
Біздің Аpta.kz-тің тұрақты айдарына осы жолы безілдеткен бензин жайына қатысты елдің батыстағы біраз көлік жүргізушісі хабарласты. Көрермендер хатының қысқаша мазмұны былай.
«Қымбатты «Apta.kz» ұжымы! Біз секілді шекаралас аймақтарда бензин жетпей жатыр. Сол себепті, кей өңірлер бензиннен газға көшіп жатыр, деп естиміз. Оны орнату жағы қалай, қауіпті емес пе? Бағасы қалта көтере ме? Сондай-ақ, АИ-92 маркалы бензин тағы да қымбаттайды деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты шын?», делінген. Алда бензин қымбаттай ма, оны Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің өзі айтсын.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Мен осы жақында бір рет болжам айтамын, деп аузым күйген, өздеріңіз білесіздер. Осы шекті бағаның қанша уақыт тұратынын мен қазір нақты айта алмаймын. Бірақ 1-2 аптаның ішінде көреміз осы баға нарыққа мұнай әкелетін компанияларға жеткілікті болатын болса, онда өзгеріс болмауы керек.
Әріге тереңдемейік. Соңғы 3 жылда біздің елде бензин бағасы 4 рет өсіпті. 2012 жылы ақпанда АИ-92 маркалы бензин -102-106 теңге, сол жылы сәуірде 106 - 112 теңге, былтыр қазанда 112-115 теңгеге көтерілген. Қазір - 128 теңге.
Бензин құны құбыла қойған жоқ әзірге. Ұзақбай Қарабалин көңілімізді жұбатты. Айтуынша, бұл баға ТМД елдерімен салыстырғанда, едәуір төмен. Мәселен, осы күні Ресейде АИ-92 -159 теңге, Украинада - 231, Арменияда - 206, Грузияда - 219, Беларусьте - 176, Өзбекстанда - 150, Әзірбайжанда - 140 теңге.
Бағаның өсуі үнемі қызметтік көлікпен жүретін шенеуніктерге сезіле қоймас-ау, ал былайғы жұрттың арқасын аяздай қарып отырғаны анық. Қарабалин бұл қымбатшылықты әдеттегідей Ресейдің нарығындағы ахуалмен байланыстырады.
Сонымен, бензин тапшылығынан кейінгі жағдай нешік? Біреулер керемет көліктерін арзан көлікке айырбастауға көшкен-мыс. Енді бірі арзан көліктерін сатып, велосипедке мінген-мыс.
Өзге өңірлер түгілі мұнайлы облыстағы ахуал осындай. Жүз қаралы көлік тізілген. Тәртіп сақшыларының өзі бензин кезегінде тұр. Ертесіне тағы сондай көрініс. Талоны барлар бензин құяды. Талоны жоғы көліктің жанында көңілсіз жүр. Сабыры жеткені газет оқып кезегін күтті.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Жүк тасып жүрген көліктердің көбі біррет бензин құйғанда жарты тоннадан, кейде тіпті көп алады. Сондай машиналардың көбіне 5-10 тоннадан кетіп қалады.
Бензин бағасы 13 теңгеге өсті. Өскен бойда кей кәсіпкер қалтаны қағып қалуға көшті. Үкімет белгілеген бағаны қанағат тұтпай, өз қалауынша белгілегендер Орал өңірінде анықталды.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Қазір кәсіпкерлер қандай бағаға сатып алады, біз оны тергемейміз. Оны қай бағаға алса да, сату тек әйтеуір белгіленген 128 теңгеден аспау керек.
Бірақ, асып кетті. Құныққан жанар-жағармай станциялары АИ-92 маркалы бензинді 145 теңгеден сатқан. Қазір оларға он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бас прокуратураның қырына ілікті.
Баға тұрақтағанмен, жағдай тыншыған жоқ. Бензин әлі жетпейді. Қазір елдегі бензин қорының көлемі 95 мың тонна. Бұл ішкі сұранысты толық қамтымайды, дейді сарапшылар. Ал, экономист үнемге үндейді.
Бауыржан Исабеков, экономист:
Дамыған елдерге барсаңыз, үнемді көліктер мінуге тырысады. Көлемі 1,8, 1,6 дегендей. Бізде менталитет пе қалай, Қазақстанға келсеңіз, барлығында үлкен-үлкен джиптер.
Сол үлкен көлігін үйге қаңтарып, велосипедке мінгендердің бірі - Жанат Аймағанов. Бензин бағасы қалтаны қаққан соң, соңғы уақытта жұмысқа мінетін көлігін өзгертіпті.
Жанат Аймағанов, инженер-бағдарламашы:
Көлігім күніне 16-17 литр жеп қояды. Тиімсіз, сөздің шыны керек. Мен ескі қалада тұрамын. Жұмысқа жетуге 15-20 минут кетеді. Егер автобуспен келсем, жарты сағат кетеді. Ал көлігіммен 35-40 минут жүремін. Кейбір кездері бір сағат.
Көлемі үш болатын күші көп көліктер 100 шақырымға 16-17 литр «сіміретін» болса, есептей беріңіз. Бұрын 17 литр бензинді 1955 теңгеге құйдырып келген Жанат ағамыз енді 2176 теңгесін шығындайды.
Жанат Аймағанов, инженер-бағдарламашы:
Меніңше, бұл баға тоқтамайды. Ресейдің өзінде бір литр бензин бізше 150 теңге. Еуропада қымбат. Түркияда тіптен қымбат. Бір литр бензин төрт жүз теңге.
Бұрын осы көлікті менсінбейтін едік. Қазір осыған күніміз қарап қалды. Амал жоқ енді. Бензин тапшылығы бірін велосипедке мінуге мәжбүрлесе, ал, мына Жәнібек қымбат көлігін сатып, қып-қызыл «Жигулиге» отырыпты. 92 құйып үйренген қол 80-ді құярда шатаса береді.
Жәнібек Молбосынов, Астана қаласының тұрғыны:
3 көлемді көлік мінгенмін. Бензин қымбаттаған соң, оны мінуге шама келмей қалды. Сол себепті, базарға барып, осы көлікті алдық. Яғни, АИ-80 маркасына келетін, соған көнетін көлік. Мына көлікті алғалы қалтамызда сәл де болса, тиын- тебен қалып жатыр.
Ал, Әнуардың газға көшкеніне көп болған жоқ. Жүрісі көп жігіт қазір көлігіне газ жабдығын орнатып, ызғытып жүр. Ақшасының қалтасында қалары көп, газының айналаға залалы жоқ.
Әнуар Сейітханов, Астана қаласының тұрғыны:
Бағасы 48 теңгеден. Бензиннен үш есе арзан. Бензинді 128 теңгеден құйып, қалтадан ақша кетіп жатты. Сосын амалсыз газға көштім. Газ қойғаныма еш өкініп жатқан жоқпын.
Қазір Қазақстанда 466 бекет көлікке газ толтыра алады. Ең көбі - Маңғыстауда. 122 станция. Солтүстік Қазақстанда - 70, Қарағанды облысында - 47. Ең азы Шығыс Қазақстанда. Онда 7-ақ орын бар. Биыл 21 жанармай бекеті газ құю үшін қайта жабдықталмақ.
Бауыржан Исабеков, экономист:
Мен өзім жақында Сингапур, Корея, Ганконг елдерінде болдым. Ол жерде мысалы, қоғамдық көліктердің 90 пайызына дейін, мемлекеттік көліктердің 95 пайызына дейін газбен жүреді.
Бұл тенденция әлемге келе жатыр. Мысалы, мына Қытайда газды пайдалануды зерттеген. Егер 100 шақырымға 80 юань кететін болса, егер газды пайдалансаңыз, 20 юань кетеді екен.
Газға көшкендер бізде де көбейе бастады, дейді санайғақ. Газ баллон орнатқан 2808 көлік СҚО көшелерінде жүр. Одан кейін Алматы облысы. 1711 көлік. Алматыда 1424 көлік тіркелсе, Керекуде 52 көлік газбен жүреді.
Тиімділік мынада. Егер сіз 128 теңгеден 50 литр бензин құйсаңыз, 6400 теңге шығындайсыз. Егер 50 литр газ құйсаңыз, қалтадан 2400-ақ теңге шығады.
Варвара Гутченко, газ баллон жабдығын орнату жүйесінің жетекшісі:
Бұрын бізге аз хабарласатын. Бензин бағасы қалай өсті, қоңырау шалушылар көбейді. Ең сапалы деген газ баллон жабдықтарын Италия мен Польшадан әкелеміз.
Кез келген көлікке баллон қоюға болады, бірақ, бағасы көліктің циллиндр саны мен сыртқы көлеміне байланысты өсіп отырады. Газ қою жұмысы бізде 165 мың теңгеден басталады.
Астаналық газ баллон орнататын бұл компанияда қазір жұмыс қауырт. Соңғы айларда жүзге жуық көлік қабылдап үлгеріпті. Қосалқы дөңгелегі астында орналасқан көліктерге мынадай осы заманғы баллон қойылады. Ал, артқы бөлікте орны бар көлікке кәдімгі көз үйренген баллон қойылады.
Нұркен Тілеубаев, газ баллон жабдығын орнату жүйесінің бас механигі:
Мысалы, біз күніне 4-5 көлік шығарамыз. Қазір төртінші буын. Қауіпсіздік шаралары сақталған. Бүгінде мультиклапанның өзінде үш клапан бар. Магистральді, газ құю және қауіпсіздік клапаны. Бұрын жаңадан дамып жатқан кезде мұндай мультиклапандар болмаған. Барлығы есептелген. Сондықтан, газдан қорқатын ештеңе жоқ.
Сонымен, газ баллон орнату бағасы әр аймақта әр алуан. Мысалы, Оралда 130-160 мың теңгенің аралығында. Петропавлда 120-150 мың теңге шамасы. Ал, Астанада 170-300 мыңның арасы. Барлығы баллонның сапасы мен орнатуына байланысты.
Арман мен Ерлан газ орнату бөлімінен көңілдері тұнжыраңқы шықты.
Ерлан Керімбеков, Астана қаласының тұрғыны:
Газға көшейік десек, оны орнатудың өзі қымбат болып отыр. 200-250 мың теңге.
Арман Битурин, Астана қаласының тұрғыны:
Көшкім келеді. Күнделікті бензинге кеткен екі мың теңге, үш мың теңге ақша білінбейді. Ал, газ қоюға ынта бар, бірақ қаражат жағы қиын.
Сонымен, көлік жүргізушілері бензинмен жүрсе де, газбен жүрсе де, өз қалаулары. Бірақ, бір анығы Атыраудағы, Павлодардағы, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуді тезірек бітірмей, қазақтың жанармай нарығы әлі де Ресейден келетін бензинге тәуелді бола бермек.
Мейіржан ӘЛІБЕК
