Қыс қаһарына мінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыс қаһарына мінді

02.03.2014
Қыс қаһарына мінді

Ақпан кетіп, наурыз келді. Кей өңірлерде жылымық жел соғып, көктемнің лебі есті, кейбірінде қыстың дәурені әлі біте қойған жоқ. Қаһарына мініп тұр. Өзіңіз білесіз, арқаның қысы қатты, қашанда. Оның қыспағына төтеп беру үшін қапысыз қамдану қажеттігі бесенеден белгілі.

 
Осы аптада Қостанай облысындағы Мереке ауылы 5 тәулік бойы сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Абырой  болғанда, жапа шеккен ешкім жоқ, оқиға оңымен аяқталды.
 
Алдымен бір жарым күннен соң, жолда қалған жеті адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Ал, бес тәуліктен соң қар астында қалған  техникалар мен екі түлік аман-есен ауылға жеткізілді.
 
Әрине, бұл бір ауылға ғана қатысты қатысты оқиға емес. Жолы уақытында тазартылмай, Мерекедегі тәрізді мезгіл-мезгіл байланыссыз қалатын елді мекендер баршылық.
 
Қатынасты қамтамасыз етуге тиісті мекемелер мұндайда бар кінәні ауа райына артып, ақталуды әдетке айналдырған. Дегенмен, осы жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерден де келеңсіз жайттар туындап жатады.
 
Төрехан Шаяхметов Әулиекөл кентінен сатып алған сүтті тұқымды екі сиырын жүк көлігіне тиеп, 21-ші ақпан күні ауылына бет алды. Жол шеті Наурызым ауданындағы Мереке елді мекені. Бірақ діттеген жеріне жете алмады.
 
Негізгі даңғылдан бұрылып, ауылға бет алғанда, боран күшейіп, барлығы төрт техника қар астында қалады. Жолаушыларды долы боранның тұтқынынан, шақырумен жеткен құтқарушылар алып шықты. Ал техника мен шаруаның қыруар қаржыға сатып алған екі сиыры далада қалды.
 
Төрехан Шаяхметов, Мереке ауылының тұрғыны:
Үстіне жабу жауып кеттік. Көрпе, киіз, бәрін соған жаптық. Айтады ғой қазақ, «байтал түгілі, бас қайғы», деп. Мал емес, бас қайғы болып кетті.
 
Мерекеліктерді мезі еткен облыстық дәрежедегі Қостанай-Жалдама даңғылынан бұрылып ауылға апаратын осы 31 шақырымдық қашықтық. Мұндағы қатынасты қамтамасыз ету ауданға жүктелген.
 
Ал ауданда тендерді ұтып, жолды тазалауды мойнына алған мекеме де бар. Бірақ, биыл қыс олар мұнда бірде-бір рет төбе көрсеткен жоқ. Мерекенің жолын аршуды мердігер жергілікті қожалыққа жүктепті. Есесіне келісімшарт жасап, жанар-жағармаймен қамтып отыруға уағдаласқан.
 
Ернар Омар, шаруа қожалығының жетекшісі:
Мереке аулына 31 шақырым жолды «Омаров» қожалығы өз күшімізбен аршып жатырмыз. «Сырымбет» шаруашылығынан көмек болған жоқ. Келісімшарт жасаспады. Бір рет 300 литр жанармай берді, оның өзін айғай-шумен алдық.
 
Мырзағазы Мұттақов, кәсіпорын жетекшісі:
2 тонна берілді. Кеше автогрейдер мен роторға тағы бір тонна жібердім. Абзал Омаров деген жігітке. Олармен келісімшарт жасауға уақыт болған жоқ. Біз өзіміз осы жұмысты өтінішпен алдық қой мойнымызға.
 
Мерекеге бармаса да, Мырзағазы Мұттақовтың жұмысы басынан асып жатқанын көз көрді. Раздольный, Буревестник, Өлеңді ауылдарына дейінгі 200 шақырымнан астам қашықтықтың қарын механизаторлары 4 күнен бері тынымсыз аршып жүр.
 
Ал кәсіпорын жетекшісінің жол тазалауды аудан басшылары өтінген соң амалсыз мойнына алғанын әкімнің өзі растап отыр. Себебі, желтоқсан айында екі рет қатарынан жарияланған тендерді мүлде басқа облыстағы мекемелер ұтқан.
 
Талғатбек Даиров, Наурызым ауданының әкімі:
Олар бағаны төмен қояды. Сосын келеді. Келіп, көрген соң, шошып кетеді, жұмыс істемейді. Сосын біз өзіміздің жеке кәсіпорындарға айттық, қар аршуға тендерге шығыңдар деп. Сонымен, бір кәсіпорын шығып, жұмыс істеп жатыр. 
 
Яғни, аудандық деңгейдегі жолдарды тазалау жұмысын тендерлік жүйемен жүзеге асыру тиімсіз. Басқасын былай қойғанда, тендерді жеңіп алған жергілікті кәсіпорындардың өзінің техникасы ескі, жеткіліксіз.
 
Сондықтан, жол тәрізді стратегиялық маңызы бар нысанды мемлекеттік мекемелердің қарауына берген жөн дейді мамандар. Әсіресе, Дәмді тәрізді күре жолдың бойында тұрған елді мекенде жолшылардың арнайы бөлімін ашу аса қажет-ақ.
 
Сағындық Оразбаев, Дәмді ауылының әкімі:
Қыс мезгілінде көліктер көбіне осы ауылда қалып қойып жатады Ана жақтан келгенше біраз уақыт өтеді. Ал олар 150 шақырымнан жай келеді. Сондықтан біздің ұсынысымыз - мұндай проблема болмау үшін Дәмдіден участок ашу керек.
 
Дәуренбек Жансейітов, Қостанай облыстық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Қазір ондайға келу үшін өте көп қаржы қажет. Бір ротор мысалы 26-27 миллион теңге. Жекелер оны сатып ала алмайды.
 
Жүзеге асыруға мүмкіндік болмаса да ұсыныстың дұрыс екенін мамандар да мойындайды. Талап бойынша бір бригада күніне 50 шақырым жерді аршуы керек.
 
Яғни, олардың орналасу қашықтығы да осындай болуы тиіс. Ал қазіргі жағдайда әр бригаданың арасы 100 шақырымнан да артық. Хош. Облыстық маңызы бар 2208 шақырым жолды қардан аршып, қатынасты қамтамасыз етуге биыл 100 миллион теңге бөлініпті. 186 техника күндіз-түні дамылсыз жұмыс істейді. Соның өзінде қалың түскен қардың кесірінен қатынас үзіліп қалатын кездер аз емес.
 
Дәуренбек Жансейітов, Қостанай облыстық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Сарыкөл мен Ұзынкөлдің жарты жолы орман арасымен өтеді. Сол жер қиындау. Ұзындығына келсек, Әулиекөл - Жалдама 250 шақырым, Арқалық - Торғай 288 шақырым. Қар көп жауды биыл. Қамысты, Жітіқарада жол жағдайы қиын болып отыр.
 
Байбатыр Ахметбеков, Торғай кентінің тұрғыны:
Шалғай аудан - Жанкелдин ауданында тұрамын. Іссапармен облыс орталығына келіп тұрамыз. Боранда жол қиындығын көреміз. Өткенде Аманкелді ауданында боранның салдарынан екі күн жаттық.
 
Мереке аулына бес тәуліктен соң ғана жол ашылды. Арқаның аязына сіресіп қатқан қарды қақыратып бұзу үшін осынша уақыт кетті.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Төрт бірдей көліктің қар астында қалған орны міне, дәл осы жер. Куәгерлердің айтуынша, үйілген қардың биіктігі жүк көлігімен бірдей болған. Әйтеуір, оқиға сәтті аяқталды. Техниканың бәрі қардан аршылып, аман-сау ауылға жеткізілді.
 
Төрехан Шаяхметовтің де бүгін көңілі көтеріңкі. Отбасымен есен-сау қауышты. Ең бастысы, жүк көлігінің үстінде қалған екі сиыры дін-аман екен. Қазір жылы қорада тұр.
 
Әйтсе де, жол қатынасының қиындығынан ауылдан көшіп кетушілер көп. Кезінде 2,5 мың адамы болған елді мекендегі тұрғындар саны қазір 500-ге де жетпейді. Былтыр ауылдық әкімдік те жабылды. Ықшамдау үшін бұл дұрыс та шығар. Бірақ, түгін тартсаң майы шығатын қасиетті мекенді қаңыратып тастауға қалай қиярсың?
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу