Жекешелендірудің екінші толқыны экономикаға не береді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жекешелендірудің екінші толқыны экономикаға не береді?

20.04.2014
Жекешелендірудің екінші толқыны экономикаға не береді?
Нарықтың барлық субъектілерінен мемлекет шығуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан бір апта бұрын өткен инвесторлар кеңесіндегі тапсырмасы естеріңізде болар. 2009 жылы қаржы дағдарысы қысқпаққа алған уақытта мемлекет Ұлттық қордан ақша бөліп, жекенің меншігіндегі активтерді қолдады.
 
Негізі ол мәжбүрліктен барған қадам болатын. Өйткені, дәл сол кезде мемлекет қаржы құймаса, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан алып қаржылық құрылымдар тайғанақтай бастады. Еркімен жіберсе, ел опық жеуі бек мүмкін еді.
 
Ендігі ахуал бөлек, тұрақтылық пен өсім қайтып, жеке сектор күш алды. Мұндай кезде мемлекеттің активтерді басқаруы тиімсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жекешелендірудің екінші толқыны басталатыны туралы мәлімдеуі содан. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл процеске белсене қатысып, оның анық та ашық жүруін қамтамасыз етуі керек. Сонымен, жекешелендірудің екінші толқыны дегеніміз не?
 
Жекешелендіру - жеке бастың шаруасы емес. Мемлекеттік маңызы бар іс. Президент инвесторлар кеңесінің отырысында осы шараның екінші кезеңін өткізуді Үкіметке тапсырған.
 
Атқарушы билік айға жеткізбей арнайы бағдарлама жасады. Мақсат - ұлттық компаниялардағы тиімсіз активтерді сатып, бәсекелестікті күшейту. Үкімет мұндай шараны бірқатар компанияларда бұған дейін ішінара жүргізіп те үлгерген.
 
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы:
Былтыр біз барлығы 400-ден астам тиімсіз активтер мен ысандарды бәсекелес ортаға бердік. Олардың қатарында медициналық мекемелер, түрлі шаруашылықтар мен қонақүйлер бар.
 
«Самұрық-Қазына» қоры жақында өзіне қарасты 599 нысанға сараптама жүргізген. Енді соның 200-ден астамын жекешелендірмек. Олардың арасында акция пакеті 100 пайыз мемлекетке қарайтын нысандармен бірге, басқа да бірлескен кәсіпорындар бар. Бірақ, мемлекет стратегиялық маңызы бар нысандарды ешқашан сатпайды. Тек оларды басқарудың тетіктері жетілдіріледі.
 
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы:
Басқарушы директор деген қызметтің біраз түрі түгел жойылды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорындардағы басқарма төрағалары деген қызмет қысқарып, олар басқарма мүшелері болып қалды. Осылайша, кейбір компаниялардың ішінде қайта құрылымдау жүргізіліп жатыр.
 
Жекешелендіру - жаппай сату науқаны емес. Саналы түрде сараланған сала экономикаға сәл де болсын пайда әкелуі шарт. Қазір «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы жекшелендірудің екінші кезеңінен шамамен 10 миллиард долларға жуық табыс табуды жоспарлап отыр.
 
Мұратбек Мұхамбеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Жекешелендірудің екінші кезеңі ел экономикасына ақша береді. Мына квазимемлекеттік кәсіпорындар дейтін, мемлекеттің көп кәсіпорындарын «Самұрық-Қазына» сияқты ұлттық акционерлік қоғамдарда ұсталып тұр. Соның ішінде 20-30 пайызы қаражатты  тиімді пайдаланбай жатыр.
 
Жекешелендіруге кез келген бизнес өкілдері қатыса алады. Әрі осы науқанның аясында «Халықтық IPO» бағдарламасы да жүзеге асады. Ең бастысы, мемлекет экономиканың көлеңкелі бетіндегі қаржы айналымын анықтап, оны ашық нарыққа шығаруы тиіс.
 
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жекешелендіру арқылы біз қазіргі тиімсіз жұмыс істеп жатқан кейбір кәсіпорындардың жұмыс ритімін өзгертіп, экономикалық даму жолына көшсек деген ой бар.
 
Жекешелендіру біздің елде бұған дейін бірнеше мәрте жүргізілген. Тек қаржылық дағдарыс кезінде жекенің меншігіне өткен кейбір кәсіпорындар тұралап қалғандықтан, Үкімет оларды кері қайтарып алуға мәжбүр болды.
 
Енді мемлекет кезінде осындай кәсіпорындарға өзі шығарған шығынның орнын толтыруы керек. Бірақ, қандай нысан болмаса да, кез келген кәсіпорынның ішкі ісіне мемлекеттік құрылым араласпай, шын бәсекенің дамуына мүмкіндік берсе, жекешелендірудің жемісі мол болмақ.
 
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кейбір дүниелерді мемлекеттік басқарудан алыстатылуы нарықтың заңы жан-жақты қолданылуы керек, деп білемін.
  
Айбек Қобдабай, тілші:
Сарапшылар жекешелендірудің екінші кезеңі ел экономикасына тиімді болуы үшін алдымен барлық үрдіс ашық болуы тиіс дегенді айтады. Яғни, бармақ басты, көз қыстыға жол жоқ. Бұл орайда тұрғындарға Үкімет тарапынан көрсетілетін қызметті жедел әрі сапалы жеткізуге міндетті мекемелерге жүктелетін жауапкершілік зор. Сонымен қатар, науқанға қатысушыларды шынайы әрі нақты ақпаратпен қамту да оңай шаруа емес. Ендеше ел өмірінде елеулі оқиға саналатын шараға ақпараттық дайындық қай деңгейде деген мәселені біз бүгін сіздермен бірлесіп талқылау үшін «Зерде» ұлттық холдингінің департамент директоры Дархан Мұхатовты әңгімеге тартпақпыз.
 
-Дархан Маратұлы, әңгімеміздің әлқисасын «Зерде» ұлттық холдингі қызметінің негізгі бағыттарынан бастасақ.
 
-Қазіргі кезде біздің басты бағыттарымыздың бірі - мемлекеттік органдарда «G-cloud» бұлтты технологиясын енгізу. Сондай-ақ, бар кемшіліктерді жою үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы заңнамаларды жетілдіру, стандарттар әзірлеу. Сонымен бірге «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру.
 
- Мемлекеттік қызметтер тақырыбын аша түссеңіз, электрондық үкіметтің артықшылықтары туралы не айтуға болады?
 
-Біз халыққа мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде электронды үкіметтің порталы жүзеге асырылады. Мұнда халық мемлекеттік органдарға бармай-ақ, үйде немесе жұмыста отырып, кез келген мемлекеттк қызметті ала алады. Бұл қызметтің бір ерекшелігі - жемқорлықтың алдын алу, уақыт үнемдеу деген сияқты мәселелерді шешіп отыр. 2013 жылы электронды порталда 1 миллион 200 мың адам тіркелген. Яғни, бұл экономикалық белсенді халықтың 12 пайызын құрайды.
 
-Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтерді жетілдіріп, түрлі кедергілердің жолын кесуді Үкіметке ұдайы тапсырып келеді. Бұл ретте қандай істер атқарып жатсыздар?
 
-Бұл бағытта біз бір орында тоқтап қалмай, істі одан әрі жалғастырып жатырмыз. 2013 жылы порталға 500 мың адам тіркелсе, қазір олардың саны 1,5 миллионға жетіп отыр. Порталда 121 мемлекеттік қызмет түрі электронды түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, 49 сервис, яғни, коммуналдық төлемдерді, жол ережесін бұзған жағдайда төленетін айыппұлдарды, мемлекеттік баж салықтарын төлеуге болады. Лицензиялар бойынша 81 қызмет түрі көрсетіледі.
 
-Бүгінгі таңда бүкіл әлемде электрондық коммерция үлкен қарқынмен дамып келеді. Елімізде осы бағыттағы жұмыстың жайы қалай және оны дамыту үшін қандай шаралар қолданылуда?
 
-Электрондық коммерцияны дамыту бойынша Астана экономикалық форумы шеңберінде биыл 19-20 мамыр күндері «ASTEX-2014» конференциясы өтпек. Мақсат – нысаналы аудиториялар. Ол - «B2B», «B2C» және «B2G». Конференцияға қаржылық институттар, жеке ұйымдар, Қазақстан және ТМД елдерінің тұтынушылары қатыса алады. Мұнда электронды төлемдер, «Open Data», «Open Servise», «Ақылды индустрия», «Ақылды орта» сынды мәселелер қаралатын болады.
 
-Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу