Басты Жаңалықтар Президентке қазақстандық IT стартаптар таныстырылды

Президентке қазақстандық IT стартаптар таныстырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Президентке еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектке негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныстырылды. Кездесуге жалпы құны 1,4 миллиард доллар болатын 20-дан аса стартап өкілі қатысты.  Мемлекет басшысы жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті. Кездесуде Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы да ақпарат берілді. Кремний алқабында орналасқан бұл орталық Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.

Әсет Әбдуәлиев, Silkroad innovations технология хабының негізін қалаушы:

Біз стартап иелеріне Америка нарығына шығуға көмектесеміз. Соңғы екі жарым жыл ішінде үш жүз елуден астам стартаптар біздің хабтың құрамына кірді. Олардың жалпы құны үш миллиард доллардан асады. Әрі олар жүз миллион доллардан астам венчурлық инвестиция тартты қазірдің өзінде. Біз бұл сан өседі деп есептеп отырмыз. Әрі құны миллиард доллардан асатын сыңармүйіз көптеген компаниялар пайда болады деп үміттенеміз. Бұған Хиксфилд компаниясы айқын мысал.


Бөлісу