белсіздіктің шырмауына түсіп отыр.

Бедеулік - тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Қазақстанда әр алтыншы отбасы сәби сүю бақытынан айырылған. Яғни, әйел – бедеу, еркек – белсіз. Үлкен кеселдің құрығына түскендердің бірі – Шынар Тоқтарбаева. 8 жылдан бергі арманы – нәрестенің тәтті иісін иіскеп, шырын тілін есту. Балалы болу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Әзір, нәтиже жоқ.

Шынар Тоқтарбаева, Астана қаласының тұрғыны:

- Бала болса болды бізге. Ата-ана болу - біздің арманымыз.

Екі жастың отау тікеннен кейінгі тілегі – бала өрбіту, ұрпақ әкелу. Егер үйленген жас жұбайлар 1 жылдың ішінде балалы болмаса, оларға ресми түрде бедеу диагнозы қойылады.

Жұпар Кәрібекқызы, акушер-гинеколог:

- Қабыну процестері. Қабыну әйелдерде көп қой. Гармондардың ағзада дұрыс мөлшерде болмауы.

Ғалымдардың дерегінше, қыз-келіншектердің бедеулікке шалдығуының 80%-ына түсік жасату себеп болған. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Десе де, бедеулік мәселесіне бір әйел кінәлі емес бүгін.

Ернұр Айнаев, уролог-андролог:

- Қазіргі статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы отбасылардың 16% бедеулікке шалдыққан. Бұрын еркектердің белсіздігі 30-40% еді. Қазір 50%.

Ғаламда соның ішінде бізде аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал, екеуінің де денсаулығының дімкәстігі болса, онда 40%-да бала болмайды. Емделуге тек әйел келеді, ал ер-азаматтар тек­серілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Ал, еркектер сауна-моншадан сақ болғаны жөн.

Еркектердің ұрығының бір миллилитрінде 60 млн-дай ұрық болады. Бүгінде сол ұрық 30 млн-ға азайған. Бұлай жалғаса берсе, ерлі-зайыптыларға ЭКО да жәрдем ете алмай қалуы ықтимал.

Алмас Ибрагимов, «Экомед Астана» медициналық клиникасының директоры:

- Кейбіреулері бірінші мүмкіндігінде көтеріп жатса, кейбіреуі екіншісінде. Тіпті, 5-6, одан да көп рет жасап жатқан жанұялар бар. Бұл - қиын фактор.

Жалпы, бедеуліктің факторлары аз емес. Оның бірі экология, адамның қозғалыссыз өмір сүру салты, кеш үйлену, өзін-өзі шектеу сияқты себептері көп. Ерлі-зайыптылар мүмкіндік болса, 35 жасқа дейін бала мәселесін шешіп алуы керек. Жас ұлғайған сайын ұрықтың да сапасы нашарлап, генетикалық тұрғыдан әлсіреп, жатырға тоқтауы қиын болмақ. «Бедеулік пен белсіздіктің алдын алу жолдары бала кезден басталуы керек»,- дейді мамандар.

Жұпар Кәрібекқызы, акушер-гинеколог:

- Бұрын бедеулікке шалдыққан 25-30-дан асқан әйелдер келетін. Қазір, 20-дан асқан қыз-келіншектер келеді.

Бедеулік ұлтымыздың басты демографиялық мәселесіне айналғалы қашан. Қазақтың өсуі тежеліп отыр. Мәселен, Тәуелсіздік жылдары елімізде демографиялық ахуал анағұрлым жақсы еді. 27 жылда 9 млн-ға жуық сәби дүниеге келді. Азаттық алған тұста халықтың саны 16 млн адам болса, қазір 18 млн-нан асып отыр. 90-шы жылдардың ортасында туу көрсеткіші 200 мыңның шамасында болса, соңғы жылдары көрсеткіш 400 мыңнан асты. Алайда, 2017 жылы туу көрсеткіші шамамен 10 мыңға төмендеген.

Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Өйткені біз «бесігіміз бос қалмасын» дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу