Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея арасында дау туды. Жапония қорғаныс министрлігі аталған екі мемлекетті «елдің әуе кеңістігін бұзды» деп айыптап отыр. Оқиға Оңтүстік Корея мен Жапония арасындағы даулы аймақта болды. Ресейдің және Қытайдың бомбалаушы ұшақтары Токто аралының маңайындағы Жапон теңізінің үстінен ұшып өткен. Бұған Сеул «елдің әуе кеңістігіне рұқсатсыз кірді» деп, жойғыш ұшақтарын аспанға көтерді. Сонымен қатар радиохабарламадан кейін, 20 сигналдық ракета жіберіп, ескерту ретінде 360 оқ атқан.
Жапония болса, аталған аралдың өзіне тиесілі екенін айтып, Ресеймен қоса, Оңтүстік Корея әрекеттерін де сынады. Сонымен қатар екі елдің дипломатиялық өкілдіктеріне наразылық жариялады.
Дегенмен Ресей барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр. Елдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұшақтар Жапон теңізіндегі бейтарап аймақта ұшқан.
Айта кетсек, Жапония мен Оңтүстік Корея арасында орналасқан Токто аралдар тобы Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Кореяға өтті. Дегенмен Токио мұны «заңсыз басып алу» деп, аталған аумақты өз жерінің бір бөлігі ретінде таниды.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ