Еңлік мектепке барады. Бірінші қыркүйек, бірінші сынып. Ақ бантик, қызыл сөмке, мектепке қажеттінің бәрі дайын. Енді ол Ақкерім әпкесімен ілесіп, күнде сабақ оқиды, тіпті кішкентай сіңлісі де оның сабаққа жиналуына көмектесіп жүр. Еңлік алғашқы қоңырауда айтатын тақпағын әлдеқашан жаттап алса да, қайталай береді. Мектепте мүдіргісі жоқ.
Еңлік Бұғыбай, 1-сынып оқушысы:
Сан да санай аламын,
Түрлі сурет саламын,
Толды жасым жетіге,
Мен мектепке барамын.
Елдегі білім ошақтары жаңа оқу жылына толық дайын, деп мәлімдеді министрлік. Биыл мектепке баратын оқушылардың жалпы саны – 2 миллион 600 мың. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 69 мыңға көп. Сүйінші хабарды министр Аслан Сәрінжіпов жеткізді.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Мамандардың мәліметінше, бұл үрдіс алдағы жылдары да сақталуы тиіс. Яғни, жыл сайын контингент шамамен 50 мыңға артып отырады.
Биыл елімізде 277 мың 575 бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 76 жаңа мектеп ашылады. Елдегі демографиялық өсімді біліммен толық қамтуға мүмкіндігіміз жетеді, дейді министр.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Биыл 150 мектеп бітіретін боламыз. Жыл сайын 100-ден астам мектеп салынатын болса, министрлік тарапынан осындай қаражат бөлетін болсақ, алдағы 5 жылда толық шешеміз.
Жаңа оқу жылына – жаңа мектеп. Бұл - елордада салынған әзірге тұңғыш физика-техникалық лицей. Білім ордасы 1200 баланы қабылдайды.
Құралай Байтәжікова, Астана қалалық №73 физика-техникалық лицейінің директоры:
Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалынған, деп сеніммен айтуға болады. Оқу кабинеттері жарық, кең. Соңғы технологиялармен жабдықталған. Лингафондық кабинеттер мен түрлі зертхана бар.
Әлемдік стандарттарға сай мектептер – сапалы білім беруге міндетті. Халықаралық рейтингтер жүйесінде қазақстандық білім индексінің жоғарылап келе жатқаны соның айғағы.
ЮНЕСКО-ның мәліметінше, Қазақстан білімді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 елінің алғашқы «төрттігіне» енді. Бұл рейтингте біздің ел ТМД елдерінен оқ бойы озық тұр.
Меруерт Бегімбай, ұстаз:
Білім беру саласындағы үлкен жетістіктер біздің қазақстандық шәкірттердің бүкіл әлемдік ғылыми жобалардан, пәндік олимпиадалардан үлкен жетістіктерге жетуі, Қазақстанның көк байрағын әлемге танытуы, осыдан 20 бұрын 90-шы жылдардың басы, тіпті, 2000 жылдардың бас кезінде де бізде ондай нәтиже болған жоқ.
«Білім реформасы нәтижелігінің басты көрсеткіші - еліміздің әрбір азаматы сәйкес білім және біліктілік ала отырып, әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маман бола алатын деңгейге қол жеткізу. Біз әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беруге қол жеткізуіміз керек». Н.Назарбаев.
Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада ел намысын сәтті қорғап келеді. Оған дәлел, биыл физика пәнінен өткен 45-ші Халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 3 алтын және 2 күміс медалін жеңіп алды. Сондай-ақ, биыл Кейптаунда ұйымдастырылған «Халықаралық математикалық олимпиада-2014» білім додасында біздің оқушылар 6 медальді қанжығаларына байлап қайтты.
Меруерт Бегімбай, ұстаз:
Қазіргі күні Қазақстанды қаншалықты мұнайымен, көмірімен, темірімен басқа мемлекеттер таныса, соншалықты балалардың білім деңгейімен де басқа мемлекеттер танып-біліп жатыр. Ол да осы ұстаздардың еңбегі. Мектептің, білім беру ұйымдарының жақсы ұйымдастырылып жатқанының нәтижесі, деп ойлаймын.
Шәкірттің жеңісі – ұстаздың мерейі, мұғалімнің еңбегі. Олай болса, мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттыру маңызды іс.
Жаңыл Жонтаева, Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:
Бүгінгі күні 294 мың ұстаз бар. Соның 16 мыңнан астамы 3 деңгейлі білімін көтереді, 47 мыңдай қысқа мерзімді курстардан өтеді.
Білімді дамыту – болашаққа салған инвестиция. Қазір білектінің емес, білімдінің заманы. Жақсы білімге ұмтылған ел ұтылмайды. Себебі, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім ғана.
Гүлжан МАРҚАБАЙ