Ресейдің Хабаровск өлкесінде балалар лагерінен өрт шығып, 11 жастағы қыз қайтыс болды. Тағы 9 бала зардап шегіп, ауруханада жатыр. Олардың үшеуі ес-түссіз, ауыр халде.
Оқиға жергілікті уақытпен түнгі сағат 02:30-да болды. «Холдоми» туристік кешеніне қарасты шатырлы лагерьде 7-ден 15 жасқа дейінгі 189 бала демалып жатқан. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, өрт 240 шаршы метр жерді шарпып, 26 шатырдың 20-сы толықтай жанып кеткен. Оған жылытқыш аспаптың тұтануы себеп болуы мүмкін.
Құзырлы органдардың хабарлауынша, шатырлы лагерь заңсыз жұмыс істеп тұрған. Сонымен қатар, 226 балаға арналған демалыс орнында одан екі есе көп жолдама сатылыпты. Қазір тергеу комитеті оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ