Ресейде шатырлы лагерьдегі өрттен 4 бала қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде шатырлы лагерьдегі өрттен 4 бала қаза тапты

23.07.2019

Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі балалар лагерінде болған өрттен қайтыс болғандар саны 4-ге жетті. 11 жастағы қыз апат орнында тіл тартпай кеткен. Ал екі оқушы қыз бен ер бала ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, бірнеше сағаттан соң көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқан жасөспірім достарын өрттен құтқаруға көмектескен. Алайда денесін күйік шалып, ащы түтіннен есінен танып қалған. Сонымен қатар зардап шеккен тағы 3 бала мен 5 ересек ем қабылдап жатыр.

Өрт жергілікті уақытпен түнгі сағат 2 жарымда басталды. «Холдоми» туристік кешеніне қарасты шатырлы лагерьде 7-ден 15 жасқа дейінгі 189 бала демалып жатқан. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, 240 шаршы метр жерді шарпыған өрттен 26 шатырдың 20-сы толықтай жанып кеткен. Оған жылытқыш жабдықтың тұтануы себеп болуы мүмкін.

Құзырлы органдардың хабарлауынша, шатырлы лагерь заңсыз жұмыс істеп келген. Сонымен қатар, 226 балаға арналған демалыс орнында одан екі есе көп жолдама сатылыпты. Қазір демалыс орнының бастығы мен лагерь директоры қамауға алынды. Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Виктор Скударнов, құтқарушы:

Қазір «Холдоми» базасының аумағында тергеушілер мен полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өрт себептері анықталуда. Лагерьде барлығы 189 бала болған. Қазір олар курорттың басқа корпустарына орналастырылды. Балалармен мамандар, психологтар жұмыс істеп жатыр.

 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу