Басты Жаңалықтар 7 мыңнан астам адам бала асырап алу үшін кезекте тұр

7 мыңнан астам адам бала асырап алу үшін кезекте тұр

Елімізде 7 мыңнан астам адам бала асырап алуға кезекте тұр. Ал балалар үйінде 3700-ге жуық жәудіркөз тәрбиеленіп жатыр. Үміткерлердің дені баланы сәби кезінен асырап алғысы келеді. Бірақ бөбектер үйінде дені сау нәресте жоқтың қасы. Бала асырап алудың жолдары қандай? Бұрынғыдай қағазбастылық әлі дендеп тұр ма?

Оралда 25 жылдан кейін қауышқан ана мен баланың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. «Перзентханада өлдіге» санаған нәрестені 2000 жылдары америкалықтар асырап алғаны анықталды. «Өлгені тіріліп, өшкені жанған» ана әлі есін жия алмай жүр. Мұхиттың ар жағындағы қызы Грэйспен телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Ол 2000 жылы 24 шілдеде дүниеге келген. Кесір тілігімен ауыр босанған соң, дәрігерлер баланы бауырына салмай, алып кеткен.

Қарлығаш Атошева, ауыл тұрғыны:

Кесарь тілігі арқылы босандым. Содан кейін баланы көрейін десем, әйнектің ар жағында жатыр екен. Аузына бірдеңе қыстырып қойған. Үшінші күні барып қарасам, әйнектің ішінде бала жоқ. Сол кезде бір орыс медбике келді. Содан сұрадым «Бала қайда?» - десем, «Өліп қалды» деді. Мен «Өліп қалса, сүйегі қайда?» - деп сұрадым. Үндемеді, теріс айналып кетіп қалды. Сосын маған «шығасың» деді. Мен шығып кеттім. Ешқандай қағаз да, құжат та қолыма берілген жоқ. Қазір шок жағдайында жүрмін, әлі өз-өзіме келе алмай жатырмын.

Оқиғаға қатысты «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 2019 жылдан бері шетелдіктерге бала асырап алуға тыйым салынған. Қазір өзге түгілі өзімізге де асырап алатын сәби жетпей жатыр. Облыс бойынша 42 адам кезекте тұр. Олардың дені баланы сәби кезінен асырап алғысы келеді. Ал «Мейірім» бөбектер үйінде асырап алуға болатын бір ғана бала бар. Басқа он шақты нәресте бұл жерді уақытша паналаған. Жәутеңкөз сәбилерге тәрбиешілер бар мейірімін төгіп, айналып-толғанады. Ата-ана жоқтығын білдірмеуге тырысады.

Гүлнар Сүндетова, облыстық «Мейірім» бөбектер үйінің дәрігері:

Тағдырдың тәлкегіне түскен осы балаларға ана жылуын, құшағын бергіміз келіп, сол жолда бар күшімізді саламыз. Біздің ең бірінші жұмысымыз – балалардың өз отбасын табуына көмектесу және қоғамға бейімдеу.

Ал балалар ауылында 26 бөбек тәрбиеленіп жатыр. Оларды 8 тәрбиеші бағып-қағады. Отыз жыл бұрын Оралда он шақты балалар үйі бар еді. Қазір тек біреуі қалған. Бағдат Бердіғалиева 28 жылдан бері жетім балаларға аналық мейірімін төгіп келеді.

Бағдат Бердіғалиева, отбасылық Үлгідегі балалар ауылының тәрбиешісі:

Қазір менде 8 бала тәрбиеленуде. Ұлдар бәрі. Балалар өте жақсы. Тәртіпті. Біздің отбасынан екі ұл бала кетті. Екеуінің де ұлты орыс болғанымен, өздерінің қалауымен қазақ мектебіне барды. Асырап алып кеткен ата-анасымен байланыстамын. Қол үзбеймізміз олармен. Бізден кеткен балалар әлі біздің баламыз болып санала ма, жүрегімізде сөйтіп қабылдаймыз әлі.

Жетім баланы қамқорлыққа алудың бірнеше жолы бар. Заң бойынша баланы асырап алуға, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге немесе баланы қабылдайтын кәсіби отбасыға беруге болады. Бала асырап алу үшін небәрі 9 құжат керек. Өтініш, жеке куәлігі, туысқандар келісімі, табысы, неке, тұрғын үйі, соттылығы, денсаулығы туралы анықтамалар. Және психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат. Оны 3 ай оқып, білім беру бөлімінен алуға болады.

Елімізде 111 балалар мен бөбектер үйі бар. Оларда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3700-ге жуық бала тәрбиеленеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біреулер бір перзентке зар болса, біреулер шаранасын қоқысқа тастап, одан құтылғысы келеді. Мұндай оқыс оқиғалар жыл сайын тіркеледі. Тірі қалғандарын желіде жұрт асырап алуға таласады. Ал еліміз бойынша 7 мыңнан астам адам бала асырап алуға кезекте тұр. Ендеше, далада жатқан бала жоқ. Әр сәби ананың ыстық құшағына, әкенің аялы алақанына зәру.

Ал қаскөйлердің кесірінен қызынан тірілей айырылған ана тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы. Тіпті істі жылы жауып тастай ма деп қауіптенеді. Көмек сұрайды.

Қарлығаш Атошева, ауыл тұрғыны:

Сатқандарына, шынымен де. көзім жетіп тұр. Маған сол кісілерді тауып, алдыма әкеліп көрсетсе деймін. Мейлі, қарт болсын, жас болсын. Менің 25 жыл өткен өміріме бірдеңе істесін.
Бөлісу