Басты Жаңалықтар Үкімет бюджет туралы Заңды Парламенттің төменгі палатасына тапсырды

Үкімет бюджет туралы Заңды Парламенттің төменгі палатасына тапсырды

Үкімет бюджет туралы Заңды Парламенттің төменгі палатасына тапсырды

Енді елдің ең басты қаржы құжатын сөз қылалық. Осы қаржы десе елеңдеп, елпеңдесіп қаламыз. Бұл – біздің жалақымыз, зейнетақымыз, жәрдемақымыз, шәкіртақымыз.

Айналадағы елдерді шекарадан басыңызды қылтитпай-ақ, күнделікті ақпарат құралдарынан көріп отырсыз. Қайырсыз үкімет. Бос қазына. Алақан жайған бала-шаға. Жұмыссыз жүнжіген жастар. Күйініп ішкен мастар. Міне, сықпыт осы төңіректе. Олардың жанында шүкір жағдайымыз.

Ақордадағы ресми қабылдаулардан кейін елдің ең басты қаржы құжатына қарай ойыссақ. Оның үстіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысын  қабылдаған кезде елдің әлеуметтік секторын әсте әлсіретуге болмайтынын қадап, қатты тапсырған.

Үкімет бюджет туралы Заңға Президент пәрмен берген талаптарды түгел енгізіп, осы аптада құжатты Парламенттің төменгі палатасына тапсырды. Енді бюджет туралы заңды қос палата өкілдері екі ай бойы мұқият қарап, кем-кетігін түзеуі тиіс.

Осыдан сегіз жыл бұрын қазына қаржысы 1 триллион теңгеге жеткенде қазақ «бізде қашан мұндай қаржы болып еді», деп тамсанған. Сәтін салса, келер жылғы бюджеттің шығыстары 7 триллион 307 миллиард теңгеге жетпек. Бұл сөз жоқ даму, толағай табыс, үлкен жетістік.

Бірақ бір нәрсе анық. Ол – бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігі. Бұрынғы жылдары бюджетке баррелінің бағасын 100-110 долларға дейін болжап бекітетін Үкімет оны келер жылы 90 доллар деп жоспарлаған. Әрі келер жылғы бюджеттің кірістерін де кеміткен. Оған енді халықаралық қауымдастықта қалыптасқан ахуал себеп.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Экспорт пен импорт көлемдерінің төмендеуіне байланысты ол кірісті 146 миллиард теңгеге төмендетеді. Мұнай өндірудің төмендеуі 83 миллион тоннадан 81,8 миллион тоннаға дейін азаюына әкеледі.

Бюджеттің бір бүйірін салық толтыратынын білесіз. Бірақ, біздегі алым-салым 2009 жылы қабылданған Кодекс бойынша жүргізіледі. Оның олқы тұстары көп. Соның кесірінен елдегі алып өндірістердің қосымша құн салығы бюджеттің есебінен төленеді. Ал бұл аз ақша емес. Жарты триллион теңгеден асады.

Батпан құйрықты байқаған депутаттар салықтық жеңілдік дайын өнім шығаратындарға ғана жасалуы тиіс. Ал құр шикізат сататындарға жеңілдік жасаудың қажеті жоқ, - дейді.

Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз шикізатты ешқандай қосымша құн қоспаса да, экспортқа жіберсе, соған қосылған құн салығын қайтарып береміз. Металлды Қытайға аударғандарға да, теріні Түркияға аударғандарға да, мұнайды экспорттап жатқандардың бәріне қосылған құн салығын қайтарып береміз. Біз көтергендегі мәселе осыны қашан қарастырамыз?

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Әр елдің, әр мемлекеттің қосылған заңдарында бар, ең басында инвесторларды шақырғанда сондай нормалар енгізілген-тұғын. Оған енді бірден өзгерісті енгіземіз деп жұмыс бастадық. Бірақ, әлі оны бітірген жоқпыз.

Баға бағынбай барады. Қоғамның парқын білетіндер, базардың нарығын білмейді. Әйтпесе, әл-ауқат деп аталатын әлді қордың жарғылық капиталын қазына қаржысымен толтырудың қажеті қанша? «Самұрық-Қазынаны» айтамыз. Ал қор болса, қосымша бөлінетін 67 миллиард теңгені құрылысы аяқталып қойған Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржолына жұмсаймыз деп отыр.

Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалға, бүгінгі таңда теміржолдың билеттері, ұшақ билеттерінен артық болмаса, кем емес. Мен кеше қызығып, Шымкентке пойызбен бара қояйын деп сұрасам, билет 26 мың теңге тұрады екен. Ұшақ 22-30 мың тұрады.

Сонда ол неге өзінің тапқан пайдасынан жасауға тиіс емес?  Жарайды, құрылыс салуға біз бердік миллиардтап, енді ол құрылысты пайдаланып жатыр. Олар табыс тауып жатыр. Неге ол инфрақұрылымдарын өзі істемейді? Неге біз оны беруміз керек?

Алдағы үш жылға арналған бюджеттің мақсаты - әлеуметтік-экономикалық саланы әлсіретпеу. Үкімет макро-экономикалық тұрақтылықты сақтап, салық саясатын шикізаттық емес секторды ынталандыратындай етіп жүргізбек.

Жұртты «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы», «Қолжетімді баспана», ауыл шаруашылығы мен индустрия салаларында сауықтыру шаралары одан әрі жалғасады. Ал Президент тапсырмасы бойынша әлеуметтік төлемдердің көлемі кемімей, керісінше, келер жылы шәкіртақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметтің «Б» корпусындағылар мен азаматтық саладағылардың жалақысы артады.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру өз деңгейінде болып отыр. Атап айтатын болсақ, «Қолжетімді баспана» бағдарламасына 178 миллиард теңге қаражат, «Ақбұлақ» бағдарламасына да тиісті қаражат бөлінуде, өңірлерде мектептерді салуға қазіргі таңда 72 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, өңірлердің берген ұсыныстары толық қанағаттандырылып отыр. Осы бюджетті қарау барысында біз осы әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөлуді қарастырамыз.

Еліміздің ең басты қаржылық құжаты Парламентке енді ғана келіп түсті. Оның әр бабы жұмыс топтары мен комитеттің, тіпті, фракциялардың отырыстарында мұқият қаралады.

Ал халық қалаулылары болса, қазіргі тұрмысты тұралатпау үшін қажетті түзетулерді құжатқа қалай да енгізуге бір кісідей атсалысамыз, деп алақандарын ысып отыр.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Бөлісу