
Жемқорлықтың жегі құрт екенін айта-айта жақ талды. Қазір сол жегі құртты жеңіп, Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швециялар дамыған мемлекетке айналды. Олармен экономика жағынан теңесуге бізге әлі ерте болғанымен, пара алып пара беру жағынан олардан «озып» тұрмыз.
Сондықтан, экономиканың әлеуетін арттыру үшін ең алдымен қазақ қоғамы дендеген осы бір дерттен айығуы керек. Әйтпесе, заңды құрметтемей, белес бағындырамын, деу бекер болар.
Біздің елде жемқорлық әсіресе, әкімшілік жүйеде көп кездеседі. Сондықтан, оны жою үшін кешенді бағдарлама керек. Ал ол құжатты «Нұр Отан» партиясы елдегі басқа да саяси күштер мен қоғам белсенділерінің талқысына салып, қағаздағы тың бастамаларға жан біте бастады.
Жемқорлық жойылмай, азаматтық қоғам алға баспайды, кері кетеді. Себебі, оның кесірі жетеді. Келешегіңді бұлыңғыр етеді. Бұл індеттің осындай опасыздығы барын білетін біздің билік парақорлықпен бар пәрменімен күресіп-ақ келеді. Бірақ, нәтиже шамалы.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабылеттілік индексінің рейтингісінде Қазақстанда бизнес жүргізуге жағымсыз әсер ететін аса проблемалық фактор - сыбайлас жемқорлық. 15 ең проблемалық фактордың ішінде сыбайлас жемқорлықтың үлесі басым. «Трансфорнцентрнэйшл» 2013-жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша әлемде 177 елдің ішінде 140-шы орында тұр.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Әлемнің ең дамыған 30 елінің өзгелерден басты айырмашылығы - күнделікті қарым-қатынастардан туындайтын «тұрмыстық жемқорлықты» жойып, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыра алғандығында.
Елбасымыздың Қазақстанды барынша дамыған 30 елдің қатарына қосу жөніндегі сөзінің мағынасы да осында. Яғни, мемлекеті азаматына кедергісіз орта ұсынған, ал, азаматы заңды құрметтейтін, билікке сенетін, өмір сапасы жоғары қоғам құру.
Бизнеске бөгет көп. Мұны Президент кез келген ортада айтып жүр. Айтып қана қоймай, кеселдің жолын кесу үшін түрлі тексерулерге тыйым салып, салықтың салмағын жеңілдеткізіп отыр. Бірақ, жемқорлық тек кәсіпкерлік саласын ғана емес, біздегі барлық жүйені дендеген.
Сағынтаевтың айтуынша, дерт әсіресе - сот жүйесінде, құқық қорғау саласында, тұрғын-үй құрылыс шаруашылығы мен жер телімдерін тіркейтін мекемелерде өршіп тұр.
Ғани Қасымов, Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі:
Қазір бізде жемқорлардан гөрі сыбайлас жемқорлықпен күресетіндер көп. Алайда, нәтиже мәз емес.
Коалицияның отырысында жемқорлыққа қатысты көкейкесті мәселелер көп айтылды. Соның бірі - жең ұшымен жалғасу жекешелендіру науқанына да жеткен. Әйтпесе, елімізде осымен үшінше рет өткізіліп отырған шараға қатысты ақпаратты айтқызбау кімге керек дерсіз?!
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үш жүзден астам нысанның жекешеленетіні жарияланды. Оның 28-і жекешеленді. Бірақ, қай нысан, қандай бағаға, қандай шарттармен жекешеленгені белгісіз. Сұрасаң, коммерциялық құпия, дейді. Құдай-ау, мемлекеттің меншігі жекеге сатылып жатқанда, қайдағы коммерциялық құпия?! Бұл барлық азаматтарға қатысты ақпар ғой.
Демократиялық күштер әзірлеген стратегияда жаңалық көп. Біреуін ғана айтайық. Мәселен, сіздің шаштаразыңыз бар. Бірақ, кіріс жоқ. Шығындарын төлеп, шаш етектен қарызға батқанша, оны дәмхана немесе дәріхана қылғыңыз келеді. Ол үшін талай табалдырықты тоздырып, рұқсат алу керек. Аласұрып жүгіресіз. Уақыт күтпейді.
Ақыры шаруаны бітіру үшін біреудің аузын майлайсыз. Өйткені, онсыз шаруаң бітпейді. Ал жаңа құжатта мұндай былыққа жол жоқ. Меншігіңдегі нысанды дүкен қыласың ба, дүңгіршек қыласың ба, өз еркің. Тек қауіпсіздік шараларына қатысты заңдарды қатаң сақтасаң болды. Қалғанының сенімен шаруасы болмайды.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Қызмет көрсету саласында әкімшілік кедергілер, субъективті факторлар барынша азайтылуда. Яғни, қарапайым жұртшылық қажетті құжаттарға бір терезе жүйесімен қысқа уақыттың ішінде қол жеткізуде.
Анықтамалардың бірқатарын электрондық үкімет арқылы адами факторсыз алуда. Сонымен қатар, төлемдердің кейбірін электронды түрде атқаруда. Мемлекеттік органдар тарапынан берілетін рұқсаттардың саны қысқартылуда. Елбасының тапсырмасына сай ол алдағы жылы тағы 50 пайызға қысқартылатын болды.
Қаржы полициясындағы құрылымдық өзгерістен хабардар боларсыз. Осы күнге дейін қарап қалмай, талайды қақпанға түсірген құзыретті орган өзгеге өнеге көрсетуге көшпек.
Қарамағындағы қаптаған департаменттерді жауып, кадрға қойылатын талап пен жауапкершілікті күшейткен. Көз қысып, көңіл жықпас үшін емес, жемқорлықтың тамырын түбегейлі жою үшін.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ана министрді ортырғызды, мына әкім тұтқындалды, мына лауазымды қызметкер мысалы сотталды. Оның бәрі күнделікті болып жатқан дүние. Оған бір жағы мына біздің қазақстандықтардың құлағы да үйреніп кеткен секілді. Бірақ, ол өкінішке қарай, анау сыбайлас жемқорлықтың негізін қозғап отырған жоқ. Сондықтан, біздің мақсатымыз - мына қылмыстылықтың негізіне, тамырына жету.
Жемқорлықтың дендеуіне қарапайым азаматтардың өздері де кінәлі кейде. Себебі, құқықтық сауатымыз төмен. Сондықтан, шаруам бітсе болды деп, көп дүниеге көз жұма қараймыз.
«Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен әзірленіп жатқан стратегия болса, бұлай босаңсуға жол бермек емес. Керісінше, жемқорлықтың алдын алып, құжаттың құзыретін күшейтуге қоғамның кез келген мүшесі бір кісідей атсалыса екен, деп отыр.
Айбек ҚОБДАБАЙ
