Басты Жаңалықтар Банктер ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты

Банктер ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты

Банктер ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұған бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден,  базалық мөлшерлеме өскен сайын несие де қымбаттай түседі. Банктер пайыз шарықтаса, тұтынушылар қарызын төлей алмай қалады деп қауіптенеді. Екіншіден, 1-қарашада күшіне енетін талаптарға сәйкес, қаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20 пайыздан асыра алмайды. Яғни, өздері несиеге берген соманың үстінен жыл сайын тек осынша пайда көреді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Бұл банктерге тиімсіз. Сондықтан жаңа тәсілдерді қарастырып жатырмыз. Соның ішінде алғашқы жарнаны 20-30 пайыз емес, 50 пайызға көтеру де қарастырылып жатыр. Сондай-ақ ипотеканы ұзақмерзімге емес, 5 жылға беру мәселесі де талқыланып жатыр.

Ал экономистердің айтуынша, ипотека талаптарының өзгеруі тұрғын үйдің арзандауына ықпал етеді. Бірнеше айдан кейін баға тұрақталып, банктер жаңа ипотекалық бағдарламаларды іске қоса бастайды. Сондықтан баспананы биыл емес, келесі жылдан бастап алсаңыз ғана тиімді болады. Ал алғашқы жарна ретінде жинап қойған қаржатыңыз болса, оны депозитке салған дұрыс, дейді қаржыгерлер.  Өйткені, базалық мөлшерлеменің өсуі  жылдық сыйақы көлемін ұлғайтады. Демек, қаражатын депозитке отандық валютамен салған азаматтарға екінші деңгейлі банктер енді жылдық 19-20 пайыз мөлшерінде сыйақы төлейді.

Бауыржан Ыcқақ, экономист:

Базалық ставканың өсуінің бір үлкен артықшылығы бар. Теңгелік депозитпен шот ашқандардың дәурені жүретін уақыт нағыз. Екінші деңгейлі банктерде 18 емес, бірден 20 пайызға дейін депозитті теңгемен көтеруге болады.


Бөлісу